• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Спорт 21 Ақпан, 2020

Дзюдо: Ерлан Серікжановқа сенім артамыз

250 рет
көрсетілді

Германияның Дюссельдорф қаласында дзюдошылардың Grand Slam турнирі басталды. Бүгін бес салмақ дәрежесі бойынша түрлі-түсті жүлделер сарапқа салынуда. 

Әйелдер арасында үш салмақта белдесулер өтті. Қазақстан құрама командасы мүшелері арасынан жалғыз Анна Казюлина (52 кило) жарыс жолына шықты. Өкінішке қарай, оның қадамы сәтті болмады. Ол тұсаукесер кездесуінде Перу елінің спортшысына жол берді.

Ерлер екі салмақта күш сынасты. 60 кило салмақтағы Мағжан Шәмшиддин Гуана өкілін ұтқанымен, іле-шала моңғолиялық Арунболд Енхтайванға есе жіберді. Дәурен Сүйеукенов алғашқы кезеңде үндістандық Ядав Құмарды қапы қалдырғанымен, екінші айналымда испаниялық Франциско Гарригостан жеңілді.  

66 кило салмақ дәрежесінде Қазақ елі намысын әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Азия чемпионы Ерлан Серікжанов қорғауда. Бастапқы бәсекелерде Халықаралық дзюдо федерациясының туы астында өнер көрсеткен Зиад Аун және Үндістандық Санун Сингхке сан соқтырған қазақ дзюдошысы енді грузиялық Лаша Маргвелашвилимен күш сынасады. Егер Ерлан Қап тауы қыранын ұтса, онда жүлделі орындар үшін таласу мүмкіндігіне ие болады. Ұтылған жағдайда жарысты аяқтайды.