Биыл Маңғыстауда қыс жылы болды. Бұл, әрине, шаруа баққандар үшін қолайлы болуы мүмкін, бірақ әр мезгілдің өз мінезіне сай болғаны жақсы-ау! Әйтпесе, шіліңгір шілденің сәні құрт-құмырсқа, бақа-шаян сынды жыбырлаған жәндіктердің қақаған қыс айы саналатын қаңтар-ақпанда да асыр салып жүруі жақсы да, жарасымды да емес.
Улы жәндіктердің уыты жаз мезгілінің соңына таман, яғни қырық күн шілде бітерде қайтып, күн әбден суытқан соң олардан шағып алады деген қауіп болмауы керек еді. Алайда «Естімеген елде көп» дегендей, биыл Маңғыстауда қыс ортасында сары шаян шағып алу оқиғасы бір емес бірнеше рет орын алды.
Маңғыстау облыстық Денсаулық сақтау басқармасының дерегі бойынша, алдымен бір түнде жеті әйелді сарышаян шағып алған. Ең бірінші жедел жәрдем қызметіне жүкті әйел хабарласқан. Ол Бейнеу ауданының тұрғыны екен. Жүктілікке қауіп төнуі мүмкін болғандықтан ол орталық аудандық ауруханаға жеткізілді. Көп ұзамай Бейнеу ауданының тағы бір тұрғыны медициналық көмекке жүгінсе, үшінші оқиға аталған ауданға қарасты Боранқұл ауылында 1985 жылы туған қыздың басында болды. Шаян шаққан төртінші жағдай Қарақия ауданы Құрық ауылында тіркелді. Соңғы үш оқиға Жаңаөзен қаласында тіркеліп, бұл жерде де әйелдер зардап шекті.
Алдымен әйелдерге шабуыл жасаған шаяндар артынша тағы да үш тұрғынға уын дарытты. Яғни, Маңғыстау облыстық «Жедел жәрдем» және «Жедел медициналық жәрдем» қызметіне сары шаян шақты деген үш шағым бұл жолы да Бейнеу ауданының тұрғындарынан түсіпті. Олар – 16 және 17 жастағы қыздар, сондай-ақ 62 жастағы ер адам.
– Барлық адамға алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Ауруханаға жатқызудың қажеті болған жоқ. Одан әрі оларға тұрғылықты жері бойынша дәрігерден кеңес алу ұсынылды, – дейді мамандар.
Сонымен, Маңғыстауда екі күнде шаян шағуынан он адам зардап шекті. Сары шаяндар негізінен түнгі уақытта, әсіресе таңға қарай шабуыл жасайды екен.
Маңғыстауда қаһарына қыс емес, шаяндар мініп тұр. Жаһандық жылынудың әсері ме, әйтеуір қыста шаян шағуды ешкім жақсылыққа жорып отырған жоқ. Қыстан қымсынбаған шаяндар жазда әбден күшіне мініп, уыты күшейген шақта қайтпек деген қорқыныш бар.
Маңғыстау облысы