Бұрнағы күні Алматы облысындағы «Іле» полигонында «Дала қыраны» халықаралық бітімгершілік оқу-жаттығуы басталды. Оның ашылу салтанатына Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының бастығы, генерал-полковник Сәкен Жасұзақов, қатысушы елдер қолбасшылығының өкілдері және бір топ шетелдік бақылаушылар қатысты.

«Дала қыраны» тактикалық-арнайы бітімгершілік оқу-жаттығуы Қазақстан Республикасы мен НАТО арасындағы әріптестік қимылдарының дербес жоспарын жүзеге асыру, сондай-ақ «Бейбітшілік үшін әріптестік» бағдарламасы шеңберінде өткізіліп келеді.
Алғашқы «Дала қыраны» оқу-жаттығуы осыдан он жыл бұрын, яғни 2003 жылы, дәл осы жерде өткізілген еді. Міне, содан бері оған қатысушылардың саны жыл санап артып келеді. Биыл оныншы рет өткізіліп отырған оқу-жаттығуға Қазақстан, АҚШ, Ұлыбритания, Литва, Швейцария, Италия, Қырғызстан, Тәжікстан мемлекеттері Қарулы күштерінің өкілдері қатысады. Жаттығулардың барысын Испания, Германия және Беларусь Республикасының бақылаушылары бақылайтын болады.
Бұл жолғы жаттығуға Қазақстан жағынан «Қазбат» бітімгершілік батальоны толық құрамда, «Қазбриг» бітімгершілік бригадасының штабы және Қазақстан Қарулы Күштері Аэроұтқыр әскерлері қолбасшысы басқармасының әскери қызметшілері тартылған. Сонымен қатар, Құрлық әскерлері және Әуе қорғанысы күштерінің бөлімшелері де болады.
«Қазбриг» бітімгершілік бригадасының оқу орталығында басталған осы жиынның негізгі мақсаты – командирлер мен штабтардың бітімгершілік операцияларын жүргізу барысында бөлімшелер арасындағы өзара іс-қимыл мен шешім қабылдауды ұйымдастырудағы тәжірибелік дағдыларын жетілдіруге бағытталған. Сонымен қатар, бөлімшелер қарсылас тараптар арасындағы қақтығыс жағдайында бейбітшілікті қолдау бойынша жауынгерлік үйлесімділігін де арттыратын болады.
«Егемен-ақпарат».