• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 10 Ақпан, 2020

Жер игерілсе, игілік молаяды

213 рет
көрсетілді

Сулы, нулы Қорғалжын ауданында 157 мың гектар жер мақсатқа сай пайдаланылмай отыр.

Аудан аумағы 931 097 гектар жерді құрайды. Егістік көлемі 200 мың гектарға жуық, ал, жайылымы 381 704 мың гектар шамасында. Мұнда әсіресе, шабындықтар мол. Нақтылап айтатын болсақ, 637 2016 гектар алқап. Осының өзінде 157 мың гектар жер мақсатқа сай пайдаланбай, бос жатқаны анықталды. Оның 24 мың гектары үкіметке кері қайтарылды. Қалған жерлер бойынша қожайындары табылып, тиісті ескертулер берілді.

Өңір экономикасын дамыту мақсатында Қорғалжын ауданының 123 463 гектар жеріне дәнді дақылдар себіліп, оның 110 мыңнан астам гектары орылған. Әр гектардан орташа есеппен 7,4 центнер өнім алынды. Жоспарланған 60 500 тонна шөп көлемі толығымен 100 процентке орындалған.

– Биыл ауа райының қолайсыздығына байланысты егін шаруашылығында кейбір қиындықтар туындады. Бірақ соған қарамастан, келесі жылға тұқымды астық пен техникамызды сақадай сай дайындап отырмыз,– дейді аудан әкімі Берік Жанбаев.

Үкімет тарапынан көрсетіліп жатқан жан-жақты қолдаудың арқасында Қорғалжын ауданының мал шаруашылығы дамып, мал басы сапасын жақсарту көрсеткіштері артуда. Бүгінде аудан бойынша 22 035 ірі қара, оның ішінде 9 597 бас сиыр, 32 472 бас қой мен ешкі, 12 377 бас жылқы малы өсіріледі.  Мал басының өсу деңгейі өткен жылғымен салыстырғанда ірі қара 104 процентке, оның ішінде, сиыр 101, жылқы малы 102 процентке өскен. Қой мен ешкі малы 114,5 процентті құраған. Егер бос жатқан жерлер толық игерілсе, мал басын әлі де көбейтіп, Нұр-Сұлтан қаласын азық-түлікпен қамтамасыз етуге зор үлес қосар еді.  

 

Қорғалжын ауданы,

Ақмола облысы.