• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 17 Ақпан, 2020

Семейлік оқушылар жүлдегер атанды

477 рет
көрсетілді

Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметшісі Ермек Исабаев хабарлағандай, Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы жыл сайын жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жобалар байқауын өткізіп келе жатыр.

Биылғы байқау 11-14 ақпан аралығында Алматы қаласы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің базасында өтті. Осы байқауға Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінен қатысқан 12-інші сынып оқушысы Ұлан Сейітқалиев өзінің компьютерлік және физикалық модельдер арқылы табиғи және виртуалды орталық күштердің заңдылықтарын зерттеуге арналған ғылыми жобасымен 1-ші орынды, 11 сынып оқушылары Бек Қадесов пен Әлішер Рымқанның бірлесе жасаған онкотерапияда қолданылатын алтын нанобөлшектердің құрылымын зерттеуге арналған ғылыми жобасы 2-ші орынды жеңіп алды. Еске салар болсақ, жақында жоба авторлары мен жетекшісі онкотерапияда қолдануға арналған алтын нанобөлшектердің құрылымын зерттеуге арналған авторлық жұмыстары үшін сертификатқа ие болған болатын. Шәкірттеріміз жеңіске жету жолында тынымсыз еңбектенгендіктерін атап өтуіміз керек, дейді Ермек Исабаев.

Республикалық ғылыми жобалар байқауы - бұл «Қазақстан-2050» стратегиясы аясындағы республиканың экономикалық, әлеуметтік және мәдени дамуының модельдері» тақырыбындағы мектеп оқушыларының ғылыми зерттеу байқауы. Биыл жас зерттеушілер: «Ғылыми-техникалық прогресс экономикалық өсудің негізгі буыны ретінде», «Экономикалық және әлеуметтік процестерді математикалық модельдеу», «Таза табиғи орта – «Қазақстан-2050» стратегиясын іске асырудың негізі және «Қазақстанның тарихи ескерткіштері және перспективалы туристік маршруттар» тақырыптары бойынша төрт бағытта бақ сынасты.  Байқаудың бірінші мектепішілік кезеңінде 21604 оқушы қатысты. Екінші аудандық кезеңде - 7332, үшінші облыстық кезеңде - 3381 оқушы өз білімдерін тексерді. Сайыстың қорытынды кезеңіне 737 жас зерттеушілердің 587 ғылыми жоба ұсынылды.