Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен елордалық Достық үйі сахнасында Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуына орай «Ақ әжелер» ансамблі жеке шығармашылық кешін өткізді.
«Ақ әжелер» ансамблінің жетекшісі, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Жалғас Кеңесов көрермендерге алғысын білдіріп, ансамбльдің құрылу тарихына қысқаша тоқтала кетті.
«Қазақтың ұлттық өнерін дәріптеу мақсатында ансамбль 2012 жылы елорда төрінде құрылды. Кезінде бірі дәрігер, бірі мұғалім болған шамамен 30 шақты әже өнерлерін ортаға салуда. Болашаққа жоспарларымыз өте көп. Солардың бірі, Ақмола облысы аймақтарын аралап, концерттік бағдарламамызды барша халыққа арнау болмақ. Ел тарихына маңызды жылы кішкене де болсын үлес қосу басты міндетіміз еді. Осыған байланысты, «Аналар аманаты» көрме-залында шығармашылығымызды елорда тұрғындарына сыйлауға септігін тигізген Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясына және ұлттық өнерді бағалап келген үлкен-кішіге алғысымыз шексіз», – дейді Ж.Кеңесов.
Концертте «Ақ әжелер» ансамблі көрермендерге классикалық және қазақ композиторларының әндерімен қатар, халық әндерін тарту етті. Ал ансамбль мүшелерінің жеке орындауындағы Абайдың қара сөздері мен домбырамен сүйемелденген жыр-термелер тыңдармандардың құлақ құрышын қандырды. Әрбір шығармашылық нөмірге зор қошеметін аямаған көрермендер әдемі кештен көтеріңкі көңіл күйде тарқасты.