Академик Жабайхан Әбділдиннің мақаласы «Вопросы философии» журналында жарық көрді
Әлем-жәлем әлемде қилы-қилы кезеңнің қиыншылықтарына бой алдырмай, оқырманының көзайымына айналып келе жатқан бірегей басылымдар жоқ емес. Бар. Бірақ көп те емес.
Академик Жабайхан Әбділдиннің мақаласы «Вопросы философии» журналында жарық көрді
Әлем-жәлем әлемде қилы-қилы кезеңнің қиыншылықтарына бой алдырмай, оқырманының көзайымына айналып келе жатқан бірегей басылымдар жоқ емес. Бар. Бірақ көп те емес. 1947 жылдан бері Мәскеуден ай сайын үзіліссіз шығып келе жатқан «Вопросы философии» журналы сол санаулылардың санатында. Э.Агации (Италия), Ань Цинянь (Қытай), Ю.Хабермас (Германия), Р.Харре (Англия), В.Лекторский (Ресей) сынды атақты философ-ғалымдар шоғырланған халықаралық редакциялық кеңесінің құрамынан-ақ осы ғылыми- теориялық журналдың беделінің аса жоғары екенін аңғаруға болады. Бүгін біз бұл журналға тектен-тек назар аударып отырған жоқпыз. Басылымның үстіміздегі жылғы 5-саны біздің отандасымыз Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі, әлемдік деңгейдегі философ Жабайхан Мүбәрәкұлы Әбділдиннің «Заманауи ғылыми-теориялық танымның логикасы» деп аталатын көлемді мақаласымен ашылғанын оқырманға жеткізсек дейміз.
Ғұмыр бойғы ізденістерінің қорытындысы деуге де болатын бұл еңбегінде автор өзінің көп жылдық зерттеулеріне сүйене отырып, осы заманғы ғылыми танымның диалектикасы мен логикасына қатысты ой-тұжырымдарын ортаға салады, заманауи ғылымның дамуындағы үлкен серпілістердің ғылыми-теориялық таным логикасының өзгеруіне тікелей байланысты екенін дәлелдейді. «Жабайхан Мүбәрәкұлы – Қазақстан философиясын дамытуда айрықша рөл атқарған тұлға. Оның еңбектері ресейліктерге де жақсы таныс. Ол – диалектика саласындағы аса ірі мамандардың бірі, философия теориясының маңызды проблемаларын зерттеуге арналған ғажайып еңбектердің авторы. Оның жетекшілігімен диалектикалық логика және диалектика тарихы туралы көптомдық іргелі еңбектер жарық көрді. Диалектикалық логиканың қазақстандық мектебінің қалыптасуы мен өрлеуі оның есімімен тығыз байланысты» деп жазылған редакция атынан берілген мақаланың аңдатпасында.
Журналдың осы санында, сондай-ақ, Ж.М.Әбділдиннің үстіміздегі жылы жарық көрген шығармалар жинағының он томдығы туралы мақала да жарияланған. Мақала авторы Г. Лобастов Ж.Әбділдиннің есімі Қазақстаннан тысқары жерлерде де жақсы мәлім екенін, оның таңдамалы еңбектерінің танымның диалектикалық әдістерін негіздеуге бағытталғанын, Бүкіләлемдік философиялық конгрестерге тұрақты қатысып келе жатқан ғалымның әлемдік философияның және әлеуметтік-саяси шындықтың жағдайы мен проблемаларын талдауға арналған баяндамалары мен мақалаларының аса құндылығын атап көрсетеді.
Біздің еліміздің бәсекеге қабілетті дамыған мемлекеттердің қатарына қосылуды мұрат тұтып, сол жолда аянбай тер төгіп жатқаны әмбе жұртқа аян. Бұл – бос сөз, жалаң ұран емес, нақты мүмкіндіктерге негізделген терең мазмұнды ұлы мақсат. Оның орындалатынына сенесің. Өйткені, ұлттың бәсекеге қабілетті екенін айшықтап, қазақтың атын шығарып жүрген ұл-қыздары аз емес. «Вопросы философии» журналындағы әлем ойшылдарының арасынан өз орнын ойып алған атақты ғалым Ж.М.Әбділдин туралы мақалаларды да оқи отырып, Қазақ елінің, қазақ ғылымының қарыштап дамып келе жатқанына тағы бір көз жеткізесің.
Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ,
«Егемен Қазақстан».