«Астана Балет» театры Алматы қаласының тұрғындары мен қала қонақтарына үздік қойылымдары мен тың премьераларын ұсынады. Шығармашылық ұжымның гастролі Абай Құнанбаевтың 175-жылдық мерейтойы аясында өтеді. Төрт күн бойы, 19, 21, 22 және 23 ақпанда Абай атындағы МАОБТ сахнасында мазмұнды, түрлі жанрдағы бағдарлама көрсетіледі. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Алғашқы күні театр ұжымы өзінің негізгі бағыты – неоклассика мен заманауи хореографияны үш бір актілі балет арқылы көрсетеді. «Astana Ballet presents» бағдарламасына Джордж Баланчиннің «Concerto Barocco», Р.Ребектің «A Journey of Memory» және Н.Фонтенің «Love’s Lost Idols» туындылары енген.
Ал, 21, 22 және 23 ақпанда «Күлше қыз» балетінің премьерасы өтеді. Сергей Прокофьевтың ғаламат музыкасы, көлемді декорациялар, ғажайып костюмдер мен бала кезден баршамызға белгілі сюжет – хореограф Надежда Калинина сәтті спектакльдің құрамдас бөліктерін бір арнаға тоғыстырып, сиқырлы хореография, ұтымды әзілді қолдана отырып, ересектер мен балалардың көзайымына айналған ертегі-балет жасады.
Басшылықтың айтуынша, екі көріністі балет Абай атындағы МАОБТ сахнасына ыңғайланып, ықшамдалған. Бірақ, спектакль авторлары балеттің бірде-бір ғажайып деталі ұмыт қалмайтынын, алматылықтар бұл спектакльдің ғаламатын сезіне алатынын айтып отыр. Күлше қыз партиясын орындайтындар: Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Татьяна Тен, Назерке Аймұхаметова және Дарина Қайрашева; Ханзаданың рөлін сомдайтындар - Қазбек Ахмедияров, Сүндет Сұлтанов және Фархат Бөриев.
«Әрине, Алматыда өнер көрсету бізге зор жауапкершілік жүктейді. Себебі, кәсіби мамандарымыз Алматыдағы балет мектебінің түлектері. Мұнда біздің ұстаздарымыз қызмет етеді. Туған-туыстарымыз да осында тұрады. Бұл қаланың көрермені де ерекше – зерделі, талғампаз әрі зиялы», - дейді, театрдың бас балетмейстері Мукарам Авахри.
Сонымен қатар, көрермен назарына балет әлеміндегі белгілі фотосуретші Алексей Кривцовтың фотокөрмесі ұсынылады. «Астана Балет» театрымен бірлесе істеген жұмыстары, балерина мен бишілерге өзге қырынан, кейде тіпті, таңсық ракурстан қарауға мүмкіндік береді. Бұл көрменің әр фотосуреті – балет ғаламаты мен бишілердің шеберлігін әспеттейтін, қазақстандық балеттің ерекшелігін, соның ішінде, әр әртісті даралайтын нағыз өнер туындысы.