Харьков қаласында (Украина) Харьков, Полтава және Сумы облыстарын қамтитын Қазақстан Республикасының Құрметті консулдығының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Мекеменің басшысы болып - Харьков кәсіпкері, аймақтағы үлкен тәжірибесі бар белгілі заңгер және меценат Эмин Наджафли тағайындалды.
Қазақстанның Украинадағы Елшісі Самат Ордабаев өз сөзінде Құрметті консулдықтың қазақстан-украиндық қатынастардың барлық салаларындағы өзара ынтымақтастықты дамытудағы маңызды рөлін атап өтті. Қазақстанның мүдделерін ілгерілету, елдер арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ еліміздің азаматтары мен заңды тұлғаларының құқықтары мен мүдделерін қорғау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Айта кету керек, Украинаның шығыс аймағының қуатты экономикалық, ғылыми және мәдени әлеуеті бар. Аймақта химия, отын-энергетика, тамақ және жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, құрылыс материалдары өндірісі дамыған. Сонымен қатар, Харьков, Полтава және Сумы облыстарында агроөнеркәсіп кешені өте қарқынды дамуда.
Іс-шараға Харьков облыстық әкімшілігінің, Харьков қаласының басшылығы, Харьков облыстық кеңесінің депутаттары, дипломатиялық корпустың, аймақтың іскер топтарының өкілдері, Харьковтағы қазақ диаспорасы, БАҚ және басқалар қатысты.