• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Парламент 11 Ақпан, 2020

Мемлекеттік аудитті дамыту мәселелері талқыланды

726 рет
көрсетілді

Парламент Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігін арттыру мақсатында мемлекеттік аудитті одан әрі дамыту туралы жан-жақты талқыланды.

Бюджетке қымқырылған 10,4 млрд теңге қайтарылды

Алқалы жиында сөз бастаған Пар­ламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаева Палата мақұлдайтын заң жобаларының ішіндегі ең маңызды әрі күрделісі республикалық бюджет туралы заң екенін атап өтті.

– Мемлекеттік аудитті енгізу – мем­лекет қаражатын бақылауды жетіл­ді­рудің маңызды бағыттарының бірі. Бес институттық реформаны іске асыру жө­ніндегі «100 нақты қадам» Ұлт жос­па­рының 93-қадамында аудит пен мемле­кеттік аппарат жұмыстарын бағалаудың жаңа жүйесін енгізу көзделген. Қазір осы міндеттерді орындау бойынша бірқатар нақты шара қабылданып жатыр. Соның ішінде тиісті заңнама жетілдіріліп, әдіснамалық база әзірленді, мемлекеттік аудиторларға сертификаттау жүргізілді. Нәтижесінде 2019 жылы мемлекеттік аудиторлар анықтаған қаржылық бұзушылық көлемі 4 есе азайды. Нақтырақ айтсақ, 2015 жылы мұндай бұзушылық көлемі 1,9 трлн теңгені құраса, 2019 жылы ол 478 млрд теңгеге дейін төмендеген. Қаржылық бұзушылықтарды жойып, қымқырылған қаражатты бюджетке қайтару бойынша да оң динамика байқалуда. Өткен жылы бюджетке 10,4 млрд теңге қайтарылды, алдыңғы жылдармен салыстырғанда 10 есеге дейін өсті, – деді вице-спикер.

Оның айтуынша, бұл оң көрсет­кіш­термен қоса салада әлі де болса шешімін таппаған проблемалар бар екен. Мысалы, мемлекеттік органдар бөлінген қаражатты есепті жылдың соңына дейін формалды түрде игеріп қалуға ұмтылуын тоқтатар емес. Бұл бюджетті атқаруда сапалы нәтиже көрсетуге айтарлықтай кедергі келтіреді. Оның үстіне мемлекеттік органдарда салынған қаражаттың жоспарланған нәтижелерге қол жеткізудегі тиімділігін бағалау әдістемесі жоқ. Бюджет қаражатын пайдалану тиімділігінің өлшемшарттары да нақтылауды талап етеді.

– Бүгінгі Үкімет сағатында қа­был­данған шаралардың қаржылық бұзушылық фактілерін болғызбау және азайту, бюджет қаражатын пайдалану қаншалықты тиімді болғанын, аудит пен қаржылық бақылау сапасын арттыру үшін одан әрі қандай шаралар қабылдау қажет екенін талқылаймыз. Біз бұл мәселені 2016 жылы Nur Otan партиясының Парламент Мәжілісіндегі Фракциясының жиналысында, сондай-ақ 2017 жылы өткен Үкімет сағатында арнайы талқылап, тиісті ұсыныстар берген едік. Бүгінгі тақырып аясында осы ұсыныстардың орындалу нәтижесі де қаралады, – деді Гүлмира Исимбаева.

 Электронды аудит жемқорлықтың алдын алады

Одан әрі күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша атқарылған жұмыстардың барысы жөнінде Премьер-Министрінің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов депутаттар алдында кеңінен айтып берді.

– 2015 жылы «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» не­гізгі Заңның қабылдануы Қазақстанда мемлекеттік аудит жүйесін құруға баста­ма болды. Мемлекеттік аудит және қар­жылық бақылау органдарының серти­фи­катталған қызметкерлері 2017 жыл­дан бастап мемлекеттік аудит және қар­жылық бақылау органдары қабыл­даған жаңа стандарттар бойынша мемле­кет­тік аудитті толыққанды іске асыруға кірісті. Депутаттық корпуспен бірлескен күш-жігердің арқасында 2018 жылы заңна­малық база жетілдірілді және мемле­кеттік аудиттің одан әрі дамуына түрткі болды. Түзетулер пакеті сыбайлас жем­қорлыққа қарсы механизмдерді күшей­туге, мем­лекеттік аудиторлардың кадрлық әлеуе­тін арттыруға және электронды аудитке көшуге мүмкіндік берді, – деді министр.

Жауапты орган басшысының айтуын­ша, мемлекеттік аудитті енгізу және оның нәтижелері бойынша 4 жыл ішінде Ұлттық комиссия 1,5 мыңнан астам мемлекеттік аудиторды сертификаттау­дан өткізген. Сонымен қатар барлық мемлекеттік және атқарушы органдарда 54 ішкі аудит қызметтері құрылып, мемлекеттік аудит және тәуекелдер жөнін­дегі кеңестердің 79 отырысы өткен. Ал қашықтан тексеру әдістерін енгізу және дамыту аудит объектілерінің құқық­тық сауаттылығын арттырып, сыбайлас жем­қорлық тәуекелдерін барынша азайт­қан. Сатып алуда анықталған бұзушы­лық­тардың көрсеткіші 19%-дан 2%-ға дейін кеміген.

– Былтыр Ішкі мемлекеттік аудит коми­теті 245 млрд теңге сомасында қаржы­лық бұзушылық жағдайын анықтап, бұл көрсеткіш қаржылық бұзушылықтар жалпы сомасының 39%-ын құрады. Жүргі­зілген талдау нәтижесі бойынша қар­жылық бұзушылықтардың негізгі кө­лемі бухгалтерлік есептілікті жүргізу тәр­тібіне (77%), жоспарлау мен басқа да шы­ғыс­тарды пайдалану кезінде бюджеттік қаржыны асыра көрсетуге (12%), квази­­мемлекеттік сектор субъектілері активтерін басқаруға (4%) байланыс­ты болып тұр. Аталған мәселелерді мем­лекет­тік сатып алуларда жүргізілген жұмысқа ұқсас барлық негізгі процесті автоматтандыру арқылы жүйелі шешуге болатынына көз жеткіздік. Уәкілетті органның қызметін мемлекеттік аудитке көшіру арқылы Тәуекелдерді басқару жүйесін қолдана отырып, алдын алу аудитін дамыту көзделді. Бұл тұрғыда жоспарлы тексерулер 6,5 есеге азайды және аудиторлардың аудит объектілерін аралау мерзімі қысқартылды, – деді Әлихан Смайылов.

Қаржы министрі биыл алғаш рет рес­­публикалық бюджеттің шоғырлан­ды­рылған қаржылық есептілігіне аудит жүргізетінін хабарлады. Сонымен қатар ол саладағы проблемалар туралы сөз қозғап, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне тоқталды. Оның айтуынша, 2017-2019 жылдар аралығында 16 аудитор мен көмекші бөлімшенің бір қызметкері ұсталып, сотталған. Аудиторлардың жемқорлыққа шатылуына тексеретін нысандармен тікелей байланысуы ықпал етеді. Бүгінде аудиттің 44%-ы онлайн түрде жүргізіліп жатыр.

 Аудиторлық қызметті аутсорсингке беруге асықпау керек

Парламент Мәжілісі Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Гүлжан Қара­ғұсова бүгінде мемлекеттік орган­дардың, әсіресе жергілікті атқарушы билік органдарының басшыларының өзі Мемлекеттік аудит және тәуекелдер жөніндегі кеңес сияқты құралдарды пайдалануға қызығушылық танытпайтынын атап өтті. Сондай-ақ ол 2017 жылы Үкімет сағатында айтылған депутат­тардың ұсынымдарына сәйкес Қаржы министрлігі ішкі аудит қызметінің тиім­ділігін бағалау әдістемесін нақты критерийлермен әзірлегенін, мемлекеттік органдарды бағалау әдістемесін пысық­тағанын, осы бағыттағы жұмысты жалғастырудың маңыздылығына назар аударғанын мә­лімдеді.

– Қаржы министрлігінің құқық қорғау органдарының бастамасымен тек­серістерді аудиторлық ұйымдарға аутсорсингке беру туралы ұсынысын қарас­тыруға әлі ерте. Халықтың шағым­дары мен өтініштеріне жауап беру және сол бойынша тексеруге шығу – бұл мемлекеттің тікелей міндеті. Бұл қыз­метті аутсорсингке берудің 2007 жылдан бергі халықаралық тәжірибесі бойынша аутсорсингте белгілі бір сыбайлас жемқорлық тәуекелі бар екенін көрсетеді, – дейді Гүлжан Қарағұсова.

Бұған қоса депутат республикалық және жергілікті бюджеттердің атқарылуы мен жоспарлануында ашықтықты арттырудың маңыздылығына мән берді.

Талқылау барысында Мәжіліс депутаттары Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайыловқа және Есеп комитетінің өкілі Константин Плотниковқа сұрақтарын қойып, пікірлерін білдірді.

Солардың қатарында депутат Жек­сен­бай Дүйсебаев квазимемлекеттік сек­тордағы бірқатар ірі компанияның қыз­метіне көңілі толмайтынын жеткізіп, мем­лекеттік холдингтер, ұлттық компа­ния­лардың тиімділігіне жүргізілген тал­дау­дың қорытындысын сұрады. Оның айтуынша, бюджет қаражатының миллиард­таған теңгесі тиімсіз пайдаланылады, уақытылы жұмсалмайды, кейде арнайы шоттарда мүлдем пайдаланылмай жатады. Мысалы, «ҚазАгро» холдингіне соңғы төрт жыл ішінде республикалық бюджеттен шамамен 473 млрд теңге бөлінген. 2016 жылы холдинг шығындары 92,3 млрд теңгені, 2018 жылы 126 млрд тең­­гені құрады. Осы жылдары олар мемле­кетке бір теңге де дивиденд төлемеген екен.

Бұл сұраққа жауап берген Әлихан Смайылов Мемлекет басшысының тапсыр­масы бойынша тиісті жұмыс тобы құ­рылғанын атап өтті. Оның айтуынша, Ұлттық холдингтер бойынша «Са­мұрық-Қазына», «Бәйтерек» және «ҚазАгро» жұмыстарына талдау жүр­гізілді. Аталған холдингтердің кейбір инвес­тициялық жобалары тиімсіз, сондай-ақ борыштық міндеттемелерінің өсуі бай­қалады. Біріншіден, мемлекеттік хол­дингтердің стратегиялық жоспарлау жұмыстарын жетілдіру керек және олардың көрсеткіштерін мемлекеттік жоспарлау жүйесінің көрсеткіштеріне сәйкестендіруіміз қажет. Екіншіден, олардың сатып алуларын бірыңғай заңмен қамтамасыз етуіміз керек.

– Қазір бірыңғай сатып алу заңнамасы бойынша жоба әзірлеп жатырмыз. Осы бағытта бірқатар ұсыныс былтыр жел­тоқсан айында Президент Әкімшілігіне енгізілді. «ҚазАгро» холдингіне арнайы тоқталсақ, былтыр бұл холдингке оңтайландыру бойынша маңызды тапсырмалар берілді. Нәтижесінде, қазір штат саны қысқарғанын көріп отырмыз. Биыл тағы да «ҚазАгроның» шығындары 2 млрд теңгеге азаяды. Жалпы, шығындар 15 есе азайып, биыл олар таза табысқа шығады. Саланы қаржыландыру 77 млрд теңгеге, яғни 400 млрд теңгеден 477 млрд теңгеге ұлғайды. Енді бұл – алғашқы нәтижелер, – дейді Үкімет басшысының бірінші орынбасары.

Үкімет сағатында талқыланған мәселелер бойынша депутаттар тиісті ұсынымдар қабылдады.