• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Абай 12 Ақпан, 2020

Қызылорда облысының әкімі зиялы қауым өкілдерімен кездесті

302 рет
көрсетілді

Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов өңірдегі зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітапханада өткен шарада шығармашылық сала өкілдері елдің, аймақтың дамуына, рухани, мәдени өміріне қатысты ойларын ортаға салды.

Кездесуде аймақ басшысы Сыр өңірі – ежелгі ұзандар үнінен бастау алатын дәстүрлі өнер өркен жайған, талай қабырғалы қайраткерлер ізі қалған, ұлттық әдебиет пен мәдениетке талай дарынды қосқан киелі топырақ екенін айтты.

Қазақстан Жазушылар одағы Қызылорда облыстық филиалы жетекшісі, ақын Қаршыға Есімсейітова ұйымның атқарған жұмыстары жайлы баяндап, ұсыныстарын жеткізді. Қаладан «Әдебиет үйін» салу, сол жағалаудан «Руханият» аллеясын ашу мен Сыр қаламгерлерін мектептер мен жоғары оқу орындары жастарына таныстырып, «Жазушы мәртебесі» сабағын тұрақты өткізіп отыру мәселесін көтерді. Сонымен қатар белгілі сатирик Орынбасар Әлжіктің 60 жасқа толуына орай шығармашылық кеш өткізу үшін қолдау көрсетуді сұрады. Аймақ басшысы бұл ұсыныстар  сараланып, тиісті жұмыстар жүргізілетінін айтты. Орынбасар Әлжіктің мерейтойын биылғы жылы өткізілетін қоғамдық-саяси маңызды шаралардың күнтізбелік жоспарына енгізуді тапсырды.

Сондай-ақ өңір басшысы облыстық мемлекеттік архив, «Сыр медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты басылымдар мен баспахана, облыстық ішкі саясат басқармасының Дін мәселелерін зерттеу мен ақпараттық-талдау орталықтарының жұмыстарымен танысты. Содан соң облыстық көркемсурет галереясындағы Алтын Орданың - 750, Абай Құнанбайұлының - 175 жылдығына арналған «Қанат жайған руханият» атты көрмені тамашалады.