Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің 2020 жылғы қаңтардағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары және республикалық бюджеттің орындалуы мәселелері қаралды.
Экономиканың, банк саласының жай-күйі, республикалық бюджеттің атқарылуы, мемлекеттік сатып алулардағы жергілікті қамту туралы ҚР ұлттық экономика министрі Р. Дәленов, Ұлттық Банк төрағасының орынбасары А. Баймағамбетов және Премьер-Министрдің Бірінші орынбасары – қаржы министрі Ә. Смайылов баяндады.
2020 жылдың бірінші айының қорытындысы макроэкономикалық көрсеткіштердің оң серпінін көрсетті. Осы жылғы қаңтарда ЖІӨ өсімі 2019 жылғы қаңтардағы 2,9%-ға қарағанда 3,6%-ға дейін жылдамдады. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 3,1%-ға өсті.
Экономиканың барлық негізгі салаларында оң серпін байқалады: құрылыста өсім 12,5%-ды, саудада – 5,2%-ды, көлік саласында – 3,6%-ды, тау-кен өнеркәсібінде, өңдеу секторында, оның ішінде машина жасауда 21%-ды, қара металлургияда 17,5%-ды құрады.
Ұлттық қордың активтері 6,8%-ға $61,9 млрд-қа дейін ұлғайды, республикалық бюджетке түсетін кірістер 929,7 млрд теңгеге жетті (жоспарға 95%), өсу қарқыны 131%-ды құрады.
2020 жылғы қаңтарда 732 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында, сондай-ақ Маңғыстау облысында тұрғын үйлердің көбірек пайдалануға берілгені белгіленген.
«Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмаларын орындау мақсатында биыл бірінші айдан бастап экономиканың өсу қарқынын сақтау қажет», — деді А. Мамин.
Премьер-Министр Атырау, Түркістан, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарында осы жылдың қаңтар айында негізгі көрсеткіштер бойынша оң динамика байқалатынын атап өтті.
Үкімет басшысы мемлекеттік органдар мен өңірлер басшыларының инвестицияларды тарту, шағын және орта бизнесті дамыту, еңбек өнімділігін және халықтың нақты табысын арттыру жөніндегі жұмысты күшейтуі қажет екенін атап өтті.