Көптен хабарласпаған жиен ағам телефон шалған. Құдасын омыртқаға шақырмақшы екен. Ішіне бізді қоспақ. Құдасы көпті көрген, көп жайды көңіліне түйген, кісімен кең отырып сөйлесе алатын көшелі кісі.
Тартынған жоқпыз. Айтқан уақытында табалдырығын аттадық. Етті енді түсіріп жатыр екен. Ұятты кісілер болған соң ба, қазан-ошақтың қасында табақ жасамақшы болып, жиен ағамның өзі жүр. Қонақ күткендей емес, өңі қарауыта қабарып кеткен. Қайта-қайта «қап!» деп басын шайқап қояды. Сөйтсек, келіні қазының орнына қара қабырғаны салып жіберіпті. Аса бір семіз жылқыда болмаса, қара қабырғаның етегіне май байланбайды әрі қонаққа салатын қадірлі мүше де емес. Мүше танымайтын келін жаза басқан.
– Өзің неге уақытында қадағаламадың? – дейміз онсыз да булығып тұрған жиен ағамыздың жанын жеп, – енді қайтадан ас қамдайтын болдың. Айып-ажынасымен бірге. Айыбына құдаңа шапан кигіз, ал, маған ат мінгізесің. Ауыз бастырық есебінен. Әйтпесе білесің ғой, елге жайып жіберемін.
– Қойшы-ай, – дейді онсыз да жетісіп тұрмаған жиен ағам, – қазыны айтасың, омыртқа да салынбапты. Сақалды басыммен қазан-ошаққа араласқаным ұят қой деп едім. Осы сендер кісіге мән үйреткенде сондайсыңдар, келін-кепшек үйрену үшін қазақтың ас мәзірі деген бір плакатты шығарып, оның ішіне мүшелердің суретін салып, атауын жазып қойсаңдар ғой. Біз ас үйге іліп қояр едік. Қазан қайнататын келіндер табақ жасауды да содан үйренер еді. Қазіргі күні бұрынғы ата дәстүр ұмытылып келеді. Қай қонаққа қандай мүше тартатынын да жастар біле бермейді.
Осы арада бір ой келген. Ертеректе Көкшетау қаласында «Сыбаға» дейтін дүкен болды. Әлгі дүкенде жасаулы табақ рет-ретімен самсап тұратын. Құдаңа ма, нағашыңа ма, күйеу балаға ма, кімге қалай табақ тарту керек, соның барлығы жөн-жосығымен, жол-кәдесімен дайындалатын. Сатушылары да ата дәстүрді жақсы білетін. Ұлт дәстүрін біле бермейтін қала келіншектерін майлы ішектей айналдырып, саналарының саңылауына салттың сипатын сәл де болса себезгілеп сіңіріп жіберуші еді. Ет сатқан өздеріне де жақсы, аларман жұрттың сан ғасыр бойы үзілмей келе жатқан ата салтынан бастауыш білім алғаны кәдімгідей пайда.
Қазіргі күні қаладағы жас отаулар тұтас жылқы соя алмайды-ау. Жарты еттің өзі жүк. Бәлкім сол жастар үшін таптырмайтын дүние. Жаңадан жаңалық ойлап тапқанша, бұрынғы барды жаңғыртса, соғым алуға қалтасы көтере бермейтін ағайын үшін демеу. Қонақ келгенде кебежесінің түбін қағып жатпай, керегін осындай дүкеннен алар еді. Бұл енді кәсіпкерлерге айтылған құлаққағыс. Облыс орталығында осындай бір дүкен ашып қойса, елдегі малсақ қауым да жылқысын бұлдап өткізетін жер болады ғой. Ең бастысы, ағайынның бірлігін, туыстың тұтастығын нығыздай түсетін дәм – сыбаға салты қайта жалғасар еді. Айтқандайын, сыбағаңыздан дәм татып жүрсіз бе?..