• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Экология 11 Ақпан, 2020

Қанқызыл Каспий

634 рет
көрсетілді

Қыс бойы «қар жаумады» деп мазасызданған ақтаулықтарға ақпан ақ қар сыйлады. Алайда ақ мамыққа оранған Ақтау тұрғындары өзге мәселеге алаңдаулы. Бұл – Каспий теңізі суының қан қызыл түске боялып, үрейлі де жағымсыз күйге енуі.

Бірақ бұл алғаш рет орын алып отырған жағдай емес. Бұдан үш жыл бұрын да байқалған құбылыс 2018 жылы 1-шағын ауданның жаға­лауында, «Шағала» қонақүйінен «Нұр плаза» жағажайына дейінгі аралықта да көзге түскен.

Жергілікті басылымдардың ха­бар­лауынша, биыл соған ұқсас жағдай «Caspian Riviera» қонақүйі­нің лагунасынан байқалыпты жә­не су қызыл түске диатомдық бал­дырлардың әсерінен боялғаны айтылып, оның балық үшін қауіпсіз екені хабарланды.

Теңіздегі өзгеріске қатысты эко­логтер жағалауда қызыл түс­ті шылау мен балдыр бар еке­нін, теңіз суы түсінің қыза­руы осы өсімдіктермен байланыс­ты еке­нін және бұл жағдайдан қор­шаған ортаның ластанбайтынын айтады.

– Бұл – табиғи құбылыс. Соңғы рет 2018 жылы қыс мезгілінде байқалған болатын. Біз ай сайын теңізге мониторингке шығамыз, теңіздің қызарып жатқанын, яғни жағалаудағы қызыл балдырлардың шоғырын қаңтар айының соңына таман байқаған едік. Сол кезде алған сынамадан теңізден қандай да бір ауытқушылық, шектен шыққан белгі анықталған жоқ. Каспий те­ңізінде балдырлардың көптеген түрі бар. Әсіресе түстері қызыл, қоңыр, қоңыр-қызыл түсті болып келетін полисифония, лаеренсия деген түрлері кездеседі және олар терең емес тұстарда, теңіз жағалауында шоғырланып өседі. Осы балдырлар өскен тұстарда теңіз суының қызыл түске боялатынын және қар жауған кезде көрінетінін бай­қай­мыз. Ақтауда қар жауды, демек ақ қармен қызыл балдырлар анық көрінді, – дейді Маңғыстау облысы экология департаменті Зерт­ханалық-талдамалы бақылау бөлімі басшысының міндетін атқарушы Раушан Төлепова.

Мамандардың сөзіне сенсек, құбылыстың теңіз жануарларына – балықтар мен аққу, шағала сынды құстарға, итбалықтарға зияны жоқ екен. Олар бұл уәжді құстардың, итбалықтардың дәл осы көрініс салдарынан қырылуы бұрын да, қазір де тіркелмегендігімен түсіндіреді. Ал, расында, нақты зияны бар ма, жоқ па – оны білу үшін арнайы ғылыми жұмыстар жүргізілуі керек. Өкінішке қарай Маңғыстау өңірінде теңізде орын алған бұл құбылысқа, өзге де табиғи, эко­логиялық ахуалдарға нақты жауа­п беретін ғылыми орталық жоқ. Қызыл түс көрінген сайын балдырларды «бәлеге қалдырып» келеміз...

Осылайша, Ақтау әп-сәтте «қы­зыл теңіз» жағалауындағы қалаға айналып шыға келді. Әрине, бұл қызыл түсті «қызықтап» айтқандай бо­лып көрінер, бірақ атшаптырым аумақты қанға бояп тастаған «теңіздегі тентектер» расында бал­­дырлар ма, әлде басқа ма, оның зар­дабы – зерттеуді қажет ететін мә­селе.

 

Маңғыстау облысы