• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Абай 17 Ақпан, 2020

«Абай жаққан бір сәуле сөнбеу үшін»

2798 рет
көрсетілді

Біз Мұқағали туралы сөз қоз­ғасақ, ұлы Абайды айналып өте алмаймыз. Өйткені Мұ­қаға­ли поэзиясының бас­тауы оның ұлы ұстазы хакім Абай­дан арна тартады. Осы ретте, биыл Абай Құнанбайұлының 175 жыл­дығы кең ауқымда той­ланға­лы жатқанын ескеріп, шағын мақалада Абай мен Мұқағали арналарын түгел ашып айта алмасақ та, көкейдегі кейбір ойларымызды осы ұлы шарамен сабақтастыра отырып ортаға салу­ды жөн көрдік.

Жалпы, Абай әлемі – ұлтымыздың мі­нез-құлқы, болмыс-бітімі, тұрмыс-тір­ші­лігі, дүниетанымы, жаны, тілі, діні, ділі, рухы жан-жақты көрініс тапқан бірегей құбылыс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газе­тінде жарық көрген «Абай және XXI ға­сыр­дағы Қазақстан» атты мақаласында Абайдың 175 жылдығына арналған мерейтой аясында мемлекет көлемінде және халықаралық деңгейде ауқымды іс-шаралар ұйымдастыру жос­­парда екенін атап өте отырып, ол шара­лардың «той тойлау үшін емес, ой-өрі­сімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуы­мыз үшін өткізілмек» екенін алға тартты.

Президент сол мақалада «Абай мұрасы – біздің ұлт болып бірлесуімізге, ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылық. Жалпы, өмірдің қай саласында да Абайдың ақылын алсақ, айтқанын істесек, ел ретінде еңсе­ленеміз, мемлекет ретінде мұратқа жетеміз», деп атап көрсетті.

Біздің ең бір ескеретін жеріміз, бұл бағ­дарламалық мақала алдымен еліміз­дің абайтанудағы жаңа қадам­дарын айқындап беріп отыр. Жалпы, атал­ған ғылымға әр зерттеуші өз биігі­нен қарай­тыны белгілі. Тіпті, хакім қалып­тас­тырған үлкен мектептің ірі-ірі өкіл­дерінің өмірі мен шығармашылығын жан-жақты терең зерделей отырып та Абай әлеміне көз жүгіртуге болады. Бұл ретте Абай табиғатымен рухы үн­дес ақындар шоғыры қазақ әдебие­тінде ай­тарлықтай көп. Әрине, соның біре­гейі, жоғарыда айтып өткен, Абайды темірқазық тұтқан тұлға – Мұқағали Мақатаев.

* * *

Сонау соғыстан кейінгі жылдары шалғайдағы бір ауыл мектебінде оқушылардың бірі Абай жөнінде жазған шығармасын «Абай – Гималай!» деп аяқтапты. Оқушысының осы бір ауыз сөзіне риза болғаны соншалық, бағаға сараңдау мұғалім еш ойланбастан бестік бағасын қойыпты. Ол оқушының аты-жөні Мұқағали Мақатаев екен.

Бұл жерде біз шалғайдағы бір ауыл мектебіндегі ұстаздың ұлағаттылығы мен шәкірттің сұңғылалығына тамсана оты­рып, осы шағын мысалдың өзі-ақ Мұ­қа­ғалидің бала күнінен Абайдың ұлылы­ғына бас иіп, ұлықтап жүргенін айқын аңғартатынына баса назар аударғымыз келеді.

Мұқағалидің Абай әлеміне жақын­дығының тағы бір мысалы, оның өмірін­де маңызды оқиға болған мына жағ­дайдан да көрінеді.

Мұқағалитанушы Оразақын Асқар­дың айтуынша, Мұқағали сайлау науқаны тұсында ауылдық кеңестің хатшысы ретінде төлқұжаттарын өз қолымен туралап алған. Ақын өмірбаянына үңілсек, оның 1948 жылы Шибұт ауылында ауылдық кеңестің хатшысы болғанын білеміз. Ал КСРО тарихынан 1947-1948 жылдары жергілікті кеңес орындарының сайлауы өткені белгілі.

Десе-дағы, Мұқағали туған күнін төлқұжатқа туралап түсірерде, неге нақ 9 ақпан күнін таңдап алды? Өзі нақты есептеп шығарды ма, әлде басқа бір оймен осы күнді әдейі таңдап алды ма? Осы орайда мынадай жорамалға жол беріп көрелік.

1948 жылы мектеп бітірген Мұқағали арман қуып ел астанасы Алматыға келгенде, еш қиындықсыз оқуға түсіп, ҚазМУ-дың филология факультетінің студенті атанған еді. Алайда орталыққа жақын аудандардың студенттеріне жатақхана берілмегендіктен, алатын стипендиясы не тамағына, не пәтерақысына жетпей әрі ауылда асыраусыз қалған үй-ішінің ауыр тұрмысына алаңдап, оқуын одан әрі жалғастыруды мүмкін деп таппады да, армандап келген оқуын доғаруға мәжбүр болды. Дегенмен, сол тұста ол Мұхтар Әуезовтің дәрістерін тыңдап, Абайдың көзін көрген ұстаздың өз аузынан ұлы ақынның поэзиясы ғана емес, туып-өскен ортасы туралы да лебізін естіді. Әлемдік әдебиеттің, соның ішінде Шығыс әдебиетінің білгірі Мұхаңның дәрістері жас ақынның қиялына қиял қосып, қанаттандырғаны, шартарапты шарлаттырғаны сөзсіз. Жас Абай Шығыс жұлдыздарының жыр жауһарларымен сусындап, ұлы ұстаздарына қалай еліктесе, жас Мұқағалиді де Шығыс поэзиясы солай еліктіруі тым табиғи.

Бозбала Абайдың: «Физули, Шәмси, Сәйхали, Науаи, Сағди, Фирдауси, Хожа Хафиз – бу һәммаси, Мәдет бер, я шағри фәрияд» деп, Шығыстың ұлы шайырларын айрықша құрметпен тілге алып, олардан шалқар шабыт жолында медет сұрап, ерекше қадір-құрмет тұтқаны бел­гілі. Осы аталған шайырлардың іші­нен Әлішер Науаиға Абай айрықша тәнті болып, оның шығармашылық дәстүрін жал­ғас­тырған. Мұхтар Әуезов: «Оған тіл­дері түсінікті ең жақын ақындар бол­ған­дықтан, Науаи, Физули үлгісі көп әсер етеді. Жас шағында сол ақындар өз­деріне үлгі еткен Фирдауси, Сағди, Хожа Хафиз тәрізді ұлы классиктердің ескі өзбек тіліне аударылып, Абайға сол аудар­ма арқылы таныс болуы көңілге қоны­м­дырақ көрінеді. Бұл соңғыларды Абай біл­генде, түрікшеленген аудармалар­дан білу керек», деп жазған және де: «Өзі­не ең жақын ұстаз етіп классик Науаи шы­ғармаларынан үлгі іздейді», деген.

Ал енді барлық дереккөздерінде Әлішер Науаидің 1441 жылғы ақпан айының 9-ы күнінде қазіргі Ауғанстан аумағындағы Герат қаласында туғаны айтылады. Араға 490 жыл салып, дәл сол ақпан айының 9-ы күні алыстағы Қарасаз ауылында дүниеге Мұқағали келеді. Осы кездейсоқтық па, әлде басқа жағдай ма?

1948 жылы Әлішер Науаидің шығар­малары қазақ тілінде тұңғыш рет «Таңдамалы шығармалар» деген ат­пен Мұхтар Әуезовтің алғысөзімен басы­лып шықты. Сол жылы Науаи жи­нағы Ташкент қаласында орыс тілін­де де басылды. Мұның елдің мәдени өмі­­рін­дегі осы ұлы оқиғалардың енді ғана әдебиет әлеміне есік ашқан Мұқа­ғали­дің дүниетанымына әсер етпеуі әсте мүмкін емес. Жас ақынның өз жанын қатты толқытқан қаһарманға еліктеуі, «болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз» деп Абай айтқандай, соған ұқсауға тырысуы неге болмасын? Сон­дық­тан, ол өз туған күнін таңдарда ұлы адам­ның дүниеге келген уақытымен дәл­ме-дәл келуін ойластыруы әбден мүмкін. Ырымшыл қазақтың баласы ғой, «ұлы шайырдың жолы маған да жұғысты болсын» деп ырымдауын, «сол сияқты атақты ақын болсам» деп армандап, «поэзия көгінде жарық жұлдыз болсам» деп қиялдауын жоққа шығара алмаймыз. Оның үстіне, отбасылық жағдайға бай­ланысты оқудан қол үзіп, сонау шал­­ғайдағы ауылда жүріп асқақ арман-қиял­ға бөленіп жүрген бозбаланың аң­сары әрнеге ауа беретін көңіл күйі нешік? Бұндай психологиялық жағдайды да ескер­меске болмайды. Бұл бозбала ақын­ның табиғатына, болмысына келеді-ақ.

Абырой болғанда, он сегіз жасқа тола қоймаған албырт шағында ол құжатнама толтырып, іс-қағаздарын жүргізетін ауылдық кеңестің хатшысы қызметін атқарады. Сол тұста өз төлқұжатын дұ­рыстап алған Мұқағали мұндай мүм­кін­діктің туғанын «Жаратқанның сыйы» деп қабылдауы хақ. Оның туған күніне байланысты осы жорамалымыз шын­дыққа жанаса ма? Оны бір Жарат­қан Ие біледі. Қалайда, күнтізбеде екі ұлы ақынның есімі қатар тұр.

«Қуат алам Абайдың тіл-күшінен, Жыр жазамын Абайдың үлгісімен. Абай болып табынам бір кісіге, Абай болып түңілем бір кісіден», деп ақиық ақынның өзі жырлағандай, Мұқағали ұлы ұстазына еліктеп жыр жазғанын оның алғашқы өлеңдерінен-ақ анық аң­ғаруға болады. Мәселен, мына төмен­дегі «Ауырмай жаным қиналды» атты өлеңі­нен Абайға тән теңеулерді танимыз:

«Жүректе – сәуле, ойда – шам,

Жарығы шықпай ішімнен.

Ауырмай жаным қиналам,

Жадына сақтар түсінген».

Десе-дағы, Абай мен Мұқағали поэ­зия­сындағы үндестікті тек сыртқы ұқсас­тықтан іздемеу керек. Мұқағали Абай дәстүрін әрі қарай жалғастыра отырып, жаңаша жырлап, тыңнан түрен салды. Өз өрнегімен өлең жазып, поэзия әлемінде қайталанбас сара жолын тапты.

Өлмеу үшін, құлқынды жемдеу үшін. 

Мен-дағы өлең жазбаймын ермек үшін.

«Жаздым үлгі жастарға бермек үшін»,

Абай жаққан бір сәуле сөнбеу үшін.

Екі бөлек ғасырда өмір сүрген екі ұлы ақын айтар ойын, идеясын өз жүрек­терінің терең тұңғиығынан өткі­зіп барып, терең тебіреніспен жазды. Мұқа­ғали Абайдың «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» атты әйгілі өлеңіндегі алғаш­қы тармақты аз ғана өзгерте, өз өлеңі­нің өн бойына арқау ете отырып, әрі қарай өз идеясын жеткізеді. Абай көзі ашық, көңілі сергек жастарға ақыл-кеңес айтса, Мұқағали «адамдардың қуаны­шын, шаттығын, мұң-наласын арқа­лап», солардың «жаралы жүректерін емдеу үшін» толғайды. Абай «мен жазбай­мын өлеңді ермек үшін, жоқ-барды, ертегі­ні термек үшін» десе, Мұқағали оның ойын дамыта түсіп, «ермек үшін белгілі жыр­ламасым, ермек десе, ел мейлі тың­дамасын» деп, елге талғам тура­лы талап қоя білетінін аңдатады. Абай мек­тебінен дә­ріс алып, Абайша жазуға тал­пынған, заман бейнесін Абайша көрсетуге ты­рыс­қан Мұқағали «Абай жақ­қан бір сәуле сөнбеу үшін» ұлы ақын­ның дәстүрін әрі қарай жалғастыруды көздеген.

Мұқағали философиясы өз арнасын Абай сынды ұлы бастаулардан тартады. Осы ретте Т.Ахметжанның: «Мұқағали – үлкен философ ақын. Мұқағали философиясын түсіну үшін Абай философия­сын бойымызға сіңіре білуіміз керек. Мұқағалидің философиялық ой бастауы Абайдан арна тартады», деген қисынды пікірін келтіре отырып, зерттеушінің Мұқағали философиясын дөп басқанын айта кетуді жөн көрдік.

Мұқағалидің баласы Жұлдыз Мұқа­ғалиұлы әкесінің шығармашылық шабытты шақтарын былай еске алады: «Әкемнің жазу үстелінде Абай атамыздың шағын мүсіні тұратын. Өлең жазуға отырған са­йын өз еңбегінің өнімділігін сол мү­сін­ге қарап таразылайтын. «Шалдың қа­бағы бүгін маған ашық-жарқын, шамасы, еңбегім нәтижелі болатын шығар», дей­тін. Ал кейде: «Шалдың қабағы түсіп ке­тіп­ті ғой, әй, қайдам, бүгін жазуға шабы­тым келмейтін шығар», деп налитын».

Ақын замандастарының бірі Мұқаға­лиға Абайдың екі томдығын сыйлап тұрып: «Абай – Шығыстың сегізінші жұл­­дызы», деп әзілдегенін айтады. Сол әзіл­­дің астарында ұлы ақынды әспеттеу, оған деген халық сүйіспеншілігін, Абай мұра­сының мұсылмандық Шығыс елдеріне де ортақ қазына екенін білдіру жатса керек.

Мұқағали Абайдың өзіндік шын бағасын «Дала данышпаны» атты өлеңінде бере білген.

Дала жатыр өн бойы тұнған өлең.

Абай, міне, жапанда тұрған емен.

Ата сөзі тербеткен бесігімді,

Ата сөзін өмірде тыңдап өлем.

«Мыңмен жалғыз алысқан» Абайды «жапанда тұрған еменге» теңегенде, Мұқағали оның ақындық қуатын, мызғы­мас мықтылығын, ешкімге ұқсамайтын даралығын айтады. «Жапан» деп ХІХ ғасырда әлі де болса өркениеттен тыс қалған, қараңғылық жайлаған қазақ даласын меңзесе, «емен» деп, еменнің мықтылығын ғана емес, сондай-ақ, оның ұзақ жасайтындығын, жаңғағын төгілтетін мәуелі ағаш екенін де ескереді.

Ата сөзі тербеткен бесігімді, Ата сөзін өмірде тыңдап өлем, – деп Абай­дың сөзін ғасырлар бойы ұрпақтан-ұр­пақ­қа тарап келе жатқан бабалардың бай мұ­расымен сабақтастыра отырып, дәс­түр жалғастығына да назар аудартады.

Дала деген – күй сандық бұл қазаққа, Абай десе, құлағы елеңдеген, – дей отырып, бай рухани мұраны бойына тұмар еткен қазақтың ендігі жерде жазба әдебиетінің негізін салып, ұлы жаңалықтар әкелген Абайдың зор үніне елтитінін айтады.

Тірі Абайды әлдиле, дарқан далам,

Өлең селі өңіріңді тербесін бір.

Абай өз заманына ғана Абай емес, бү­гінгі де, ертеңгі де заманға Абай боп қа­лады. Ол – мәңгі тірі, уақытқа бағынбайды.

 ...Ұлы емес Абай жалғыз сахараның,

Мен емес, солай деген аталарым.

Сол ұранды ұрпаққа апарамын,

Мен қазақ – Абай болып атанамын.

Абай тек қазақтың ғана ақыны емес, күллі адамзаттың ақылгөйі. Өзге жұрт қазақ десе, Абайды таниды, Абай десе, қазақты таниды. Міне, Мұқағали осыны ұғындырып, бүгінгі оқырманына жеткізіп отыр.

Пушкиннің «Я памятник себе воздвиг нерукотворный» дегенін өзгерте айт­қанда, Мұқағалидің шоқтығы биік бұл шы­ғар­масын ұлы ұстазына өлеңнен орнат­қан ескерткіші десек те артық болмайды.

Мұқағалидің өзі жанрын «кансон» (латынша – «канцона») деп қойған «Жапанда жалғыз жас емен» атты жас кезінде шығарған өлеңіне әдебиет­шілер аса назар аудара бермейді. Ал шын­ды­ғын­да, осы жырын талдай келгенде, оның астарында жасырынған үлкен жұм­бақ-сырды аңдауға болады.

Жапанда жалғыз жас емен,

Келеді өсіп жаңадан.

Тербеліп баяу желменен,

Өткізген күнін санаған.

Осы өлеңінде Мұқағали «жас емен» деп өзі туралы айтып отыр. Өзін жас емен­­ге теңей отырып, сол арқылы өзі­нің кө­ңіл-күйін, психологиясын беріп қана қой­­май, қоғамдағы өз орнын да белгі­лейді. Ақын өлеңін мұңмен бастаса да, «жаңа­рып бірге күнменен, өсе бер толып, жа­сыма!» деп, асқақ оптимизммен аяқтайды.

Енді осы жастық жырын Абайға арнаған «Дала данышпаны» атты туындысымен салыстырсақ, екінші өлеңінде «жапан», «емен» сөздеріне байланыс­ты қайталаушылықтарды байқаймыз: «Жапанда жалғыз жас емен» – «Абай, міне, жапанда тұрған емен». Алайда бұл – жай ғана сөз қайталаушылық емес, ойды дамыту, шарықтату. Ақыл-ойы толысқан Мұқағали бір кездегі жас Мұқағалидің ойын дамыта отырып, жаңа, биік сатыға шығарады, ұлы Абай­дың деңгейіне жеткізеді. Уақыттың «баяу желіменен тербелген» «жапандағы жал­ғыз жас емен» – Мұқағали, енді, міне, «жапанда тұрған емен» – «дарқан дала­ны өлең селімен тербеткен» «тірі Абайға» айналды. Осыдан-ақ, Мұқаға­ли шы­ғарма­шы­лығындағы ішкі сабақтастықты, өзектестікті, өміршеңдікті көреміз.

Абайды рухани Темірқазық еткен Мұқағали ұлы ұстазының сұңғыла ізд­е­ністерін көңіл сарабынан өткізе оты­рып, өз сара жолын табуға тырысты.

Сөзімізді жалғастыра түссек, аталмыш «канцона» дегеніміз (итальянша «canzone» – «ән-жыр») – лирикалық махаббат жыры. Ол трубадурлар поэзиясын­да кеңінен тараған еді. Кейінірек оны гали­сиялық-португалдық һәм итальян­дық ақындар қабылдап алып, аталмыш өлең түрі Италияның ұлы ақыны Фран­­ческо Петрарканың шығарма­шы­­лы­­­ғында дамудың биік шыңына жет­ті. Осы мысалдан Мұқағалидің жас кезін­де Петрарканың поэзиясына құ­март­қа­нын байқауға болады. Сол ар­қылы ол Пет­рар­каның атақты заман­дасы Данте Алигье­ри­дің шығар­машы­лығы­мен танысып, ақыр соңында оның «Құдірет­ті коме­дия­сын» аударуға шешім қа­был­даған сияқты.

Мұқағалидің ішкі түйсігі оны ортағасырлық Батыс мәдениетінің үлгілерімен танысуға үндеген тәрізді. Батыстың классикалық әдебиеті мен философиясы қаншалықты бай екендігі белгілі. Ақынның жас кезінде неміс факультетіне оқуға түсуі оның Батыс әдебиетіне қаншалықты аңсары ауғанын аңдатады. Аталмыш факультетте неміс, ағылшын тілдері қатар оқытылатын. Мұқағалидің Гете мен Шекспирдің тілін біліп, олардың шығармашылығын, жалпы, Батыс мәдениетін тереңірек ұғынуға талап қылуында осындай үлкен сыр жасырынып жатқандай.

Бір қызығы, Мұқағали өз жинақ­тарына шығармаларының бәрін енгізе бермеген. Елеп-екшеп, ең таңдаулысын ғана беруге тырысқан. Мұқағалидің өз шығармашылығына қаншалықты талаппен қарайтындығы жөнінде жұ­байы Лашын былай деп жазады: «Кей ақындар жазған өлеңінің сиясы кеппей, газет-журналдарға ала жөнеледі. Ал Мұқағали тез бастыруға асықпайтын. Өзі оқып, жолдастары алдында оқып, әбден өлеңінің ширақ екеніне көзі жеткен соң ғана баспаларға ұсынып жүрді».

Осылайша өнімді еңбек еткенмен, ақын әдебиет сыншыларының назары­нан тыс қалды. Тек үшінші жинағы­на ғана Әбіш Кекілбаев жылы пікір біл­діріп, араға біраз уақыт салып «Ленин­шіл жас» газетінде сын мақаласы жария­ланды. Сөйтсе-дағы, аталмыш мақала әдеби сынға қозғау салмады. Аузы дуалы дейтін ақын-жазушылар да, сыншы, әде­биетшілер де, келісіп алғандай, Мұқа­ғали туралы жұмған ауыздарын ашпады.

Ақын шығармашылығының дер кезінде бағаланбауы неліктен? Бұл турасында мұқағалитанушылардың бірі, Мұқағали Мақатаев атындағы әдеби сыйлықтың лауреаты Оразақын Ас­қар былай дейді: «Эмиль Золяның шы­ғар­­­маларынан: «Егер сенің шығарма­ларыңды оқыған адамдар сені көтерме­леп, шығармаларыңды мақтап жатса, онда сен сол айтқан кісілердің деңге­йінде бірдеңе жазғансың. Ал егер сенің шығар­ма­ларыңды оқығандар үнсіз қалса, онда сен олар айтпағанды айтып, олар­дың қызғанышын тудырғансың», деген сөздерді оқыдым. Мұқағалидің поэзия­дағы жолы осы айтылғанның екінші­сіне ұқсас. Ол кітап шығарып, баспасөзде жарияланып жүрсе де, басқа ақындар секілді сыйлыққа ұсынылып, шығармалары талданып, жаппай насихатталып кеткен жоқ. Керісінше, еленбей қалып жатты».

Зады, Абайдың өз тұлғасы, болмысы туралы «мен бір жұмбақ жанмын, оны да ойла» дегеніндей, Мұқағалидің тұлғасын тұтастай алғанда, оның да ұлы ақын сияқты жұмбақ жан екенін түйсі­неміз. Зерттеушілердің екі ұлы тұлғаны қатар қойып шендестіруі, екеуін бір биік­тен көріп теңестіруі тегін емес. Осы тұр­ғыда біз белгілі шығыстанушы-ғалым, ақын Өтеген Күмісбаевтың Абай жөнін­дегі пікірін Мұқағалиға қарата айтқа­­нындай қабылдаймыз. «Абай біз үшін әлі де жұмбақ жан, таңдай қағып тұшын­­ғанымыз болмаса, тереңіне барып бой­лай алмай жүрміз, әлі күнге дейін Абай­­ды түсіндірумен, түсініктеріне түсі­нік айтумен келеміз. Абай бізден бұны күтті ме, күтпеді ме, ол жағы ұлылар үшін бәрібір сияқты көрінеді. Сайып келгенде, Абай Батыстікі де емес, Шығыс­тікі де емес, қазақтікі, қазақ мәдени өлеңінің басы», дейді Шығыс поэзиясының білгірі.

Расында да, Абай бізге қаншалықты жұмбақ болса, Мұқағали да бізге сонша­лықты жұмбақ. Абайды әлі күнге дейін түсіндірумен келе жатсақ, Мұқағалиді да әлі күнге дейін түсіндірумен келеміз. Мұқа­ғалидің өзі көрегендікпен айт­қан­дай, оны арайлы таңы жаңа атқан ХХІ ғасырдың, мүмкін одан арғы ғасырлардың ұрпақтары түсінетін болар, бәлкім.

 

Жақыпжан НҰРҒОЖАЕВ,

жазушы