Кеше Премьер-Министр Серік Ахметов Құрылысшылар күніне арналған салтанатты жиналысқа қатысты. Онда Үкімет басшысы құрылысшыларды кәсіби мерекелерімен құттықтап, құрылыс саласының бір топ қызметкерлеріне наградалар тапсырды.
Кеше Премьер-Министр Серік Ахметов Құрылысшылар күніне арналған салтанатты жиналысқа қатысты. Онда Үкімет басшысы құрылысшыларды кәсіби мерекелерімен құттықтап, құрылыс саласының бір топ қызметкерлеріне наградалар тапсырды. Серік Ахметов жиналысқа қатысушыларға арнаған сөзінде Мемлекет басшысы алға қойған Қазақстанды әлемдегі ырғақты дамушы елдер қатарына шығарудағы міндеттерді табысты орындауға саланың қосқан үлесін атап көрсетті.
Құрылыс саласы мемлекет экономикасының маңызды құрамдастарының бірі. Оның ішкі жалпы өнімдегі үлесі 6 пайыздан астамды құрайды. Көптеген жағдайда дәл осы құрылыс қарқынының өсуі еліміздің дамуы мен әл-ауқатының индикаторы болып табылады, деді Премьер-Министр өз сөзінде.
Бүгінде құрылысшылар жұмысы ырғақты алға басуымен және елдің бүкіл өңірлерінде құрылыс көлемінің артуымен сипатталады. «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасы шеңберінде өткен жылы 6,7 миллион шаршы метрден астам, ал үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығында 3 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді.
2013 жылы арендалық тұрғын үй құрылысына 27,5 миллиард теңге, тұрғын үй құрылыс жинақ салымдары жүйесі бойынша несиелік тұрғын үй құрылысына 30 миллиард теңгеден астам қаржы қарастырылған.
Тұрғын үй құрылыстары жүріп жатқан аудандарда инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым салуға республикалық бюджеттен 40 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді.
Бұл айтылғандардың сыртында, өткен жылы «ҚИК» АҚ арқылы тұрғын үй құрылысының жаңа бағыттары бастау алды. Оның шеңберінде жыл сайын шамамен 500 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланып отыр.
Тұрғын үй құрылысын одан әрі дамыту үшін елдің облыс орталықтарында қазіргі заманғы үй құрылысы комбинаттарын іске қосу жобалары әзірленуде. Бұл комбинаттар ірі панелді және құрастырмалы-қаңқалы үй құрылысы технологиясын пайдалану арқылы құрылыс мерзімдерін айтарлықтай қысқартуға және пайдалануға берілетін тұрғын үй көлемін арттыруға жағдай жасайды, деді С.Ахметов.
Өткен жылы біз құрылысқа берілетін мемлекеттік құрылыс лицензиясын категориялау институтын өмірге әкелдік. Сарапшылардың жобалау саласындағы, авторлық және техникалық қадағалаудағы дербес жауапкершілігін енгіздік, ол, сөз жоқ, жобаланған және жүргізіліп жатқан құрылыс-монтаж жұмыстарының сапасын арттыратын болады, деген сенім білдірді Премьер-Министр осы орайда.
Үкімет басшысы сондай-ақ құрылыс саласы алдында тұрған бірқатар міндеттерді де атап көрсетті. Премьер-Министрдің пайымдауынша, құрылысшылар салынып жатқан үйлер мен ғимараттардың сапасын арттыруға, көптеген маңызды жобалардың, соның ішінде, Қазақстанды индустриялық-инновациялық дамыту және әлеуметтік жаңғырту шеңберіндегі жобалардың орындалуын қамтамасыз етуге барынша күш-жігер жұмсап, сонымен бірге, құрылыстағы техникалық реттеу жүйесін реформалау, еурокодтау және басқа да халықаралық стандарттарды енгізу жөніндегі жұмыстарды одан әрі жалғастыру қажет.
Серік Ахметов құрылыс кешенінің әлеуетін арттыру және ондағы қызметкерлердің жоғары кәсібилігі болашақта да Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді жүзеге асыруда табысқа жетуге жағдай жасайды деген өз сенімін білдірді.
Салтанатты жиналыста «Құлагер» компаниясының басқарма директоры Галина Ященко және «BI-Progect» компаниясының бөлім бастығы Алтынбек Шаяхметов құрылыс саласы қызметкерлері атынан сөз сөйледі.
Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ,
«Егемен Қазақстан».