Ресми дерек бойынша, бүгінгі таңда еліміздің дүкен сөрелеріндегі азық-түліктің 35 пайызы – импорттық өнім. Соңғы үш жылда азық-түліктің бағасы 30 пайыздан артық қымбаттады. Таяуда Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қ.Тоқаев «Ауыл шаруашылығы талай эксперимент жүргізілген, көп азап шеккен сала» екенін тілге тиек етіп, саланың ІЖӨ-дегі үлесі 4,5 пайыздан аспайтынын сынады. Қысқасы, аграрлық сектор ел экономикасының драйверіне айналуға тиіс деген межелі міндеттің әзірге орындалар түрі көрінбейді. Былтыр қазан айында Президент «Кейбір заңнамалық актілерге агроөнеркәсіп кешенді реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойған болатын. Салаға серпін беруге тиіс құжатта қандай мәселелер қамтылды? Нендей артықшылықтары, тиімді тұстары бар? Соған тоқталып көрейік.
Министрліктің мәліметінше…
2017-2021 жылдарға арналған Агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасында саладағы еңбек өнімділігі мен экспорт көлемін 2 жарым есе ұлғайту жоспарланып отыр. Қазан айында қол қойылған құжатта осы міндетті іске асыру үшін қажетті өзгерістер енгізілді. Сөйтіп, бас-аяғы 13 кодекс пен 29 заңға 800-ден астам түзету енгізілді. Мәжілісте 345 түзету қарастырылып, қосымша тағы 500-ге жуық өзгеріс жасалды. Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаровтың айтуынша, бұл құжатқа енгізілген басты өзгерістердің бірі қаржыландыру құралдарын жетілдіру мен жаңа тетіктер қосуға байланысты.
– Қазіргі міндетті сақтандыру жүйесі 15 жыл бұрын енгізілген. Бұл өсімдік шаруашылығын сақтандыру көлемін ұлғайтуға тиіс болатын. Өкінішке қарай, бұл міндет орындалмады сақтандырылған егістік алқаптар азайды, ауылшаруашылық тауарын өндірушілер алатын сақтандыру төлемдері өндіріс шығындарын жаппайды. Осыған орай міндетті сақтандырудан ерікті сақтандыруға көшу, сақтандыру сыйақысын субсидиялау енгізілді, – дейді вице-министр.
Тағы бір маңызды өзгеріс – жеміс дақылдарына қауіпті ауру түсіп, өнім күйіп кеткен жағдайда мемлекет тарапынан бағбандардың бақша егуге кеткен шығынының жартысы субсидияланады. Бұрынғы заңда бұл қарастырылмаған-ды. Сонымен қатар өсімдіктерді зиянкестерден қорғау үшін қолданылатын заттарды бағбандардың сатып алуын мемлекет қолдап, шығынның тең жартысын көтеріп алады. Фитосанитарлық және карантин шараларына жұмсалатын шығынды да мемлекет пен диқан бірлесіп көтереді. Бұрын тек гербицидтер субсидияланса, енді инсектицидтер мен фунгицид үшін субсидия ұсынылады. Тоқетеріне келсек, өсімдік шаруашылығын зиянкес жәндіктерден, аурулардан қорғауда мемлекеттің қолдау аясы кеңейді.
– Ауылшаруашылық саласына инновация енгізу үшін ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға бизнестің шығынын субсидиялау қарастырылды. Бұл тетік іске қосылғаннан кейін алдағы уақытта қолданылатын, бизнестің сұранысына ие зерттеулер ғана жүргізіледі. Бүгінгі таңда АӨК-тегі ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар бюджет қаржысына ғана жүргізіледі, ғылыми зерттеулерді мемлекеттік органдар іріктеп алады. Бұл бизнестің сұранысына жауап бермейді, – дейді А.Сапаров.
Ауылшаруашылық бизнесінде жайлы ахуал қалыптастыру үшін әкімшілік кедергілерді азайтуға да осы құжатта маңыз берілген. Әсіресе астық қабылдау кәсіпорындарына темір жол тармақтарын беру, жарма өндіруге, майлы дақылдарды өңдеу мен өткізуге жағдай жасалмақ. Кейбір кәсіпорындарға арамшөптен бүлінген шикізаттарды тазалайтын технологияны қолдана отырып, өнімді қайта өңдеуге мүмкіндік беріледі.
Бір атап өтерлігі, жаңа заңдағы өзгерістер Жер кодексін де қамтыды. Атап айтқанда, мемлекеттік шекара бойында орналасқан жер телімдерін азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдік заңды тұлғаларға, сонымен қатар шетелдіктердің қатысы бар қазақстандық заңды тұлғаларға пайдалануға тыйым салынды. Ауылшаруашылық мақсаттағы жер телімдерін тиімді пайдалануды бақылау тетіктері өзгерді, енді бұл жұмысқа ғарыш түсірілімдері қолданылмақ.
– Жаңа заңда орман шаруашылығы мен мал шаруашылығын, су ресурстарын пайдалану мәселелерін жетілдіру бойынша бірқатар норма енгізілді, – дейді А.Сапаров.
Сарапшының сөзіне сенсек...
«Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру» КеАҚ Басқарма төрағасы Төлеутай Рақымбековтің айтуынша, жаңа құжатты әзірлеу жұмысы 2016 жылы басталған-ды.
– Агроөндіріс кешенінің 5 жылдық даму бағдарламасын жасауға сарапшы ретінде біз де шақырылған болатынбыз. Талқылау барысында бұрынғы заңдарға заман талабына сай өзгерістер енгізу керегіне көзіміз жетті. Сөйтіп, 2016-2017 жылдары жаңа заң жобасы әзірленді. Парламенттің төменгі палатасына ұсынған кезде 13 кодекске, 30-ға тарта заңға өзгеріс енгізуге тура келді. Агроөнеркәсіп кешенімен Жер кодексі, Су кодексі және Орман шаруашылығы кодексі тікелей байланысты. Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы, астық шаруашылығы, мақта шаруашылығы, ауылдық елді мекендерді дамытуға және басқаларына қатысты 15-ке тарта заң да Агроөнеркәсіп кешенін дамыту ісіне қатысты. Соның бәріне өзгеріс енгізілді, – дейді Т.Рақымбеков.
Акционерлік қоғам басшысы аграрлық ғылымды мемлекеттік қолдау мәселесіне ерекше назар аударылғанын айтты. Себебі бұл жалғыз Қазақстан ғана емес, аграрлық сектор дамыған елдердің бәріне тән. АҚШ, Аргентина, Аустралия сияқты ауылшаруашылық саласы дамыған елдердің тәжірибесіне сүйенсек, саланы қаржыландыруға тауар өндірушілердің өздерінің қызығушылығын тудыру қажет.
– Мәселен, АӨК өкілі өзінің жұмысын жеңілдететін жағдайды айтып, тиісінше талап қояды, ақшасын төлеп тапсырыс береді. Мысалы, АҚШ-тағы фермерлер қауымдастығы, басқа да одақтар ғылыми орталықтарға бидайдың жаңа тұқымын әзірлеп беріңіздер деп тапсырыс береді. Олар тез өнетін, өнім көлемі мол, төзімді деген сынды талап қойып, 5 миллион доллар қаражат төледі делік. Қалған қаражатты ғылыми орталықтарға мемлекет төлеп береді. Яғни, тапсырыс бірінші кезекте өндірістен түседі. Ал өндіріс өзіне не керегін жақсы біледі ғой, көрдіңіз бе? Осыған дейін қалай болып келді? Министрлік бюджеттен 2 млрд теңге қаражат бөледі де, ғылыми институттар оған 40-50 түрлі тақырыпта зерттеу жүргізеді. 2007 жылы тіпті 500 тақырыпқа дейін ғылыми жұмыс жазылыпты. Ол еңбектер өндіріске керек пе, жоқ па, ол жағын зерделеп жатпайды, аспаннан алған тақырыпты зерттей береді. Әрине одан бергі аралықта біз біраз өзгеріс енгізіп, зерттейтін тақырыптарды азайттық. Салалық қауымдастықтармен бірлесіп тақырыптарды терең талқылауды қолға алдық. 2013 жылы ғылымды қаржыландыруға тауар өндірушілердің өздері қатысуға тиіс екенін айтып ұсыныс жасадық. Тауар өндірушілердің қаражат бөлгенін де көрдік, бірақ оған мемлекет қаржылай көмектескен жоқ, себебі тиісті заң шықпаған болатын. 2019 жылғы 28 қазанда елімізде алғаш рет экономиканың басқа салаларына қарағанда аграрлық сектордағы ғылымға ерекше көңіл бөлінді. Тауар өндірушілер ғылымға қанша қаражат бөлсе, соның 80 пайызына тең сома мемлекеттің есебінен субсидияланады. Мысалы, тауар өндіруші ғылыми институтқа келіп «маған осындай тұқым дайындап бер» деп 1 миллион теңге берсе, оның 800 мың теңгесін мемлекет өзіне қайтарып береді. Сонда ғалымдар тікелей өндіріс талабымен жұмыс істейді. Бұған дейін осыған қол жеткізе алмай келген едік. Бұл тамаша жаңалық деп санаймын, – дейді Т.Рақымбеков.
Жаңа құжатта қарастырылған екінші мәселе аграрлық сала мамандарын даярлауға қатысты. Енді аграрлық университеттерде грантпен оқыған балалар міндетті түрде мамандығы бойынша 3 жыл жұмыс істеуге тиіс. Дәрігер, мұғалім сынды мамандық иелеріне қойылатын осы талап бұрыннан бар болатын, ветеринар, агроном, зооинженер сияқты аграрлық сала мамандарына енді келді.
– Жасыратыны жоқ, аграрлық университеттерді бітірген жастардың басым көпшілігі ауылға бармайды, мамандығы бойынша жұмыс істегісі келмейді? Неге? Біз оны терең талдай келе 3 себепті анықтадық. Біріншіден, аграрлық университеттерге түсетін талапкерлердің көбісі қаланың балалары. Қала балаларының ҰБТ-ға дайындалу мүмкіндігі қанша айтқанмен жоғарылау ғой. Сөйтіп, мемлекет бөлген грантты пайдаланып, шәкіртақысын алып, 4 жыл оқып шығады. Диплом алған күні басқа университетке құжат тапсырып, 2 жыл оқып экономист немесе заңгер болып шыға келеді, – дейді сарапшы.
Т.Рақымбев айтқандай, экономиканың басқа салаларымен салыстырғанда ауылшаруашылық саласындағы еңбекақы ең төменгі деңгейде. Мұғалім мен дәрігердің еңбекақысынан да төмен. Жалақысы аз жұмысқа кім барғысы келсін?!
– Үшінші себеп – ауылдағы тұрмыстың нашарлығы. Қашықтағы ауылдарға жол төселмеген, су тартылмаған, интернет жоқ, медициналық пунктер жабылып қалған, мектептердің деңгейі төмен... Жалпы қоғам болып ауылдың жағдайын көтеруіміз керек. Жаңа заңға сәйкес, аграрлық университетке құжат тапсырған талапкерге «Ертең оқу бітірген соң кемінде үш жыл ауылға барып жұмыс істейсің» деп ескертіледі. Бәлкім содан кейін ғана олардың орнына ауылдың балалары оқуға түсетін шығар деген ойдамыз. Заңда осы мәселеге көңіл бөлдік, – дейді ол.
Білім және ғылым министрлігіне қарасты еліміздегі 3 аграрлық университет 2015 жылы Ауыл шаруашылығы министрлігінің құзырына өткені мәлім. Жаңа заңда көрсетілген үшінші өзгеріс бойынша, осы оқу орындарына грант бөлу сала министрінің құзыретіне өтті. Салалық министрлік қандай мамандықтарға сұраныс бар екенін зерделеп, грантты соған орай бөледі.
Ветеринария адамзатты емдейді
Ветеринария ғылымының кандидаты Шүкірбай Төкеев мал дәрігерлігі саласын жан-жақты өркендетпей, шаруашылықты өрге бастыру мүмкін емес деп санайды.
– Бір ғұламаның «Медицина адамды емдесе, ветеринария адамзатты емдейді» деген қанатты сөзі бар. Президент қол қойған «Кейбір заңнамалық актілерге агроөнеркәсіп кешенді реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң аясында ветеринария саласындағы мәселелерді шешуге бағытталған бірқатар заңнамалық акті де өзгерді. Атап айтқанда, ветеринариялық талаптарға сәйкес келмейтін тауарлардың ішкі нарыққа еніп кетпеуі қатаң қадағаланады. Ол үшін шекаралас аудандарда тауарларды әкелу және өткізу кезінде ветеринариялық бақылау күшейтілетін болды. Сондай-ақ ветеринария саласындағы барлық бақылау және қадағалау мәселелері тиісті уәкілетті органның құзырына шоғырландырылды. Мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалауды бұрын жергілікті атқарушы билік жүргізетін болса, енді ол министрлікке қарасты мекемелерге өтеді. Жалпы, осы заңда ветеринария саласына қатысты қарастырылған мәселелер бұрын кеңес кезінде болған, тиімділігі дәлелденген. Арада біраз жыл өткеннен кейін соған қайта оралып жатырмыз, – дейді ол.
Сөз басында айтып өткеніміздей, ауыл шаруашылығы ел экономикасының драйверіне айналуы керек деген межелі міндетіміз бар. «Еуразияның азық-түлік себетіне айналуымыз керек» дегенге саятын жоспар да жасалған. Соңғы 5 жылда аталған агроөнеркәсіп кешенінен 2,4 триллион теңгеден астам қаржы бөлінгені соған байланысты. Алайда, ІЖӨ-дегі аграрлық сектордың үлесі 4,5 пайыздан аспайды. Президент айтқандай, триллиондаған теңге бөлінсе де, дайын ауылшаруашылық тауарын экспорттау әлеуеті әлі де тиісті деңгейге көтерілген жоқ. Ол түгілі, ішкі нарықты азық-түлікпен толық қамтамасыз ету мәселесінің шешімі табылмады. Мемлекет басшысының Үкіметке мемлекеттік қолдау шараларының тұрақтылығын, олардың тиімділігін арттыруды қамтамасыз етуді тапсырғаны осыған байланысты. Қ.Тоқаев былтыр қазан айында қол қойған құжат жылдар бойы еңсесі көтерілмеген саланың азабын жеңілдете ме, әлде жағдай бәз-баяғы қалпында қала бере ме, әзірге түйіп айту қиын.