Бұл күндері Грузияның бас шаһары – Тбилисиде пара дзюдодан Әлем кубогы сарапқа салынып жатыр. Айтулы додада әлемнің 13 елінен келген әр салмақта үздік ондыққа кіретін ең мықты деген спортшылар белдесуде.
Жарыстың алғашқы күні қазақстандықтар үшін сәтті басталды деп айтуға болады. Өйткені 73 кило салмақта белдескен пара дзюдодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Теміржан Дәулет турнирде қарсылас шақ келтірмей, тұғырдың биік сатысынан көрінді. Отандасымыз жартылай финалда әлемдік рейтингте бірінші орында тұрған неміс балуаны Николай Корнхасты жарыс жолынан ығыстырса, финалда испаниялық Гавилан Лорензоны қапы қалдырды.
Теміржан Дәулет – пара дзюдодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 2018 жылғы Паразияда ойындарының қола, 2019 жылғы Бүкіләлемдік IBSA ойындарының күміс жүлдегері, 2019 жылғы Азия чемпионатының жеңімпазы.