• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 17 Ақпан, 2020

Ақмешітте аламан айтыс өтті

683 рет
көрсетілді

Қызылорда қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен А.Тоқмағамбетов атындағы  мәдениет үйінде Алтын Орданың 750, Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына арналған «Ұлы даланың ұлағаты» атты республикалық ақындар айтысы өтті.

Дәстүрлі өнердің байрағын биік көтерген Сыр жеріндегі сөз аламаны қалалық жастар театры әртістерінің қойылымымен ашылды. Сахна төріне белгілі айтыс ақындары Бекарыс Шойбеков, Дидар Қамиев, Рүстем Қайыртайұлы, Нұрмат Мансұров, Дидар Апбасов, Біржан Байтуов, Мұрадым Мейірланов, Ержеңіс Әбдиев, Ержан Әміров және болашағынан зор үміт күттіретін жас ақын Бексұлтан Орынбасаров көтерілді. Қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев биылғы Волонтерлар жылына байланысты еріктілер айтысы түрінде өтетін  дүбірлі додаға қатысатын жүйріктерге сәттілік тіледі.

Кіл жүйрік бақ сынаған дүбірлі доданы «Алтын домбыраның» екі мәрте иегері, жуырда ғана Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Адамзаттың алыбы – хәкім Абай» атты республикалық айтыстың бас жүлдесін Сырға алып келген Мұхтар Ниязов жүргізіп отырды. Сөз сайысына белгілі жырау, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алмас Алматов, ақын, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәулеткерей Кәпұлы мен ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Дүйсенбек Аяшұлы қазылық жасады.

Алғашқы жұптың сөз қағыстыруы шашыраңқылау шыққанымен, одан кейін сахнаға көтерілген тараздық Дидар Апбасов пен жергілікті ақын Бексұлтан Орынбасаров сөз сайысын ширата түсті. Ал былтырғы «Алтын домбыра» сайысының бас жүлдесін алған семейлік Рүстем Қайыртай мен қызылордалық Ержеңіс Әбдиевтің айтысы көрерменнің айызын қандырды.

Осыдан кейін шыққан жұптар да адамзат ақыл-ойының биігінде тұрған әл-Фарабиді әлем танығанмен өзіміз әлі толық біліп болмағанымызды, Алтын Ордадай мемлекет құрған бабалар аманатына адалдықты, артында «Өлмейтұғын сөзі, өшпейтұғын шамы» (Рүстем Қайыртай) қалған ұлы Абай мұрасын жер жүзіне таныту керектігін жырға қосты. Одан бөлек, ақындар аузымен қазіргі қоғамдағы күйіп тұрған өткір мәселелер де айтылды.

Қазылар алқасының шешімімен сөз аламанының бас жүлдесін Рүстем Қайыртай еншілесе, І орын қызылордалық Ержеңіс Әбдиевке бұйырды. Қалған екі орынды қарағандылық Дидар Қамиев пен Түркістан облысынан келген Бекарыс Шойбеков өзара бөлісті.

Қызылорда