• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
Таным 20 Ақпан, 2020

Кебiн киiп, кеудесiн оққа тосқан батырлар

1022 рет
көрсетілді

Кезінде «Бай-құлақтар мен дiн басыларының Кеңес өкiметiне қарсы контрреволюциялық қарулы көтерiлiсi» ретiнде насихатталып келген 1930 жылғы ақпанның 7-16 аралығында болған Созақ қасыретiнде халықтың қаны қисапсыз төгiлiп, бейбiт ел азабын тартқан едi.

«Асыра сілтеу болмасын, ашатұяқ қалмасын!»

Созақ көтерiлiсi – отызыншы жылдың басында Қазақстанның түкпiр-түкпiрiнде бой көтерген халық наразылығының ең үл­кенi, адам көп шығынға ұшы­раған қызыл қырғын. Бұл зоба­лаң, нәубеттiң шығу себебi – «Қазақстанда көшпелi, жартылай көшпелi және отырықшы аудан­дарды белгiлеу туралы» Қа­зақ АССР Халық комиссар­лар кеңесiнiң 1928 жылғы 3 қыр­күйектегi қаулысымен Созақ ауда­ны өз алдына шаңырақ көтердi. Бұрын Сырдария губер­ниясының Түркiстан уезiнiң қа­рамағында болып келген алты болыс ел­де сол жылы түтiн саны 12 мың­­­нан асқанын, халықтың қо­­­­лында бiр миллионға жуық қой-ешкi болғанын тарихи құ­жат­­тар дәлелдейдi. 1928 жылы қа­раша айында БКП(б) Орталық комитетiнiң пленумында шаруа­ларды ерiксiз тездетiп ұжым­дастыру мәселесi күн тәртiбiне қойылып, бұл жөнiнде арна­йы қаулы қабылданды. Қазақ өлкелiк партия комитетiне 1925-1931 жылдары жетекшiлiк еткен Ф.Голощекин елдi «мейлiн­ше кысқа мерзiм iшiнде оты­рықшылыққа көшiрудi бұйы­рады». Мiне, осыдан барып, жап­пай басталған колхоздас­тыру iсiнде бұрмалаушылық, асырасiлтеушiлiк жер-жердегi сияқты Созақ ауданында да орын алды. «Асыра сiлтеу болмасын, ашатұяқ қалмасын!» деген ұранды бетке ұстағандар ұжымдастырудың лениндiк принципiн өрескел бұзып, ха­лықтың қолындағы сауын және ұсақ малын сыпырып алып, ортақтастыруға салды. Созақ аудан­­дық партия комитетiнiң пле­нумы шақырылып, колхоз­дастыру iсiнiң алда тұрған шұ­ғыл мiндеттерi талқыланды. Аудан­ның жергiлiктi ерекшелiгiн ескермеуден, елдiң бәрiн тең­гер­меушiлiктен жаппай асы­ра­сiлтеушiлiк орын алды. Ұжым­дастырудың сал­қыны бейбiт елге ауыр тидi. Ұжымшарға күштеп енгiзiлгендер тақыр кедейшiлiкке ұшырап, аштықтың зардабын тартты. Ауылшаруашылық са­лығын төлей алмағандардың мал-мүлкi тәркiленiп, Созақтың абақтысына жабылды. Бұдан бөлек, жергiлiктi билiк орындары шығарған «қа­тық», «отын», «мүйiз» салығы да болған. Би­лiктiң қолдауына ие бол­ған жер­гiлiктi сауатсыз шолақ бел­сен­дiлер тарапынан жастарды «Қы­зыл отауға» күштеп алып ба­ру, қыз-қырқын, келiншектерге көз салу, зорлық-зомбылық жасау сияқ­­ты өрескел iстер де орын алды.

 Құдайсыздарға қарсы қарулы жорық

Ауыл-ауылдан «Колхозға бiрiк­пеймiз!» деген наразылық сөздер естiле бастады. Он екiн­шi ауылда билiктен, шолақ бел­сендiлерден зәбiр-жапа көр­гендер бас қосып, зорлық-зом­былыққа қарсы бiрiгуге, на­разылық бiл­дiруге сөз байлас­ты. Кеңес өкi­метiнiң солақай саясатына қар­сы шығып, елдi бiрiктiруге бас­шылық жасаған намысқой азаматтар болды. Ауыл-ауылға кiсi ж­iберiп, билiк ба­сындағы тiзесiн ба­тырғандарға қарсы тұрудың амал-айласын ойластыра бастады. Мойынқұмды қыстап отырған ауыл­дарда бас қосып, кеңес құрды. Жер­гi­лiктi билiк орындарымен бей­бiт келiсiмге келу жөнiндегi әре­кеттерiнен еш нәтиже шық­пады. Езiлген халық бас көте­рерлерiнiң кезектi жиынында Сұлтанбек Шалақұлын басшы етiп сайлады. Оның қасындағы имамдыққа – Ыбырайымұлы Асадулла, бас уәзiрлiкке – Шыл­­­манбетұлы Сағындық, қа­зы­лыққа – Әлiпбайұлы Иманбек, бас сардарлыққа – атақты мерген Аралбайұлы Салықбай, өз­ге де сенiмдi адамдарды бе­кiттi. «Халықтың жаппай на­ра­­зы­лығы көршi Сарысу, Түр­кiстан, Қызылорда, өзге де жерде бiр мезгiлде бой көтередi» деген алдын ала келiсiм болып, ол жақ­тағылармен де байла­ныс орнатылды. Сұлтанбек бастаған топ көтерiлiске ал­дын ала дайындық жасады. Ауыл-ауылдан жасақ дайын­да­лып, қолға iлiккен айыр, орақ, найза, балта, iшiнара ши­тi мыл­тықпен қаруланды, ат-түйемен қамтылды. Арадан шық­қан кеңесшi-үгiтшiлерi арқылы ислам дiнiн уағыздап, Алла таға­ланың ақ жолын дiннен безгендерден қорғауға үндедi. Ақ­­панның ақшұнақ аязында қасиеттi Рамазан айының соңғы күнi, ораза айттың алғашқы жұ­масында таң намазынан соң бес жүзден астам халық жасақшысы қолына ақ ту алып, «Алла! Алла!» деп ұран тастап, Созақ қыстағына қарай қаптады. Көтерiлiстiң «Аллаһу» деп аталуында да осын­дай сыр жатса керек. Жылы киi­мiнiң iшiнен денесiн кебiнмен орап, ақ өлiмге бас тiгiп шыққан естия­р жандар да болды. Сол кезде алдын ала уағда бойынша Мойынқұмның өзге өңiрiнен, тау жақтан, Созақ қыстағының өзiнен билiктегiлер мен шолақ белсендiлерге өшiгiп жүргендер қосылып, көше-көше адамға толып кеттi. Бас көтергендер алғашқы екпiнмен аудан, мекеме басшыларын, милиция қызметкерлерiн – барлығы он сегiз адамды, қолға түсiрiп, азап­тады. Қарапайым халық өкiл­дерi оларды таспен, күрекпен соғып, тепкiлеп өлтiрдi. Аязды күні шаштарын ұстарамен алды. Кеңселердегі барлық қағазды өртедi. Қойма, дүкендегi дү­ние-мүлiк, азық-түлiктi талап алып, милиция бөлiмi мен әс­кери комиссариаттағы қаруды қолға түсiрдi. Қыстақты басып алған Сұлтанбек ханның штабы ақпанның 7-16-сы аралығында жұмыс iстеп, жалпы саны 2384 сарбазды бiрiктiрді деген дерек бар. Суық қару дайындайтын ұс­тахана ашып, оқ-дәрiмен атылатын мылтықтарды жөндеген. Бұл қанды оқиғаның iзiн суытпай жазалаушы отрядтың келiп жететiнiн көтерiлiсшiлер алдын ала болжай білді. Қарулы отрядтан қорғану мақсатында Қаратаудың «Суындық» және «Балықшы» асуына бекiнiс орнатты. Осы «Балықшы» асуында Салықбайдың мергендер тобы қызыл әскермен атысып, бiразын шығынға ұшыратып, қалғанын керi шегiндiрдi. Сұлтанбек хан сарбаздарымен «Қоғашықта» Түркiстаннан шыкқан Исаевтың отрядымен кездестi. Отряд тау-тасқа бекiнiп алған сарбаздарды оңай ала алмады. Исаевтың әскерiне Қызылордадан Поля­ковтың, Ташкенттегi әскери учи­лищеден Малышев бастаған 500 курсант төрт зеңбiрегiмен, Алматыдан Ақаевтың кавалерлер эскадроны келiп қосылды. Мәскеуден шыққан бронды пойыз Жаңақорғанға келiп аялдады. Шымкенттен Андреев басқарған, мықты әскери дайындықтан өткен, пулемет, зеңбiрекпен қа­ру­ланған отряд қарулы күшке ке­лiп қосылып, шоқпар, айыр, шитi мылтықпен қаруланған да­ла қазақтарын ә дегеннен тықсырып тастады. Қаратаудың етегіндегі «Тамашейт» деген жер атауы сол қанды қырғыннан қалған. Шешушi шайқас Созақ қыстағының «Жаңа базар» төңi­регiнде өттi. Бақайшығына дейiн мұздай қаруланған қызыл отряд жасақтың соңғы тобын жан-жақтан қоршап алып, көзiн жояды. Осы қырғын шайқаста көтерiлiс басшыларының денi оқ­қа ұшты. Дем берушiлерiнен айырылған жасақ бораған оққа табандап қарсы тұра алмай, жеңiлiске ұшырады. «Созақ ауда­нында 12–16-ақпан аралығында болған соғыста 126 бандит, 16 ақ­пандағы Созақ қыстағы үшiн бол­ған шайқаста 200 белсендi бандит табанда атылды. Қолға түскен және оперативтi iс-ша­­ра­ларды жүзеге асырудың нәт­ижесiнде бандиттерi, дем бе­рушiлерi, үгiт­шiлерi, сондай-ақ барлаушылары бар 389 адам тұтқындалды. Бандыны жою барысында хан және оның ұйтқысы болған ор­талығы талқандалды. Созақ опе­рациясының нәтиже­сiнде 290 ат, 20 түйе, 150-дей оқ-д­әрiмен атылатын қару, 100-шақты суық қару қолға түс­­тi» деп жазылған тарихи құ­жатта. Ал шынтуайтында оқ­қа ұшып, ажал құшқандар саны бұ­дан әлдеқайда көп едi. Кө­те­рiлiстiң негiзгi ошағын тал­қан­даған соң, жазалаушы отряд күдiктi дегеннiң бәрiн қолға түсiрiп, табан астында атып тастай бердi. Жазалаушы отряд алғашқы қақтығыста өлтірілген аудан прокурорының әр жасына 41 адамды қатар қойып, атып тастайды. Бір оқ қанша адамның денесінен тесіп өтетінін байқау үшін қатар қойып, сынап та кө­реді. Орталық мешiттiң төрт жақ терезесiнен пулемет орнатып койып, жұма намазға жи­ылған елдi үлкен-кiшi демей жусатып салады. Көше кезiп, тiнткiлеп жүрiп күдiктi дегеннiң бәрiн аяусыз атып тастайды. Ба­сы қосылып отырған жандар­ды күдікті ретінде дуалға қатар қойып ата берген. Өлік­терді бірінің үстіне бі­рін тас­таған құдықтың орнында белгі де бар. Ақпанның аязды күнi көшеде қызыл қанға бөккен өлiктi ат арбаға тиеп, қыстақтың шетiндегi «Тастақсайға» алып барып, тiк жардан тастай салады. Салықбай бастаған аз ғана мергендер тобы Бетпақдалада қолға түседi. Қашып жүрiп, ұрыс салып, бiраз әскер мен милиция қызметкерiн оққа ұшырғанымен «Салықбай мергендi жасырып жүр­сiңдер!» деп, бейкүнә ха­лық­ты атып-шауып, қыспаққа ала берген соң мергендер өз еркiмен беріледі. Салықбай мер­гендi Шымкентке алып келiп, он жылға кесiп, Сiбiрге жер ауда­рады. Ит тұмсығы батпайтын Байкалдың қалың орманы iшiнде кеңестер елiнiң түкпiр-түкпiрiнен ауыр сот кесiмiн ар­қалап келген сан мыңдаған жанның қа­тарында канал қазудың ауыр қара жұмысына жегiледi. Құралайды көзге атқан мер­ген­дiгiнiң арқасында Салықбай ауыр қара жұмыстан босатылып, орман iшiнен аң атып, асхананы етпен қамтамасыз етiп тұрады. «Беломор – Балтық» кана­лының құрылысы аяқталып, iске қосылған кезде Сталиннiң өзi келiп, Кеңес одағы орталық ат­­қару комитетiнiң арнайы қау­­­лысы бойынша алпыс мың адамның жазасын өтеу мерзiмi қыс­қартылады. Салықбай мерген де кесiмдi жазасын алты жыл­да мерзiмiнен бұрын өтеп, «Бе­­ломор – Балтық каналы құрылысына белсене қатысқаны үшiн» медалiн төсiне тағып, туған елi – Созаққа қайтып ора­лады. Аудан орталығы – Шолақ­қорғанның iргесiндегi «Жет­кiншек» елдi мекенiнде колхоз бақшасына қарауыл болып жүргенде 1937 жылы аудандық iшкi iстер бөлiмiнде iстейтiн туысқаны – милиция қызметкерi ауыл маңындағы қалың шидiң арасына алып барып атып тастайды. Содан Салықбай мергеннiң сүйегiнiң қайда жатқаны да белгiсiз болып қалады. Мер­геннiң әйелi Ұлбала егiз ұл тап­қанымен олар шешектен қай­тыс болып кетедi. 1947 жылы «Ха­лық жауының» әйелi колхозда еңбек құнын таппады» деген жаламен Ұлбала да шалғайдағы Ев­рей автономиялы облысының орталығы – Барибожан қаласына жер ауда­рылады. Сөйтiп Ұлбаланың да сүйегi жат елде қалып қояды. Осылайша бiр шаңырақ иелерi iз-түзсiз кетiп, соңынан ұрпақ қалмады.

«Хан сайладық қарадан,

Аз ғана үйлі тамадан.

Келбеті нұрдан жаралған,

Шалақұлы Сұлтанбек,

Хан болып шықты арадан.

Көтерген кезде ұранды,

Ағылып келді қаладан.

Қоңырат туыс қосылды,

Көмекке келіп даладан...

Жұма күнi қонаға,

Созақты сарбаз қамаған...

Қыстақты барып басқанда,

Төрт жүз отыз бiр адам,

Iс қылды келмес шамадан.

Шейiттiктен дәме етiп,

Өлiп те кеттi көп адам.

Дәу мылтықтан доп түсiп,

Жай оғындай от түсiп,

Айырылды жұрт панадан.

Көшеде жатты шашылып,

Қан-жынымен сан адам.

Арманда кеттi-ау жайсаңдар,

Айырылып бала-шағадан.

Осы бiр қайғы кетпейдi.

Күйiк болып санадан» –

деген жыр жолдарынан Созақ көтерiлiсiнiң қандай қасiрет-қайғымен аяқталғанын аңғаруға болады.

Созақтағы жазалау лагерi

Көтерiлiстен кейiн де оған қатысқандардың жақын-туыс­тарын, күдiктiлердi тұтқынға алу, тергеусiз атып тастау ұзаққа созылады. Еркiндiктi аңсаған бейкүнә халықтың наразылығы қанды қырғынға, жаппай жазалауға ұшыраған соң, аман қалғандары бас сауғалап, жан-жаққа тарыдай шашылып қашты. Қысқы аязда, жазғы шiлдеде тау-таста, құмда аштыққа ұшырағандар қынадай қырылып жатты. «Кiшi Октябрьден» тоз-тозы шыққан ел «Ақтабан шұбырындыға» ұшырап, тау асуынан аман өт­кендерi Өзбекстан, Тәжiкстан, Түрiк­менстанға қарай үдере қаш­ты. Сол қанды көтерiлiстен басталған 1931-1933 жылғы ашар­шылықта Созақ елiнiң тең жартысы туған мекенiн тастап кеттi. Аудандық есеп-санақ ме­ке­месiнiң мәлiметiнде 1930 жыл­дың 1 қаңтарында ауданда 12 мың түтiн болса, 1935 жыл­дың 1 қаңтарында 2915 үй ғана қалғаны көрсетiлген. 1928 жылғы аудандағы бiр миллион қойдан 7772 басы ғана қалады. Халық сенген партияның қол­дан жасаған ашаршылық жыл­дары аудан халқының тең жартысы қуғын-сүргiнде жүрiп ажал құшты. 1930-1931 жылдары Со­­зақ қыстағына таяу «Дуана» деген жерде көтерiлiске қатыс­қандардың жақындарын қамауда ұстаған жазалау лагерi жұмыс iстеді. Ұзына бойы атшаптырым алқапқа орналасқан күркешiктер орны әлi күнге сақталған. Жаза­лаушылар тұтқындарға белуар­дан жер қаздырып, төбесiн жап­­­тырып, тар қапаста тұруға мәж­бүрлеген. Қақаған аязда, аптап ыстықта көп адам жазалау ла­герiнде өлiп кетедi.

«Бухенвальды Созақтың,

Болған еді «Дуана».

Ор мен торы азаптың,

Толған екен «Дуана»...

Шындыққа барар жолдарға,

Қауіппенен қарадық.

Құламай тұрған торларға,

Совхоз малын қамадық...

Қанды орға Хрушев тұсында,

Жүгері сүрлем сақтадық»

– деп ақын Бөрғазының Өс­кені жырлағандай, сол ата-ба­баларымыздың қаны төгілген қаралы аймақ өрістегі малдың тұяғына басылып, қоршалмастан, белгі де қойылмастан ескерусіз қалып қойған. Өзге елдерде мұндай қанды аймақтар ерлікке тағ­зым етер тарихи орындар ре­тінде күтімге алынып, сақта­лып қалған.

Өкiнiшке қарай, әлi күнге 1930 жылғы ақпандағы елiмiздiң Тәуелсiздiгi мен еркiндiгi жолын­да көп адамның өмiрiн қиған Қазақстандағы ең iрi халық на­разылығы – Созақ көтерiлiсi ег­жей-тегжейлi зерттелiп, тарих­тан өзiнiң түкпiлiктi бағасын ал­ған жоқ. Созақ көтерiлiсiнен кейiн партия үшiн бұл шалғай аудан 70 жыл бойы жабық аймаққа ай­налды. Сырдария округтік партия комитеті «Созақ, Сарысу көтерілісінің сабақтары және ал­­­дағы тұрған міндеттер» атты қаулы қабылдайды. Тағдыры ауыр ауданды басқаруға басшы ма­ман 70 жыл бойы сырттан жi­берiлдi. Ауданнан өсiп шық­қан бiрде-бiр кадр өзге жерге жауап­ты басшылық қызметке жоға­рыламады.

Шындықты шiдерлеп тұра алмайсың

1990 жылдың мамыр айында Созақ аудандық тарихи-ағарту ерiктi «Әдiлет» қоғамының алғашқы басқарма жиынында ұзақ жылдар облыстық пар­тия активiнде басшылық қыз­мет атқарған қаламгер әрi сазгер Мұхамеджан Рүстемов сол кездегi саясаттың, қатаң жүйе­нiң көбесi сөгiлмей тұрған кез­дiң өзiнде Созақ көтерiлiсiне әдiлеттi баға беру туралы бастама көтередi. Сол кездегi аудандық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы Досыбай Шерiмқұлов қолдау көрсеткен Созақ аудан­дық тарихи-ағарту ерiктi қоғам­ның басқарма жиыны: «1930 жылы ақпанда Созақ ауданында болған халық қозғалысына «алашордашылардың, байлар мен ишандардың басшылы­ғы­мен Кеңес өкiметiне қар­сы ұйымдастырылған контрре­волюциялық қарулы көтерiлiс» деген баға әдiлетсiз, нақақтан-нақақ қазақ халқына жабылған жала деп есептелiп, ол алдағы кезде тарихи құжаттарда Ф.Го­ло­щекиннiң Қазақстан ауыл­да­рында өткiзiлген «Кiшi Октябрь» саясатының «мейлiнше қысқа мерзiмде отырықшылыққа кө­шiру» бұйрығын орындаудың зардабынан елге жасалған оз­бырлықтан, зорлық-зомбы­лық­тан, қиянаттан, аштықтан шыққан ашынған халықтың қозғалысы» деп тұжырымдалсын» деген қаулы қабылдады. Ақиқат сөз­дiң тығыны ағытылған соң мiн­беге кезек көтерiлiп, ұзақ жыл көкейлерiнде берiш болып қатқан мұң-шерлерiн ортаға салып, көз­дерiне жас алған қарттар бұл күнде жарық дүниеде жоқ. 2000 жылы ауданда Созақ көтерiлiсiнiң 70 жылдығын атап өту жөнiнде комиссия құрылып, арнайы қор да ашылып, бiраз шаруаларды қолға алу жоспарланған болатын. Шолаққорған ауылында көте­рiлiс басшысы Сұлтанбек Ша­лақовтың есiмi берiлген көшеге мемориалдық тақта орнату рәсiмi болды. Созақ ауылында «Созақ көтерiлiсiне 70 жыл атындағы көше» атауы берiлдi. Көтерiлiс құрбандарының аруағына құран бағышталды. Осында келешекте көтерiлiс құрбандарына орнатылатын ескерткiштің тұғыры да құйылды. Ескерткiш жобасын жасауға байқау да жарияланған бо­латын. Шейiт кеткен ата-баба аруағын құрмет тұту мақса­т­ында еңселi мұнара мен көте­рi­лiс басшысы Сұлтанбек Ша­лақовқа ескерткiш орнатуға құл­шыныс бiлдiрген, жалпы осы шаруаның басы-қасында жүрген азаматтардың аты-жөндерi де сол жылдары тағдыры ауыр аудан­да журналист болып қызмет атқарып жүрген кезiмде қойын дәптерiме жазылып қалыпты. Бiрақ ел күткен сол мұнара белгi де, ескерткiш те әлi күнге бой кө­термедi. Созақ көтерiлiсiнiң бас сардары болған, атақты мерген Салықбай Аралбаев өмiр сүрiп, еңбек еткен, отыз жетiншi жылы атылып кеткен «Жеткiншек» ел­дi мекенiне есiмiн беру туралы тұр­ғындардың да өтiнiш-тiлегi орындалмай келедi. Тарихтағы шындық оқиғаға қиянат жасалмасын десек, Шымкенттiң Орталық саябағындағы Оңтүстік өлкесіндегі айтулы оқиға – Созақ көтерiлiсiнде елінің тәуелсіздігі мен бостандығы жолында оқ­қа ұшқан, сол кездегi саясат құр­бандары болған қызыл әскер жауынгерлерi жерленген ескерткiш орнына Салықбай мер­­ген­нiң немесе халық батыр­ларының қолына қару алып, елi мен жерiн қорғауға тастүйiн бекiнiп тұрған жиынтық бейнесiн орнату керек. Созақ көтерiлiсiнiң басқарушы ұйымы, штабы, ақ ту кө­терiп, «Аллаһулап» ұран тастауы, қарабайыр қару дайын­дайтын орнының болуы, оған қатысушылардың алдын ала бас қосып, кеңесуi бұл халықтық толқудың тосыннан болған сти­хиялы қимыл-әрекетi деп қа­рауға жатпайтын iрi тарихи оқи­ға екенiн дәлелдесе керек. Кө­­терiлiске үш жүздiң адамда­ры, өзге де ұлт өкiлдерiнiң қа­ты­суы жалпыхалықтық сипат ал­ды. Отызыншы жылғы қа­зақ та­ри­хындағы ақтаңдақ оқи­ға­ның бiрi де бiрегейi – Созақ кө­терiлiсiнiң биылғы 90 жылдық қа­ралы датасы ескерусіз қалмауы тиіс.

 

Өтеш ҚЫРҒЫЗБАЕВ,

Қазақстанның құрметті журналисі, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты