Польшадағы көмір өнеркәсібі дағдарыс алдында тұр. Импортталатын өнімнің құны елдегі кен орнынан шыққан көмірден әлдеқайда арзан. Нәтижесінде, өндірістің ауқымы азайып барады. Оның үстіне, «жасыл» энергетикаға көңіл бөлу де отқа май құя түсті.
Осыған байланысты таяуда Польшада мыңдаған адам шеруге шығып, Лазиска-Гурнедегі кен орнына баратын темір жолды жауып тастады. Наразылардың талабы біреу – Ресейден импортталатын арзан көмірге тыйым салу.
Жұмысшылардың алаңдауына негіз бар. Қазіргі таңда көмір өнеркәсібі – елдегі энергетиканың негізгі көзі. Еуропаның көптеген еліне жеткізілетін «қара отын» Польшадан барады. Сондай-ақ осы салада еңбек ететіндер саны шамамен 100 мың адам. Алда-жалда көмір өндірісі тұралап жатса, талай тұрғын жұмыссыз қалмақ.
Еуропалық одақтың 2050 жылға арналған климат жөніндегі келісіміне сәйкес, ұйымға мүше мемлекеттер зиянды газ бөлетін отын түрін қолданудан мүлдем бас тартуы керек. Алайда Польша бұл келісімнің үдесіне шыға алмайтын секілді. Өйткені бұл саланы тоқтату ел экономикасына оңай тимейтіні айтпаса да белгілі.
Ендеше, Анджей Дуда бастаған шенеуніктер көмір өнеркәсібіне қол ұшын созбаса, жағдай ушыға түсуі әбден мүмкін. Қазіргі таңда Польшада «қара отынның» тоннасын өндіру үшін 70-80 доллар қаражат кетеді. Ал Ресейден келетін көмір тоннасының құны – 60 доллар. Осылайша, импортталған отын ел аумағының түкпір-түкпіріне жеткізіліп, отандық көмір тау болып шахталарда жатыр.
Жағдайдың қаншалықты күрделілігі мынадан байқалады. Алдыңғы жылы Польшада 19,3 миллион тонна көмір сырттан әкелінген. Былтыр отандық кен орындары өндірген 4,5 миллион тонна көмір шахтада қалған. Яғни бұл көрсеткіш 2018 жылмен салыстырғанда екі есеге артыпты.
«Польша кеншілер тобы» (PGG) компаниясының кәсіподақтар ұйымын басқарушы Прземислав Скупиннің сөзіне қарағанда, пайдаланылмаған көмір кәсіпорынның қаржылық жағдайына орасан нұқсан келтіріп отыр. Айта кетерлігі, PGG – Еуропадағы ең үлкен көмір өндіретін, 40 мың адамды жұмыспен қамтыған алып компания.
«Жығылғанға жұдырық» демекші, импортталған өнімнің арзандығына ауа температурасы да қосылды. Былтыр желтоқсанда Польшада күн жылынды. Халық қаңтарда да сақылдаған аяз көрген жоқ. Мұның бәрі, әрине, көмір өнеркәсібіне кері әсер етіп, өнім көлемінің азаюына әкеліп отыр.
Көмірден шыққан осы дау ел президенті Анджей Дуда бастаған «Заң және әділдік» ұлттық партиясының (PiS) абыройына нұқсан келтірмек. Өйткені PiS билікке келгенде экономикалық және саяси бағдарламасында көмір өнеркәсібіне ерекше көңіл бөлетінін айтып, уәде берген.
Биыл мамырда Польшада президенттік сайлау өтпек. А.Дуда саяси бәсекеде тағы да бағын сынап көрмек. Сайлауда жеңіске жету үшін шахтерлердің қолдап дауыс беруі ауадай қажет.
Ел билігі наразы шахтерлердің мәселесін шешу үшін барын салуға кірісіп кетті. Қазірдің өзінде орталық көмір депосы ашылып, артылған «қара отын» сонда апарылуда. Аталған қоймаға миллион тонна көмір сыяды. Қазірдің өзінде депоға 300 мың тонна өнім жеткізілген.
Бірақ мұндай қадамның түйткілді қалай шешетіні түсініксіз. Көмірді қоймаға жеткізу, түсіру, тиеу құнын қосқанда, оның тоннасының құны жоғарыда айтылған 70-80 доллардан әлдеқайда асып кетуі мүмкін. Қорыта айтқанда, көмірден шыққан қара бұлт Польшаның басына үйіріліп тұр.