• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
09 Тамыз, 2013

Башқұрт та бір бауырымыз

592 рет
көрсетілді

Жуырда Павлодар облысының әкімі Ерлан Арын бастаған делегация аймақаралық ынтымақтастықты дамыту және нығайту мақсатында Башқұртстан астанасы – Уфа қаласына сапармен барып қайтқан еді. Сапар барысында олар екі ел кәсіпкерлерінің бизнес-форумына және «Ынтымақтастықтың саяси-құқықтық, экономикалық және әлеуметтік-мәдени дәлелдері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысты.

Жуырда Павлодар облысының әкімі Ерлан Арын бастаған делегация аймақаралық ынтымақтастықты дамыту және нығайту мақсатында Башқұртстан астанасы – Уфа қаласына сапармен барып қайтқан еді. Сапар барысында олар екі ел кәсіпкерлерінің бизнес-форумына және «Ынтымақтастықтың саяси-құқықтық, экономикалық және әлеуметтік-мәдени дәлелдері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысты.

Башқұртстан мен Павлодар облысы іскерлік-кәсіпкерлік орта­­сының, ғылым мен мәде­ниет саласының өкілдерінің қа­тысуымен болған кездесуде екі елдің аймақаралық байланыстарын дамыту және нығайту жөнінде кеңінен әңгіме болды. Кездесу барысында Павлодар облысының әкімі Ерлан Арын мен Башқұртстан президенті Рустам Хамитов машина жасау, металлургия, химия және мұнай-химия, азық-түлік және жеңіл өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы салалары мен инвестициялық ынтымақтастық мүмкіндіктері жайлы мәселелерді талқылады.

Жалпы, Павлодар облысы Омбы, Новосібір, Том облыстарымен, Алтай өлкесімен жақсы қарым-қатынас орнатқан. «Қазақтар мен башқұрттар алдымен рухани тұрғыда жақынбыз. Енді өзге салаларда да байланысымызды одан әрі нығайта аламыз. Бұл кездесуді болашаққа бастар алғашқы қадам деп білемін», – деді Башқұртстан президенті Рустам Хамитов.

Біздің облыстың өндіріс сала­сындағы белсенділігі жоғары екені белгілі. Сондықтан, баш­құрт кәсіпорындарымен ынты­мақтастықта жұмыс істеуге дайын. Сапар барысында Павлодар қаласының әкімдігі мен Уфа қаласы әкімшілігінің арасындағы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық бағыттардағы, мәде­ниет, білім беру, спорт салалары және жастар мәселелері бойынша ынтымақтастықты дамытуға қатысты хаттамаға қол қойылды.

Башқұртстан мұнай-химиялық жобаларды іске асыруда. Осыған байланысты облыс орталығындағы кальцийленген сода зауытының құрылысы жобасын іске асыру бойынша «Қазсода» ЖШС мен «Башкирская химия» ААҚ арасындағы бірлескен жұмыс жөніндегі меморандумға да қол қойылды. «Бұл жетекші жоба болады деп сенемін. Өйткені, оның құны жарты миллион долларды құрайды. Башқұртстандағы ірі компаниялардың тәжірибесі біз үшін аса маңызды», – деп атап өтті Ерлан Арын.

Сондай-ақ, Павлодар мұ­най­химия зауыты мен Уфа мем­лекеттік мұнай университеті ара­сындағы ынтымақтастық туралы меморандум да бекітілді. Қазіргі таңда еліміздің 300 студенті Уфа­ның жоғары оқу орындарында білім алуда, көпшілігі мұнай университетінде оқиды. Бұлардан бөлек Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты мен М.Акмулла атындағы Башқұртстан мемлекеттік педагогикалық уни­вер­ситеті арасында көлемі 2 миллион долларды құрайтын келі­сімшарт жасалды.

Делегация мүшелері Уфа қаласындағы «Ақ бата» қазақ ұлттық мәдениет орталығының өкі­лдерімен де кездесті. Башқұрт­станда 4 мыңнан астам қандасымыз тұрады екен. Облыс әкімі Ерлан Арын қазақ диаспорасының өкілдеріне киіз үй, қазақтың ұлттық киімдері мен музыкалық аспаптарын, 200-ден астам кітап пен қазақ авторларының шығармалары жазылған 100 дискіні сыйға тартты.

Фарида БЫҚАЙ,

«Егемен Қазақстан».

Павлодар облысы.