Жер бетінен жойылуға шақ қалған айрықша жаратылыстың жоғалмауын мақсат тұтқан табиғат жанашыры 6 жылдан бері Каспий теңізіндегі итбалықтардың мінез-құлқын зерттеумен айналысып келеді. Жыл мезгілдеріне қарамай теңіз жағалауындағы дүлей дауылмен жағаласа жүріп, балықтарды тынымсыз таспаға түсіретін Әселдің бір күнін көз алдыңызға елестетіп көріңіз. Уытты жәндіктер мен улы жыландардың арасында жұмыс істеу от пен оқтың ортасында жүруден бір мысқал кем емес. Ол үшін сақтықтан бөлек асқан төзімділік керек-ақ.
«Бүгінде еліміздегі итбалықтардың саны бізге беймәлім. Халықаралық табиғатты қорғау одағының Қызыл тізіміне енген бұл жануар жойылудың аз-ақ алдында тұр. 2005 жылы жүргізілген соңғы санаққа сәйкес итбалықтардың саны – шамамен 100 мың. Ал Кеңес кезеңіндегі ғалымдардың зерттеулерін зерделесек, Каспийдің Қазақстандағы бөлігінде миллионға жуық итбалық болған. Демек, қазір олардың саны 90%-ға азайған». «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы, эколог Әсел Баймұқанова осылай дейді.
Қаршадайынан табиғат ананың тылсым сырын ұғынуға іңкәр болған Әселдің бұл тақырыпты індете зерттегеніне де талай жылдың жүзі болыпты. Марқакөл баурайына әкесіне ере барған сезімтал қызды балықтар әлемінің жұмбаққа толы тіршілігі сонау оқушы кезінде-ақ қызықтырған. Мектеп бітіргеннен кейін шетел филологиясы факультетіне оқуға түскен ол, көкірегін маздатқан бала арман бір сәтке болса да көңілін тыншытпағанын жасырмайды. Ақыры арманға ерік беріп, өзі оқыған Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне «Экология» мамандығы бойынша магистратураға түскен. Магистрлік диссертациясын да балықтар тақырыбына арнапты. Дегенінен танбаған табанды қыз өз кәсібіне деген адалдық пен сүйіспеншіліктің арқасында көлденең шыққан кедергілер мен бойдағы қорқынышын кес-кестеп өткен. Бар мақсаты адамдарды теңіз сүтқоректілерін аман алып қалуға шақыру.
– Каспий теңізінің биологиялық алуан түрлілігін сақтап, оның ішінде Қазақстандағы жалғыз теңіз сүтқоректілері – жергілікті Каспий итбалықтарының өміріне араша түскім келеді. Каспий итбалықтарын сақтау арқылы біз басқа да экологиялық мәселелерді шешетінімізге еш күмән келтірмеймін. Мен қаншама уақыттан бері итбалықтардың мінез-құлқын, ерекшеліктерін зерттеп келемін. Бәлкім біреулер «мұның қаншалықты қажеті бар?» деп ойлайтын болар. Каспий итбалықтары жергілікті түр, оны Жер шарының басқа еш жерінен кездестіре алмайсыз. Бұл – өте маңызды. Теңіз сүтқоректілері тіршілік ортасының өзгеруіне қалай бейімделіп жатыр? Қандай қиындықтарға кезігуде? Міне, осы сұрақтарды шешу арқылы еліміздегі жалғыз түр боп есептелетін Каспий итбалықтарының өмірін сақтай аламыз. 2005 жылы жүргізілген авиаесеп теңіз сүтқоректілерінің саны он есе азайғанын көрсетіп берді. Яғни, шамамен 100 мыңдай ғана қалған. Біздің есеп бойынша да соңғы 15 жылдықта олардың саны тағы да азая түсуде, алайда нақты қаншаға екенін дөп басып айта алмаймыз. Оған қосымша зерттеу жүргізу керек. Қазір Қазақстанға қарайтын Каспий теңізінің бір аумағында ғана итбалықтар мекен етеді, ол – Комсомол шығанағында Оппа ауданы мен Дурнев аралы теңіз ауданындағы кішігірім аумақ. Итбалықтарды бақылау барысында, олардың кейбір іс-әрекеттері адамдікіне ұқсайтынын аңғардым. Мәселен, олар өзінің ауырған тұқымдастарын жалғыз қалдырмайды, қиын сәтте солармен бірге мазасызданып, қасында болады, – дейді Әсел Баймұқанова.
Әсел тілге тиек еткендей, ғалымдар итбалықтардың түйсік қабілеті жоғары дәрежеде дамығанын ертеректе анықтаған. Кейбір мәліметтерге сүйенсек, олардың денесіне қатты соққы тигенде көздерінен жас парлап, адамдар секілді «жылайды». Музыка естілсе, құлақ қоя тыңдап, әуен ырғағына еліктейтін көрінеді. Бұл осы бір жұмбақ жаратылыстың адам баласына қаншалықты жақын екенін байқататындай. Бүгінде өзі қызмет ететін Гидробиология және экология институты мамандарымен бірге итбалықтардың тылсым сырын, ерекше қасиетін бейнелеген бірнеше шағын фильмдердің түсірілуіне атсалысқан Әсел, адамдар жоғалып бара жатқан табиғат байлығына мейірім көзімен қараса деген тілекте. Өйткені кәсіптік маңызы бар жануарлар санатына жататын итбалықтар, көбіне-көп еті мен майы, терісі үшін құрбан болып жатады.
Әсел бастаған мамандар тобы кезекті бір зерттеу барысында итбалықтар Кендірлі шығанағын тастап кеткенін анықтапты. Айтуынша, 2016 жылдың күз мезгілінде мұнда 400 бас итбалық мекендесе, 2018-2019 жылдары аталған аумақта бірде-бір итбалық қалмаған. Мұндай жағдайларды болдырмас үшін ерекше қорғаудағы табиғи аумақтардың мәртебесін жоғарылатып, теңіз жануарларының құрлыққа шығып жататын жерін адамдардан қорғау керек деп есептейді.
– Каспий теңізінің жағалауын мекен еткен тұрғындар, аталған итбалықтардың жер бетіндегі бірегей тұқым екенін түсініп, оларды қорғаса, – деген Әсел, бұл тұрғыда арнайы ұсыныс та әзірлепті.
«Теңіз жануарларының құрғақ жерге – жатаққа шығатын уақытында балық аулауды тоқтатып, су кемелерін жүргізбеу керек. Жатақтарды сақтап қалып, итбалықтар мекендейтін жерлерді қайта қалпына келтіру үшін мемлекеттік табиғи резерват ұйымдастырған абзал. Сонымен бірге Каспий итбалығын сақтау мен тиісті шаралар жүргізу туралы халықты толық хабардар етіп, трансшекаралық жануар болғандықтан, мемлекет аралық зерттеу ұйымдастыру қажет. Каспий теңізі балық ресурстарына бай, десе де қазіргі бірінші кезекте бекіре тұқымдас балықтар зардап шегіп жатыр. Оған себеп – шамадан тыс аулау. Бұл тұста тек бекірелер емес, итбалықтардың да зардап шегетінін айта кеткен жөн. Олар балықшылардың құрған тұзағына түсіп, өздігінен шыға алмай, өліп қалады. Былайша қарасаңыз, теңіз түбінде барлығы бір-бірімен тығыз байланыста. Оған қосымша итбалықтардың төлдеу кезінде ең үлкен қауіп төндіруші – Каспий теңізінің солтүстік бөлігіндегі кеме қатынасы, теңіздің ластануы мен климаттың өзгеруі», дейді Әсел.
Өркениет өрге басып, зәулім ғимараттар зау биікке ұмтылғанымен, әлемнің түкпір-түкпірінде адамзат өміріне қатер төндірген дабылды жағдайлар жиілеп бара жатқаны белгілі. Технология қанша жерден қарыштап дамыса да, табиғат ана тарту еткен жанды игіліктерді алмастыра алмайды. Оны қорғау – өзімізді қорғау. Еліміздің Теміртау, Өскемен, Алматы сынды қалаларындағы ауаның ластануы, шөлейттену, Арал теңізі мен Балқаш көлінің тартылуынан туындап жатқан экологиялық апаттарды тойтару мәселесіне айрықша ден қойған болашақ ғалым бұл бағыттағы алғашқы баспалдақтардан аттап та үлгерген.
«Талаптың оты арындап» тұрған шағында бар жігерін білімге арнап, ғылымға ден қойған талантты жастардың көбейіп келе жатқаны, ең алдымен мемлекет мерейі. Ойға алған мақсатын іске асырып, өз арманына қанат қаққан дарынды азаматтардың кейбірі ел арасында зор жетістіктерімен танылып жүр. Табиғат байлығын сақтау – болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік. Ал оған төнген қатерді сейілту ұшан-теңіз еңбек. Ендеше, тәуелсіздік жылдары еліміздің сан-салада табысқа жетіп, ғылымы мен мәдениетіне сүбелі үлес қосқан тұлғаларды даралайтын бірегей тізімге Әсел Баймұқанованың есімі кездейсоқ енген жоқ. Балық баураған қызды халық бекер таңдамаған екен.
АЛМАТЫ