• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Қоғам 23 Ақпан, 2020

Жалақының орташа деңгейі төмен

463 рет
көрсетілді

Адамдардың әлеуметтік-тұрмыстық көңіл-күйіне тікелей әсер ететін факторлардың бірі –жалақы. Оның көлемі атқарылған жұмыстар мен төгілген маңдай тердің өтеуіне сәйкес келмесе, белгілі бір кәсіпорында қызмет жасайтын жұмысшылардың орынды талап тілектері мен наразылығын туғызуы әбден мүмкін.

Биылғы ақпан айының 20 жұлдызында Ақтөбе облысы аумағындағы «Н-Техсервис» компаниясының ауысым қызметкерлері арасында дәл осындай жағдай орын алды.

​Нақтырақ айтқанда дәл осы күні Темір ауданындағы Кеңқияқ кен орнында аталған компания құрамындағы бригада жұмысшылары кезекті ауысымға шықпай қалды. Осы жағдайға байланысты Кеңқияққа шұғыл аттанған Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов пен компания директорының міндетін атқарушы Ван Илинь және еңбек инспекциясының өкілдері мәселенің мән-жайын анықтау кезінде оның басты себебі жалақы мөлшерінің төмен екендігі белгілі болды.

​Осыған орай аталған тараптар «Н-Техсервис» компаниясының Бейжіңдегі бас кеңсесімен тиісті келіссөздер жүргізуді қажет деп тапты. Соның нәтижесінде тек бір ауысымның ғана емес, сонымен бірге мұндағы вахталық әдіспен жұмыс істейтін барлық қызметкерлердің жалақысын 33 пайызға көтеру жөнінде шұғыл шешім қабылданды. Осы тұста бұдан 1-2 апта бұрын «СNPC-Ақтөбе мұнайгаз» АҚ құрылымдарына қарасты қызметкерлердің жалақысы да жоғарыда көрсетілгендей көлемде өскенін айта кеткен жөн.

​Тағы бір жағымды жәй Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, өңірде шетелдік компанияларда қызмет ететін қазақстандық жұмысшылардың жалақысын көтеру, оны шетелдіктерге төленетін төлемдеге сәйкес келтіру жөнінде бірқатар іс-шаралар белгіленгені. Сондай-ақ тауарлар мен қызметтерді сатып алудағы қазақстандық қамту үлесін көтеру ісінде де оң өзгерістер жоқ емес.

​Сервистік компаниялар табысының өсуі, тек көмірсутегі шикізатын өндіруге ғана емес, көрсетілетін қызметтер көлеміне де байланысты екені хақ. Бұл ретте жерілікті атқарушы органдар олармен тарифтерді көтеруге қатысты келіссөздер жүргізуі де оң нәтижелерге бастап келеді. Яғни аймақта мұндай ұсыныстар сервистік компаниялар тарапынан қолдау тауып, биылғы 2020 жылдың 1 наурызынан бастап тарифтердің құны 10 пайызға ұлғайып отыр. Өз кезегінде мұндай қадамдар мұнай-газ өндірісі саласында жұмыс жасайтын қызметкерлердің жалақысын көтеру ісіне өз септігін тигізбек. Сондай-ақ журналистік зерттеулер мен талдаулар барысы аумақтағы кен орындарында жұмысшыларды арнайы киім үлгілерімен жасақтау және оларды сапалы нәрлі де құнарлы тағам мәзірлерімен қамту жөнінде де түйткілдер орын алып қалатынын көрсетеді. Оны түбегейлі шешудің басты бір кілті –ұжымдық шарттар болып отыр.  Яғни алдағы уақытта бұл мәселеде кәсіпорындар мен кәсіподақ ұйымдары басшылары арасында қол қойылатын осындай қабырғалық құжаттар арқылы шешу көзделген. Түптей келгенде бүгінгі басты мәселе шетедік компаниялардағы жұмыс күштерін біртіндеп, сатылап азайтып, олардың орнын қазақстандық кадрлермен алмастыра беру болмақ. Бұл бағытта мамандарды өсіру мен қайта әзірлеуге қатысты мәселелер алдыңғы кезекке шығады. Шетелдік компаниялар өкілдері жүргізетін істі қатаң бақылауға алудың қажеттілігі де осында дейді Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов.

​Міне, жоғарыда көрсетілген бірқатар деректер мен сандық көрсеткішьер облыста мұнай-газ, кен және өзге де жерасты қазба байлықтарын игеру ісі саласында жұмыс жасайтын қызсеткерлердің жалақыларын өсіру ісінде біраз кешенді шаралардың алынғанын айғақтайды. Талас жоқ, мұның өзі өте жағымды жәйт. Құптауға да қуаттауға да әбден тұрарлықтай іс. Әйтсе де қазіргі күні облыс тұрғындарының орташа айлық жалақысының көлемі аталған салалардағы өсіп жатқан жалақы есебіен жасалғанын жасырып қалудың қандай қажеті бар. Бұл шындықты ешкім де жоққа шығара алмайды. Тіптен соның өзінде өңірдегі орташа жалақы деңгейі республикалық орташа көрсеткіштен 16 пайызға төмен болып отыр. Рас, өңірде оны өсіру жөнінде бірқатар жұмыстар атқарылған. Алдыңғы жылдармен салыстырғанда белгілі бір деңгейдегі өсу көрсеткіштері де тіркелген. Әйтсе де соған қарамастан әзіргі ақтөбеліктер орташа жалақы мөлшері жөнінен елімізде тоғызыншы орында тұр екен. Сондай-ақ облыстағы орташа жалақы мөлшері республиканың батыс өңірлері арасындағы ең төменгі көрсеткіш екені қуанта қоймайды. Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин биылғы 2020 жылдың 12 ақпаны күні тұрғындарға берген есебі кезінде мұны ашық түрде мәлімдеді.

​Әрине, өңрдегі орташа жалақы мөлшерінің республикалық орташа есептен 16 пайызға төмен болуы, екі арадағы айырмашылықтың өте жоғары екенін көрсетеді. Аталған санның өзі мен мұндалап өзі сөйлеп өзін көтеру керектігін меңзеп тұрғандай. Сондықтан да бүгінгі күні өңірдегі мүдделі ұйымдардың басты назары ең алдыңғы кезекте жалақы мөлшерін кем дегенде республикалық орташа көрсеткіш деңгейіне жеткізуге аударылуы керектігі айқын көрінеді. Көңілге медеу тұтарлық жәйт облыста бұған алдағы 2025 жылға дейін жету үшін тисті шаралар кешені белгіленген. Оны жүзеге асырудың басты тұтқасы облыс тұрғындарының табысын әр жыл сайын өсуін қамтамасыз етуге бағытталған.

​Аталған іс-шаралар кешені қазірдің өзінде басталып кеткені үлкен үміт туғызады. Бұл бағыттағы басты назар мәдениет, халықты әлеуметтік қорғау және бастауыш, негізгі, сондай-ақ жалпы орта білім беру қызметкерлерінің жалақыларын орта есеппен 30 пайызға өсіруе аударылған.

 

АҚТӨБЕ облысы