Атырау облысы «Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы» және «облыстық Ішкі саясат басқармасының Азаматтық орталығы» КММ-сінің ұйымдастыруымен Әлеуметтік жобалар жәрмеңкесі өтті. Бұл туралы Атырау облысы Ішкі саясат басқармасының азаматтық орталығының баспасөз қызметі хабарлады.
Шараның мақсаты – үкіметтік емес ұйымдар мен кәсіпкерлердің арасында қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді шешуде өзара байланысты күшейту және ҮЕҰ-дың әлеуетін арттыру, бенефициар тарту.Жәрмеңкеге «Тенгизшевройл», «Fluor», «NCOC», «Болашақ Атырау», «Fircroft Kazakhstan», «Сенімді құрылыс», «Sarens Kazakhstan», «ESS Support Service», «Болат жол», т.б. компаниялары қатысты.
Үкіметтік емес ұйымдар мүмкіндігі шектеулі жандар мен ерекше балаларға арналған 14 әлеуметтік жобаны ұсынды. Шара барысында әрқайсысы өз жобаларын таныстырды. Соның ішінде «Zlataru» қоғамдық қоры мен «Мөлдір ткөз» қоғамдық бірлестігінің жобаларына «Fluor» және «ESS Support Service» компаниялары қолдау көрсетті.Ақылбек Мұханов, «Игі іске бастама» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі:Әлеуметтік жәрмеңкеге алғаш рет қатысып тұрмын. Ұсынған жобамның негізгі мақсаты – әлеуметтік аз қамтылған және мүмкіндігі шектеулі, жалғызбасты аналарды жұмыспен қамту. Яғни, алдымен жұмыссыз аналарды тігіншілік мамандығына оқытамыз. Кейін тігін шеберханасына жұмысқа аламыз. Қазір жұмыссыз аналар өте көп. Соларға пайдамызды тигізгім келеді.Эльвира Аронова, «Самға жүрегім» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі:Бүгінгі жәрмеңкеге «Академик Кроха» балалар орталығын ашу туралы жобамды ұсындым. Жобам мүмкіндігі шектеулі балаларды сауықтыруға арналған. Орталықта мүмкіндігі шектеулі балалар кәсіби мамандар арқылы психо-физиологиялық, қимыл-қозғалысын шынықтырады. Атырау қаласында мұндай орталықтарға сұраныс бар. Егер бұл жоба қолдау тапса, көп отбасына көмектескен болар едік деп ойлаймын.Шарада «Өмір гүлі» қоғамдық бірлестігі мен «Мен бармын» қоғамдық қорының балалары өз өнерлерін көрсетті.