• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
30 Наурыз, 2010

АРТЫНА ІЗГІЛІКТЕН ІЗ ҚАЛДЫРҒАН

890 рет
көрсетілді

Өзгелерге салмақ салмай, айналасына қамқорлықтың нұрын шашып жүретін жандар болады. Медицина ғылымы саласында өзіндік із қалдырған, дәрігер деген аса жауапты мамандықтың қадірін арттыра білген Қуандық Дүйсенов сондай жүрегі жомарт, жаны асыл азамат еді.Қуандық Дүй­сенұлы 1940 жылы 1 сәуірде Ақтөбе об­лысының Бай­ғанин ауданында дүниеге келген. Әкесі Дүй­сен Ұлы Отан со­ғы­сына қатысқан, ана­сы Се­йілхан ұрпақ тәр­бие­сіне баса кө­ңіл бөл­ген кісі. 1958 жылы Жарқамыс орта мек­те­бін бітір­ген Қ.Дүй­сенов Ақ­төбе мем­лекеттік медицина инс­ти­ту­тына оқуға түседі. Ол білім ала жүріп, медицина ғы­лымы, оның ішінде өзі қалаған маман­ды­ғы бойынша зерттеу жұ­мыстарымен ай­налысады. Білімін тәжірибемен ұш­тас­тырып, жаңа бастамаларға ұм­ты­лыс жасап, ғылымдағы жаңа­лықт­ар­ды тынбай іздестіреді. 1964 жылы бітірген үздік түлектердің ішінде ол осы оқу орнының инфекциялық аурулар кафе­дра­сы­ның емханалық ординатурасында қыз­метке қалды­рыл­ды. Еңбек жолын бастаған сәт­тен ғылыми-зерттеу және ұстаздық қыз­метті қатар алып жүрді. Қуандық Дүйсенұлының еңбек пен ғылым жолындағы еселі еңбегі, аза­маттық тұлғасы жайлы за­ман­дастары, әріптестері және шә­кірт­тері ер­екше ықыласқа толы пікір біл­дірген. Соның бірі Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының кор­рес­пон­дент-мүшесі, профессор Намаз Ізім­бергенов: “Түсінген адамға Қуандық осы институттың интеллектуалдық ал­тын қорына жататын, оның мо­ральдық дәре­же­сін арқалаушы дің­гек­терінің бірі еді”, деп оның ат­қар­ған қызметіне, азаматтық тұлғасына жо­ғары баға берген. Ол Қуандық өмірге қазақтың қара балаларының бірі болып келіп, мына дүниеден тек қана ауыл-аймағы емес, дүйім ел мақтан еткен, ел дамуында өзінің белгілі орны, оның игілігі үшін арқалаған жүгі бар абзал азамат болып өткенін жазған. “Қуандық Дүй­сенұлы медицина ғылымының ең күрделі тарауларының бірі болып есеп­телетін жұқпалы аурулар са­ласында белгілі ғалым. Ғалым бол­ған­да қандай! Көптің бірі емес, бі­ре­гейі, бүкіл одаққа белгілі ғалымдар Георгий Руднев, Евгений Белозеров сияқты майталмандардан өзінің әділ бағасын алған азамат еді. Оның ғалымдық ерекшелігі – әуелі жұ­мыс­ты істеп алып, оның нәтижесін тәжірибеде мұқият тексеріп барып қана жариялайтын. Ақтөбе облыстық ауруханасында әдейі емдеу лабораториясын ұйым­дас­тырып болып, енді докторлық дис­сертация жазып жатқанда өмір­ден өтті. Сондықтан оның док­тор­лық диссер­та­циясын кітап­ха­на­лардан таба ал­майсыз. Оны іздеген оқушы об­лыстық аурухананың іс-тәжі­рибе­сі­нен, апаттан аман қалған сы­р­қат­тар­дың өмірінен табады. Профессор Дүйсеновтің қазасы казақ медицина ғылымы үшін ауыр соққы болып саналады. Қуандық тамаша дәрігер еді. Елде дәрігер көп қой. Ал Қуандық сырқаттар әдейі іздеп келіп емделетін дәрігер еді”, деп тебірене отырып еске алған. Қ.Дүйсенұлының жан досы, ме­дицина институтының сәулелік ан­ық­тау және сәулелік емдеу ка­фе­дра­сы­ның доценті Темірхан Сұлтанов қа­зақы ауылдан шықса да, Қуан­дық­тың жоғары оқуға түскен соң, орыс тілін жете игеріп алғанын, кейін медицина саласында шәкірттерге дәріс­тер оқығанда ойын жеңіл де түсінікті жеткізе алатын қабілетіне талай жандардың таң қалғанын атап өткен. Оның өз жолдастары мен әріптес­те­рінің, ағайын-тумаларының арасында өте абыройлы азамат екені, инс­ти­тутта, тіпті Қазақстанда үлкен ға­лым-инфекционист екендігі барша­мызға мәлім. Сонымен қатар Қуандықтың шебер домбырашы екенін айта келіп: “Менің кейде таң қалатыным дұрыс шықпайтын домбыралар да Қуекеңнің қолында күмбірлеп, бойды еріксіз билеп алып кететіндігінде. Қуандық домбыраны көбінесе жұмыстан шар­шап келген кезде одан өзі ерекше нәр алатындай күмбірлетіп тартса, кейбір жағд­ай­ларда жұртшылықтың сұра­уы­мен өзінің барлық орындау шеберлігін пайдаланып, өте шебер­лік­пен күй толғағанда тыңдаушы қауым күйдің терең толғанысына қалай еріксіз бе­ріліп кеткендігін аңғармай да қа­­латын еді”, – дейді. Медицина ғылымдарының док­торы, профессор Ыдырыс Алмабаев студенттік жылдарындағы Қуандық Дүйсенұлының тағылымын былай еске алады: “Өзі біраз ойланып отыр­ды да жағдайымызды білуге көшті. Біз оған қазақ мектебін бітіріп келгендерге оқудың қиынға соғып жүргенін, көп терминдерге түсінбей жүргенімізді және де орыс тілі мен латын тілі бірдей түсініксіз екенін тілге тиек еттік. Сол кездегі бізге айтқан ағалық қамқорлық сөз­дері әлі есімде: “Тек еңбекпен ғана талай шыңдарды аласыңдар”,- дегені бізге қамшы болып, қи­нал­ған шақ­тарда біраз сүйеу болды. Жылдар өтіп жатты, әр барған жаңа ка­фе­дра­дан ақжарқын жүзді, жайдары оқытушыны кез­дес­тір­сек деген ой ма­за­лап жүрді. Бірақ оның сәті 1972 жы­лы инфекциялық аурулар ка­фе­дра­сына келгенімізде түсті. Артқа қа­йыр­ған қалың бұйралау қою қара шашы кең маң­дай­лы жарқын жүзін ер­екше бей­не­ле­гендей. Алдыңғы 1- курста кездес­ке­німізге қарағанда есей­гені, білім шы­ңын меңгергені, өзі­не-өзі сенімді ма­­ман болғаны ай­қын кө­рініп тұрды. Дә­рісті екпіндетіп оқып, жұқпалы ау­ру­­ларды қан майдан етіп суреттеп, ал өзі сол майданның сар­базы еке­нін көрсете біл­ді. Тәжірибелік сабақ, көбінесе ауру жанында өткен­дік­тен, біз Қуандық Дүйсенұлынан дә­рі­гер әдептілігін, мейірімділігін және әр дерекке ерекше көңіл бөлу ке­рек екенін түсіндік. “Хирург бо­ламыз” деген біразымыз жұқпалы аурудың маманы болғымыз келіп кетті. Осы кафедрада оқып, про­фес­сор Қ.Д. Дүйсеновтен дәріс алып жүріп алған қорытындымыз пәнді меңгеру үшін, оқытушыны сүю қажет екендігі болды. Инс­титутты бітірген соң Қуандық Дүй­сенұлымен 20 жылдан астам уақыт бірге еңбек еткенде оның сегіз қырлы, бір сырлы, нағыз ұлтжанды азамат екеніне көзім жетті. Қуандық Дүйсенұлы өз ті­лі­міз­ге, қазақ халқының салт-дәстүріне ерекше сүйіспеншілікпен, сту­дент­тер мен жастарға құрметпен қа­рау­шы еді. Профессор Қ.Д.Дүйсенов қандай жағдайда болмасын тура ойын ашық көрсетіп, тыңдаушыға анық жет­кі­зе­тін. Институт мә­жі­ліс­терінде сөй­леген сөздері нақты, тақырыптан ауытқымай көкейден шығатын. Ал жеке адамға қатысты қиын сұрақты талқылағанда ба­рын­ша шыншыл болып, қаралып отыр­ған жағдайдың басты себептеріне объективті са­рап­тама беретін. Сон­дықтан ол кісіге өкпелеген әріп­тес­тер­ді, өз басым, кездестірген жоқ­пын. Ата қазақ өзінің азаматтарын ба­ға­лағанда “сегіз қырлы, бір сырлы” деп қараған. Қуандық Дүйсенұлын еске алғанда оның ғылымдағы же­тіс­тіктері мен ұстаздығы, ұйым­дас­ты­ру­шылық қасиеттерімен қатар басқа да қырлары мен сырларын айтпауға болмайды. Оның өнерге деген ықы­ласы өзгеше еді. Ол домбыра өнерін ерекше дәріптейтін. Домбыра тарт­қаны талай кісілерді таң қал­дырып, олардың жан-жүрегін те­бі­ренткені көз алдымызда. Киім киісі, жүріс-тұрысы да ерекше болатын. Ол кісі аудиторияға кіріп келгенде, өзімен бірге жақсы көңіл-күйді ала келетін”. Әттең, Қуандық Дүйсенұлының жарқын ғұмыры қысқа болды. 1994 жылы дүниеден озды. Бүгінде 70-ке толып арамызда жүрсе, қалай жарасар еді. Дегенмен артында елге жасаған еңбегі, халқы құрметпен еске алып отыратын ардақты есімі, ордалы отбасы, ұлағатты ұрпағы қалды. Әкесінің жолын қуған сүйікті қызы Аман­гүл Қуандыққызы медицина ғылымдарының докторы, профессор, С.Ж.Асфендияров атын­дағы ҚазҰМУ-дың инфекция және тропи­калық аурулар кафедрасының меңгерушісі. Қ.Дүйсенұлы алыс сапарларға шыққанды жаны қалаған. Қызының айтуынша, сол кездегі Кеңес Одағы құрамындағы көптеген әйгілі қа­ла­ларда болып, олардың тарихымен те­реңірек танысып, сәулетті ғи­марат­тарын, мұражайларын тама­ша­ла­ған. Іссапардан оралғанда жақын-жуықтарына, көрші-көлемдеріне көрікті кітаптарды, әдемі фото­су­рет­терді, әр түрлі мүсіндер мен ба­зар­лықтарды қуана-қуана үлестіретін болған. Алайда, әр адамға өзінің туған жері ыстық қой. Дәрігер ғалым демалысқа шыққанда туған жері Байғанин ауданына және сүйікті жары Нұржамал Сисенқызының туған жері – Батыс Қазақстан облысына арнайы баруды дәстүрге айналдырған. Амангүл Қуандыққызы өз есте­лігінде ем іздеген адамдардың үйге толассыз келіп жататынын, таны­май­тын адамдарды да әкесі қабақ шытпай қарсы алып, емдеп, үйінде жатқызып, бар қамқорлығын жа­сайтынын әңгімелеп берді. Өмірі­нің соңғы жылында өзінің маман­ды­ғын таңдаған қызының канди­дат­тық дис­сертация қорғаған мә­жілісіне қатысты. Отбасын ардақ тұтып, қызметін бағалай білген Қуандық Дүйсенұлы көңілі шат­та­нып: “Мен шын мәнінде бақытты адаммын!” деп айтады екен. Біз білетін, ел құрметтеген пр­о­фессор Қуандық Дүйсенұлы осын­дай жан еді. Қызметтес болған әріп­тестері, туыстары мен жолдас­та­ры Қ.Дүйсеновтің адамгершілік асыл қасиеттерін жоғары ба­ға­лайды. “Қазақтың жігіті осындай!” деп өзге елге көрсетсе, ешқандай қысылмай, бар сенімді ақтап шы­ғатын азамат еді. Оның көптеген шәкірттері биік белестерді ба­ғын­дырып, ғылым жолында үлкен же­тістіктерге жетті. “Артына ізгіліктен із қалдырған” жанның бірі – Қуандық Дүйсенов. Мейрамбек ҚҰРМАНҒАЗИН, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің инфекциялық аурулар кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты. Ақтөбе қаласы.