Көкшетаудағы «Тыныс» зауыты жаңа жылдан бастап алғашқы отандық электр қозғалтқышты мүгедектер арбасын құрастыруды қолға алды. Бұған дейін электр қуатымен жүретін арбалар Ресей, Қытай, және Еуропа елдерінен тасымалданып келген болатын.
Электр қозғалтқышты мүгедектер арбасын құрастыру ісі биыл Қазақстан Республикасының Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің арнайы тапсырысынан соң қолға алынған. Қазіргі таңда елімізде 14 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жан мүгедектер арбасына зәру екен. Облыста арбаға қолы жетпей отырған 600-ге жуық адам бар. Өткен жылы аймақтағы мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қажетті техникалық жабдықтармен қамту мен өзге де оңалту іс-шараларына облыс бюджетінен 466 миллион теңге көлемінде қаражат қарастырылыпты.
–Осы қаражат есебінен 504 адам бөлмеішілік және серуендеуге арналған мүгедектер арбасына ие болды. Биыл 1231 арбаға тапсырыс берілді. Оның 777-сіне республикалық бюджеттен қаржы қарастырылмақшы. Сөйтіп, біз аймақтағы қажеттілікті толық өтеуге мүмкіндік аламыз. Өтініштер жыл соңына дейін қабылданады,–дейді облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары Алтын Ақбарова.
Электр қуатымен жүретін арбалар әр 5 жыл сайын ауыстырылып отыруы керек екен. Яғни, орташа алғанда жылына 2 мыңға жуық арба қажет. Өздігінен жүретін электр қозғалтқышты арба серуен құруға жарап тұр. Жалпы салмағы 70 келі шамасында. 15 және 30 шақырымға арналған екі аккумулятормен жабдықталған. 140 келіге дейін салмақты көтере алады. Ал, жылдамдығы сағатына 6 шақырым. Электр қозғалтқышы істен шыққан жағдайда арбаны қолмен итеріп жүруге де болады. Сондай-ақ оны жинап, автокөліктің жүк салғышына да салуға ыңғайлы. Қосалқы бөлшектерді де «Тыныс» кәсіпорнынан алуға болады.
–2018 жылы осы бұйымдардың бірінші даналарын тұтынушыларға қолданысқа бердік. Әрмен қарай кемшіліктерін түзеп, қазір енді мына сериялық жағдайда шығаруға дайындалып отырмыз. Негізі бұл жобаны игеру саласында Үкімет тарапынан ешқандай қаржы сұраған жоқпыз. Қазіргі уақытта мемлекеттік тапсырыспен 1379 арбаға сұраныс түсті,–дейді «Тыныс» акционерлік қоғамының бас директоры Қайрат Қалманбаев.
Қазіргі таңда зауытта ересектер мен балаларға арналған мүгедектер арбасын құрастыратын арнайы бөлім ашылған. Мұнда 60-қа жуық адам еңбек етеді. Зауыттың өндірістік қуаты жылына 2700 арба шығаруға қаптал жетеді.
Көкшетау қаласы