Шымкенттегі ең көрікті демалыс орны болады деп күтілген Қошқар ата өзенін абаттандыру жұмыстары басталды. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Биыл демалыс аймағы құрылысының алғашқы кезеңі жүзеге асырылады. Бұл кезеңде Қошқар ата өзені бастауынан Ордабасы алаңына дейінгі 16 гектар жер толық көріктендіріледі. Оның жобалық-сметалық құжаты әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтті. Жобаны дайындауға облыстық бюджеттен 15 млн. теңге қаржы жұмсалыпты. Ал құрылысқа қажетті 452 млн. теңге қаржы қала бюджетінен бөлінген.
- Демалыс аймағы құрылысы барысында Қошқар ата өзені жағалауындағы бекіту плиталары, жаяу жүргіншілерге арналған жолдар да толық жаңаланбақ. Сондай-ақ мұнда демалушыларға арналған киім ауыстыратын арнайы жабдықталған орын қарастырылып, тынығатын орындықтар да орнатылады. Аймақта бой көтеретін жаңа екі қабатты кеңсе ғимаратында медициналық бекет пен су құтқарушылары орналаспақ. Көгалдандыру бағытында ағаш көшеттері мен әсем гүлдер отырғызылады, - дейді учаске прорабы Жәрдем Жұмағазиев. Шомылатын қауыз, кішігірім жағажай, спорт алаңдары. Қошқар ата өзенінің болашақтағы көрінісі осындай болмақ.
Қошқар ата өзені бастау алатын бұлақ маңы қазір қызу қарбалас жұмыстарға толы. Мұнда су қоқыстан тазартылып, қазу жұмыстары жүргізілуде. Демалыс аймағын көгалдандыру жұмыстары 10 ай уақыт ішінде толығымен аяқталуы тиіс. Конкурсты жеңіп алған «Лидер НК» мердігер мекемесі қазіргі таңда көпір жолдарын ретке келтіріп, көгалдандыру жұмыстарымен айналысуда. Мекеме инженері Нұралы Рашидов сапалы әрі кең ауқымда жүргізіліп жатқан жұмыстардың өз мерзімінен кешікпейтініне сенімді. Ал жергілікті тұрғындар қаланың сәулетіне өзгеше леп әкелер демалыс аймағында серуен құратын сәтті асыға күтіп жүр.
Мұрат Айтқожа.