• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Спорт 10 Ақпан, 2020

Ардақ Назаров: Біздің буын жастарға жол ашты

2296 рет
көрсетілді

Елімізде жауынгерлік өнердің өркендеуіне Алаштың мақтан тұтар ұлы Ардақ Назаровтың айрықша үлес қосқаны анық. Ол – ережесіз жекпе-жектен әлемнің үш дүркін чемпионы, панкратион мен бушидодан әлем кубогының иегері, Еуразия мен Азия біріншіліктерінің жеңімпазы. Джиу-джитсу мен қоян-қолтық айқастан да бірқатар биік белестерді бағындырды. Сонымен қатар айтулы азамат өскелең ұрпақтың сыртқы сауытының мықты болуына мән беріп қана қоймай, оларды үнемі таным мен тағлымға баулып, отансүйгіштік пен имандылыққа тәрбиелеуде. Жуырда Алматы шаһарында Ардақ бауырымызбен жүздесудің реті келді.

– Ардақ, сіз үлкен спортпен қош айтысқаныңыз жайында ресми түрде жария еткен жоқсыз. Алайда, айқас алаңынан көрінбегеніңізге біраз жыл­дың жүзі болды. Қателеспесем, соң­ғы жекпе-жегіңізді осыдан сегіз жыл бұрын өткіздіңіз емес пе?...

– Иә, дәп солай. 2011 жылы Лас-Вегаста АҚШ пен Қазақстан құра­малары арасында матчтық кездесу өтті. Сол жарыста мен Дэйв Курчейнді бірінші раундта ұрып жықтым. Содан бері айқас алаңына шыққан жоқпын.

– АҚШ пен Қазақстан құрама­лары арасындағы сол бәсеке қалай аяқ­талған еді?

– Біздің жігіттер 4:1 есебімен же­ңіске жетті. Сол команда сапында менен бөлек, Бекнар Аманбаев, Қазыбек Әшімов, Бейбіт Назаров және Нариман Мұсаев өнер көрсетті.

– Ол кезде 31 жаста едіңіз. Бұл – кәсіпқой спортшылар үшін на­ғыз кемелденген шақ. Ал сіз сүйік­ті ісіңізден қол үзіп қалдыңыз. Осын­дай қадамға саналы түрде бардыңыз ба, әлде біз білмейтін басқа да себептер болды ма?

– Әу бастағы арманым асқақ еді. Кемінде әлемнің бес дүркін чемпио­ны атануды көздедім. Алайда, бәрі біз ойлағандай бола бермейді екен. Оның үстіне, шамамен сол уақытта Алматыда қазақтың біраз дарынды жігіттерінің басын қосып, спорт клубын аштық. Оған «Әлем файтерс» деген атау бердік. Ондағы мақсат – жас жеткіншектер мен жалындап тұрған жастардың еш алаңсыз жаттығуына барынша жағдай жасап, артымыздан ерген інілерімізге үлкен ареналарға жол ашу. Себебі кезінде біз қиындықты көп көрдік. Тоқсаныншы жылдары елімізде ережесіз жекпе-жекке де­ген қазіргідей қызығушылықтың бол­мағаны баршаға аян. Қамқорлық та кемшін еді. Бапкерім Сағатбек Мұ­саханов екеуіміз жаттығу жасау үшін жөні түзу жер таппай, Алматының әр қиы­рын шарлағанбыз. Қара күз бен қақаған қыста ашық аспан астында даярландық. Есік-терезелері сы­нық, қабырғалары қисайған, то­зығы жеткен әскери бөлімшеде жат­тықтық. Орта мектеп пен колледж­дер, түрлі мекемелер, институттар мен университеттердің қуықтай залда­рын да сан мәрте жалға алдық. Біз­ден кейінгі жастар осындай азапты көрмесін деп, кәсіби спорт клубын аштық. «Әлем файтерстің» тұсауы кесілгеннен кейін клуб басшысы ре­тінде бүкіл ауыртпалық маған түс­ті. Даярлық процесі мен оқу-жат­тығу жиындарын өткізу, дүбірлі додаларды ұйымдастырудан бастап, спортшылардың шет мемлекеттерге шы­ғуға қажетті құжаттарын дайындау, оларды қонақүйге орналастыру және тағы басқа көптеген шаруамен тікелей өзімнің шұғылдануыма тура келді. Осылайша спорттық мансабымды жалғастыруға мүмкіндік болмай, нағыз кемелденген шағымда сүйікті ісімнен қол үзіп қалдым.

– Жалпы, ережесіз жекпе-жектен өткен жарыстарда қанша кездесу өт­кізіп, соның нешеуін өз пай­да­ңызға шештіңіз?

– Барлығы 25 рет айқас алаңына шы­ғып, 22 мәрте жеңіске жеттім. 20 бәсекені мерзімінен бұрын аяқтадым. Екі рет ұтылып, тағы бір кездесуде тең есеп тіркелді.

– Өзіңізді есіңізде ерекше сақ­тал­ған кездесу?

– Барлық бәсекелер күні бүгінгідей көз алдымда. Қазір де кіммен қалай айқасып, қандай тәсіл қолданғанымды сіздерге еш жаңылмай айтып бере ала­мын. Ал менің жадымда ерекше сақталғаны – 2004 жылы Ресейдің Хаба­ровск қаласында өткен әлем ку­бо­гы жолындағы жарыс. Ақтық сын­да мен Артур Умахановқа қарсы шық­тым. «Киллер» деген лақап атпен та­нылған спортшы соңғы екі-үш жыл аясында ешкімге есе жібермеген екен. Оның үстіне спорт кешенінде қаптаған кавказдықтар. Ал біз екеуміз ғана: бап­керім және мен. Айқас алаңына шық­қаным сол еді, әр бұрыштан шовинистік сипаттағы ауыр сөздер естілді. «Қазақты өлтір!», «Ит терісін басына қапта!», «Түгін қалдырма!» деген дауыстар залды жаңғыртып барады. Қаным басыма шапты. Сегіз бұрышқа жұлқынып шықтым. Біраз уақыт бір-бірімізді ала алмадық. Бірін­ші раунд бел ортадан асқан тұста қар­сыласымды жығып алдым да, ауыр-ауы­р соққылардың астына алдым. Артур­ есінен танып қалды. Төреші жек­пе-жекті дереу тоқтатты. Нокаут! Сағат­бек ағаның сол кезде қуанғанын көрсеңіз. Бапкерім мені тік көтеріп алып, рингті шыр айнала жүгірді. Ал соның алдында ғана жер тепкілеп, айбаттанып, небір балағат сөздер айтып отырған көрермендердің дауыстары сол мезетте сап тиылған еді.

– Кей спортшылардың аузынан түрлі жарыстарда өздерінен әлде­қайда еңселі, ірі, салмағы ауыр қар­сы­ластармен айқасуға тура келгені жа­йында ара-тұра естіп жүрміз. Сон­дай жағдай сіздің де басыңыздан өтте ме?

– Белгілі бір спортшыға арзан, арамза жолмен атақ алып беру үшін төрешілердің түрлі қитұрқы әрекет­терге барғанын сан мәрте көргенбіз. Бір ғана мысал, 2003 жылы Бішкекте аса ірі халықаралық дода өтті. Бас жүлдені қалай да өз қандастарына алып беруді мақсат тұтқан ұйымдастырушылар ма­ған қарсы Қанжарбек Қыдырәлиевті шығарды. Оның салмағы – 93 кило. Мен – 70 кило шамасындамын. Осындай келеңсіздікті көреген бапкерім қа­зы­лар алқасына шағымданды. Олар түк естімегендей, тас керең болды да қалды. Біз біраз дауласқан едік, қыр­ғыздар «Келіспесеңдер, ел­де­ріңе қайтыңдар!» деп әңгімені шорт кесті. Енді шегінуге жол жоқ. «Жа­­ным арымның садағасы» дедім де, тә­­уекелге бел будым. Алғашқы ми­нут­­тарда асықпай, қарсыласымның ша­ма-шарқын байқап көрдім. Сәлден кейін қарқынды күрт күшейткенім сол еді, Қанжарбек қалжырай бастады. Ақырында оны ұрып жығып, ауыр нокаутқа жібердім.

– Сіз қазақтың тағы бір қай­сар ұлы Дәнеш Дүңгенбаевпен бір мезгілде өнер көрсеттіңіз. Не­сіне жасырайық, сол кездері қос саң­лақ­тың бір-бірімен күш сынасқан сәтін көргісі келген көрермендер көп еді...

– Иә, ондай әңгімелердің айтылғаны рас. Екеуімізді жекпе-жекке шығаруға құлшынған адамдар да болды. Бірақ мен Дәнешпен айқаспайтынымды бірден айттым. Өйткені біз бұл өнер­дің қыр-сырына енді қаныға бас­таған тұста Дүңгенбаевтың даң­қы дүр­кіреп тұрды. Ол қарсы келген­дердің барлығын сыпыра ұтып жүр­ді. Өзі бақ сынаған бәсекелердің бір­де-бірінде жеңілген емес. Осы жайттардың барлығына қанық болған біз «Дәнештей болсақ қой!» деп арман­дайтынбыз. Оның үстіне, ол менен бақандай бес жас үлкен. Ал біз үлкенді сыйлайтын, қадірлей білетін қазақ деген текті халықпыз! Алаштың әрбір азаматы үшін «Аға!», «Бауыр!», «Құрмет!», «Ізет!», «Сыйластық» деген сөздер бос ұғым емес. Біз әркез өз жөнімізді, өз жолымызды білгенбіз. Алдыңғы буын ағаларымызды қадір­лейміз, қастерлейміз, алақанға салып ая­лаймыз. Мені де ата-анам осылай тәрбиеледі. Осы қасиеттердің бар­лығын бала кезімнен бойыма сіңіріп өстім. Сондықтан да, бәске ат басындай алтын тігілсе де, мен ешуа­қытта Дәнештің жағасына жармас­пайтын едім. Ал егер де әлдебір жарыста екеуіміздің жолымыз түйіскен жағдайда мен еш ойланбастан жеңісті ағама беретін едім.

– Осы әңгімеңізді ести отырып, осыдан бірер жыл бұрын Қытайда бол­ған оқиға есіме түсті. Аспанасты елінде өткен жарыста қазақтың қос өрені бір-бірімен төбелесуден бас тартқан еді ғой. Ол жайттан сіз де құлағдар шығарсыз?

– Әрине! 2016 жылдың көктемінде Шанхайдың маңындағы шаһарлардың бірінде жалауы желбіреген жарыста Қытайда тұрып жатқан қандасымыз Ғабит Тұрханбек пен біздің елден барған Айбек Нұрсейіт бас жүлдені өзара сарапқа салуға тиіс еді. Екеуі октагонға шықты. Алайда, олар бір-біріне соққы жұмсамай, еш әдіс-тәсіл қолданбай, уақыт созып жүріп алды. Соны байқаған қазылар қатаң үкімі шығарып, оларды жарыстан шеттетті. Десек те қос қазақтың бұл «тірлігіне» барша жанкүйерлер қатты риза болды. Осы орайда, мына бір жайтты айтсам, еш айыбы жоқ деп ойлаймын. Негізі бұл оқиғаның дәл осылай аяқ­талуына менің туған бауырым Бей­біттің де тікелей қатысы бар. Ғабит пен Айбек шешуші бәсекеге шығар алдында Бейбіт оларға «Жат жердің жанкүйерлерін қуанту үшін қазақтың өрімдей қос азаматы бір-бірін қан жоса етіп сабап жатқаны – ұят тірлік. Айналып келгенде, барлығымыз бі­ріміз-бірімізге бауырмыз. Қандай жағ­дай болса да, әр қазақ бір-бірін құр­меттеуі керек. Егер ақылымды тың­дасаңдар, айқаспай-ақ қойыңдар!» деп тіл қатты. Екеуі де азамат екен. Бейбіттің ақылына құлақ асқан Ғабит пен Айбек алысып-жұлыспай-ақ, мәселені «бейбіт түрде» шешті.

– Осыдан бірер ай бұ­рын аме­ри­калық «Титан» және қазақ­­стан­дық «Әлем файтерс» клуб­тарының ұйымдастыруымен Алма­тыда дүбір­лі дода өткені мәлім. Егер сол жарыс­та біздің жігіттер же­ңіске жеткенде, олар­ға UFC-ге жол ашылар ма еді?

– UFC мен «Титан» тонның ішкі бауындай араласып, бірер жылдан бері қоян-қолтық жұмыс істеп ке­леді. «Титаннан» шыққан 80-нен аса спортшының әлемдегі ең белді ұйым­ның қатарына қабылдануы осы сөзі­м­нің айқын дәлелі! Сол себепті де қазақ жігіттерінің қарым-қабілетін бай­қап көрсін деген ниетпен біз оларды Қазақстанға арнайы шақырып, керемет кештің өтуіне мұрындық болдық. «Титан» басшыларының басты назары Бейбітке ауды. Сонымен қатар Қазыбек Әшімов пен Нұржан Тұтқаның да UFC-мен келсімшарт жасасуға мүмкіндіктері болды. Сол мақ­сатқа қол жеткізу үшін қандас­тарымыз Алматыда өздерінің мық­тылығын мойындатуға тиіс еді. Бірақ бұл мүмкіндікті ұтымды пайдалана ал­мадық.

– Осы үш қандасымыздың ара­сынан көптен бері көзге түсіп жүрген Бейбіт Назаров екеніне еш­кімнің дауы жоқ. Бауырыңыздың Алма­ты­дағы жарыстың басты жекпе-же­гінде атой салуына не кедергі болды деп ойлайсыз?

– Қырсық деген аяқ астынан емес пе. Салмақ өлшеу рәсімі қарса­ңында Бейбіт қапияда жарақат алып қалды. Аяғы күп болып ісіп, сынықшының көмегіне жүгіндік. Алайда, жарыстың басталуына небәрі бір күн ғана қалғанда шыққан тобық пен шытынаған аяқты қалпына кел­тіру мүмкін болмады. Сол кезде жек­пе-жектен бас тартуға да болар еді. Бірақ біз дүйім жұрттан ұялдық. Алматыдағы жарысты ұйымдастыру үшін көп уақытымыз бен күш-жігер кетті, мол қаржы жұмсадық. Оның үс­тіне кештің басты жекпе-жегінде Бей­біт Назаровтың шығатынын алдын-ала жарнамалап та қойдық. Бәсекеге түсуден бас тартсақ, жанкүйерлер біз­ді дұрыс түсінбей қалуы да мүмкін ғой. Содан жүрексіндік. Амалдың жоқ­тығынан тәуекелге баруға тура келді. Бірақ көздеген мақсатымызға қол жет­кізе алмадық. Десек те біз ештеңеге өкінбейміз. Мойымаймыз да. Бәрі де бір ғана Алланың қалауымен жүзеге асады. Бүгін болмаса да, ертеңгі күні ол жоспар жүзеге асады. Тек бізге әлі көп еңбектену керек. Ниет пен пиғыл, талап пен құлшыныс және ұстанған бағытымыз дұрыс болса, бағынбайтын белес жоқ. Біз оған кәміл сенеміз.

– «Әлем файтерс» клубының қа­зіргі тыныс-тіршілігі қалай? Ол жер­де қанша спортшы жатты­ғуда? Өзде­ріңіздің жеке спорт ғима­рат­тарыңыз бар ма?

– «Әлем файтерсте» 100-ден аса жас өрендер жаттығуда. Олардың алды әлем чемпионы атанып та үлгерді. Түр­лі жарыстарда жүлде алып, майталман мамандардың назарына ілік­кен жеткіншектер де жетерлік. Рес­публика аумағында бірнеше турнир ұйымдастырдық. Біздің жігіттер жек­пе-жектің сан түрі бойынша шет мем­лекетерге де шығып жүр. Әзірге жеке ғимаратымыз жоқ. Жалға алған залда жаттығамыз. Алайда, кезінде қала әкімдігі тарапынан «Алматы Аре­наның» маңынан бізге біраз жер телімі берілген еді. Сол жерде әмбебап спорт кешенін салуды көздеп отырмыз. Құ­рылыс жұмыстарын бастап, бірінші қабатын тұрғызып та үлгердік.

– Ережесіз жекпе-жек өнерін серік етіп жүрген қазіргі қазақ жігіт­тері арасынан кімдердің өнері сізге ұнайды?

– Аллаға шүкір, жақсы жігіттер бар. Біздің буын өкілдері бастаған жол кейінгі жастарға жұғысты болды. Қытайдан Жұмабек Тұрсын және Ресейден Дамир Исмағұлов шықты. Олардың ізін басып қазақстандық Шавқат Рахмонов UFC-ге жол тартты. Әрине, бұл жағдай барша қазақ жан­күйерлерін қуантуда. Алдағы уа­қытта Арман Оспанов, Қайрат Ах­ме­тов, Жалғас Жұмағұлов, Қуат Хамитов, Асу Алмабаев бастаған қара­көзде­ріміздің қалың легі алыстағы Аме­рикада өздерін мойындатып жатса, бүкіл Алаш жұртының абыройы асқақ­тайтын еді...

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Egemen Qazaqstan»

 

АЛМАТЫ