Коммуналдық қызметтер қаланы қалың қардан тазалау жұмыстарын үш ауысымда жүргізуде. Атап айтқанда, көшелер, жаяу жүргіншілер жолы, қоғамдық орындар және басқа да нысандар тазалануда. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
9-нан 20-на қараған түні қар тазалау жұмыстарына 1181 техника бірлігі мен 307 жол жұмысшылары жұмылдырылып, 31560 текше метр қар шығарылды (2630 рейс). 20 ақпанда қала көшелерін қардан тазарту жұмыстарына 1397 техника бірлігі мен 1127 жол жұмысшылары тартылды.
Жалпы осы уақытқа дейін барлығы 4224543 текше метр қар шығарылды (335003 рейс). «Қазгидромет» РМК мәліметіне сәйкес, 18 ақпаннан 19 ақпанға қараған түні жарты айлық жауын-шашын мөлшері түсті. Түнде 7 мм болса, айлық норма 15 мм құрайды.
Ақпан айының басынан бері жауын-шашын мөлшері 33 мм құрайды. Қазіргі таңда департаменттің жедел штабы құрылды. Елордалық Төтенше жағдай департаменті тұрғындарға мұқият болып, ауа райының өзгеруі туралы ақпаратты және енгізілген шектеулерді жіті қадағауды ескертеді.