Бердібек Мәшбекұлы Қордай ауданындағы оқиға салдарын жою жөніндегі үкіметтік комиссияны одан әрі басқара береді. Бұл туралы Премьер-Министр Асқар Мамин Үкімет отырысында айтты.
«Өкінішке орай, осы қайғылы оқиға кезінде 10 адам қаза тауып, 178 адам зардап шекті. Сонымен қатар тұрғын үйлер мен коммерциялық нысандарға, азаматтардың дүние-мүлкіне зақым келтірілді. Осы күндері Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен Қордай ауданында оқиға салдарын жою жөніндегі үкіметтік комиссия жұмыс істеді. Өздеріңізге мәлім, Мемлекет басшысының Жарлығымен Бердібек Мәшбекұлы Сапарбаев Жамбыл облысының әкімі болып тағайындалды. Бердібек Мәшбекұлы үкіметтік комиссияны одан ары басқаратын болады», - деді Премьер-Министр Үкімет отырысында.