“Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясының басшылығы аймақтық және жергілікті жерлердегі халықтың тыныс-тіршілігінен хабардар және елмен етене жақын болу мақсатында бірқатар қоғамдық қабылдау бөлімдерін ашқан болатын. Мұндай жұмыс түрі сондай-ақ, биліктегілердің жергілікті жерлердегі адамдардың өтініш-шағымдарын тыңдап, қордаланған проблемаларын шешуге қолайлы болды.
Көптеген азаматтар әділдік іздеп талай мемлекеттік органдардың есіктерін тоздырып, талай басшының алдына барады. Ақыры барар жері қалмаған соң “Нұр Отан” ХДП-ның қоғамдық қабылдау бөлмесіне келеді. Сондықтан біздер азаматтарға заңдық, психологиялық демеу тұрғыдан көмек көрсетуден жалыққан емеспіз. Арыз-шағымдардың артында қилы тағдыр тұратынын білеміз.
Жыл өткен сайын қоғамдық қабылдау бөлімдеріне өтініші айтып, көмек сұрап келетіндер саны артуда. Айталық, 2005 жылы – 4636, 2006 жылы – 7204, 2007 жылы – 31 000, ал 2008 жылы 42 700 адам әр түрлі жағдаймен келді. 2009 жылы партияның қоғамдық қабылдау бөлмелеріне азаматтар тарапынан 67 973 өтініш жасалды. Оның 32 006-сы – жазбаша. Бұл басқа жылдармен салыстырғанда едәуір артық.
Партияның орталық аппараты қоғамдық қабылдау бөлмелерінің негізгі міндеті – жергілікті жерлердегі азаматтарды толғандыратын аса маңызды проблемаларды айқындау, әлеуметтік-экономикалық мәселелерді бағалау. Осы мақсатта енгізілген қоғамдық қабылдау бөлмелерінің көшпелі тәжірибесі көпшіліктің көңілінен шығып, оң көзқарастарын білдірді. Өткен жылы қоғамдық қабылдау бөлімдері жергілікті орындарға 920 рет байланысқа шығып, тұрғындардың өтініштерін қанағаттандыруға күш-жігерлерін жұмсады. Аталған қабылдау жұмыстарына барлық деңгейдегі депутаттар мен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысып, 12 мыңнан аса азаматтардың өтініш-шағымдарын қарады. Олардың денін тұрғын үймен, жұмыспен қамтамасыз ету, жалақының дер кезінде берілмеуі сияқты көкейкесті мәселелер құрайды.
Көптеген азаматтар атқарушы органдар жұмыстарының сапасыздығынан немесе құқықтық сауатсыздығының салдарынан да зардап шегіп жатады. Ондайда қоғамдық қабылдау бөлім қызметкерлері тұрғындарға құқықтық көмек көрсетіп, өтініштерін қанағаттандыруға мұрындық болады. Оған дәлел ретінде өткен жылы, түскен арыз-шағымның 42 пайызының оң шешімін тапқанын атап айтуға болады. Ал азаматтардың жиі көтеретін мәселесі бұрынғы жылдардағыдай, тұрғын үй жайы. Ауызша жасалған арыздың 22 пайызы осы саланы қамтиды. Ал 14 пайызы әкімдіктердің құзырына жататын әлеуметтік қамтамасыз ету мен сот шешіміне наразылық мәселелерін қамтиды.
Қазіргі уақытта орталық аппараттың басшылығы мен барлық деңгейдегі мемлекеттік және құқық қорғау органдарымен тығыз байланыс орнатылған. Нәтижесінде, Бас прокуратура мен оның аймақтық құрылымдары, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен оның департаменттері, Жоғарғы Сот жанындағы Сот әкімшілігі жөніндегі комитеті мен соттың жергілікті әкімшіліктері, қаржы полициясы органдары, барлық деңгейдегі депутаттар және әкімдіктер азаматтардың арыз-шағымдарын тексеріп, оң шешім шығару үшін жұмысқа белсене араласуда.
“Нұр Отан” ХДП Орталық аппараты қоғамдық қабылдау бөлмесінде еліміздің барлық аймақтарынан келетін азаматтарды Парламент Мәжілісінің депутаттарымен жүздестіріп отыру мүмкіндігі туды. 2009 жылдың кестесіне назар аударсақ, Мәжіліс депутаттары 73 кездесу өткізіп, 763 адамды қабылдаған. Сонымен қатар, “Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясы мен Қазақстанның Адвокаттар одағы арасында жасалған меморандумға сәйкес, Орталық аппаратта аптасына екі рет: сәрсенбі және жұма күндері Адвокаттар одағы өкілдері азаматтарды қабылдайды. Олар осы уақытқа дейін 19 қабылдау жүргізіп, 104 азаматқа құқықтық кеңес берді.
Үстіміздегі жылдың 10 ақпаны күні “Нұр Отан” партиясының қоғамдық қабылдау бөлмелерінде республика бойынша “Азаматтарды бірыңғай қабылдау күні” акциясы өтті.
Аймақтық деңгейдегі акцияға денсаулық сақтау, білім беру, халықты әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша облыстық әкімдердің орынбасарлары, қала әкімдері, барлық деңгейдегі депутаттар және құқық қорғау органдары басшыларының өкілдері қатысты.
Акция барысында азаматтардан 1 800 өтініш қабылданып, оның 250-і оң шешімін тапты. Ал 600 өтініш өз құзіреті аясында қарау үшін мемлекеттік және құқық қорғау органдарына жіберілді. Өтініштің 950-іне тиісті түсіндірулер берілді.
Орталық аппараттың Қоғамдық қабылдау бөлмесінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нүсіпова Әсел, осы ведомствоның Бақылау және әлеуметтік қорғау жөніндегі комитет төрағасының орынбасарлары Тоқсейітова Гүлнәр мен Оспанқұлов Төлеген азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдауда 87 адам болды, 16 адамның өтініштері оң шешімін тапты, 51 өтініш қарау үшін қабылданып, олар партияның бақылауына алынды. Сонымен қатар, 20 адамға өтініштері бойынша тиісті түсіндірулер берілді.
Сондай-ақ, өткен айдың соңында “Нұр Отан” ХДП-ның Орталық аппаратында партия Төрағасының бірінші орынбасары Н.Нығматулиннің төрағалығымен орталық мемлекеттік және құқық қорғау органдарының басшыларымен 2009 жылда азаматтардың хаттарын қараудың нәтижесі бойынша бас қосу болып өтті. Жиналысқа “Нұр Отан” партиясының жергілікті орындардағы қоғамдық қабылдау бөлмелерінің меңгерушілері шақырылды. “Нұр Отан” партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Н.Нығматулин жиналғандарға өткен жылда атқарған жұмыстарына рахмет айтып, азаматтардың жазған арыз-шағымдарына мемлекеттік және құқық қорғау органдарының дер кезінде, уақытында жауап беруіне баса назар аударды. Бас қосуда әсіресе, азаматтардың қордаланған, күрделенген проблемалық мәселелерін шешуге бір адамдай ат салысуға, сөзбұйдалықтан ада болуға шақырды. Жиналған басшылар атқарған жұмыстары бойынша нәтижелі жұмыстарын да атап өтті.
Біз бұдан әрі де халықтың проблемаларын реттеу жүйелерін тиімді жасау жөніндегі жұмыстарды белсенді түрде жалғастыратын боламыз.
Қоғамдық қабылдау бөлімінің жұмысына “Жас Отан” жастар қанатының қатысуы да өз жемісін беруде. Қазіргі уақытта тек жастар қозғалыстарының белсенділерін ғана емес барлық студент жастарды, яғни психологиялық және заң факультеттерінің студенттерін қоғамдық қабылдау жұмыстарына қатыстыру тәжірибесі қолға алынбақ. Қоғамдық қабылдау жұмысына қатысқан болашақ психолог, заңгерлер халықпен іс әрекет етуге, сонымен қатар, мемлекеттік органдармен өзара қарым-қатынас жасауға үйренер еді. Сондай-ақ, жергілікті орындардағы қордаланған мәселелермен жіті танысуға мүмкіндік алады. Біз жастарды қоғамдық қабылдау жұмыстарына тартуға мүдделіміз.
Сонымен қатар, наурыз айынан бастап аптасына бір рет “Нұр Отан” ХДП Орталық аппаратының қоғамдық қабылдау бөлмесінде мемлекеттік, құқық қорғау органдарының, банк және ұлттық компаниялардың басшылары қабылдайды.
“Нұр Отан” партиясының қоғамдық қабылдау бөлмелеріне халық үлкен үмітпен келеді. Біздің мақсатымыз ел сенімін ақтап, қолдан келген барлық көмекті көрсету болса, біз осы жолда барынша жан аямай еңбек етіп келеміз.
Асқар ҚҰМАРБАЙ “Нұр Отан” ХДП қоғамдық қабылдау бөлмесінің консультанты.