Елордадағы Ұлттық Академиялық кітапханада ұйымдастырылған «Тарихи құндылықтар және Қазақ мемлекеттілігі» атты семинар аясында түрколог ғалым Қаржаубай Сартқожаұлының үш томдық «Орхон ескерткіштерінің толық атласы» және «Записки казахского тюрколога» атты туындыларының тұсауы кесілді.
Маңызды шараның беташар сөзін айтып, тұсауы кесіліп жатқан туындылар жайлы көпшілікті хабардар еткен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов, аталмыш кітаптар ғалымның 40 жылдық ғылыми ізденісінің нәтижесі екенін атап өтті.
Жалпы, көлемі 120 баспа табақтан тұратын үш томдық – көне тарихымыздың куәсі, көк түркілердің тасқа қашап жазған мұраларының бүгінге жеткен ескі көзі іспеттес. Бұл еңбекте: Еуразия кіндігі Өтукен қойнауынан бастап, Қиянған жоталары, Тибет таулары, Ордас даласы, Қара мөрен, Кем, Обь дарияларының ұлан-ғайыр алқабы, Алашан құмы қатарлы көне түркінің табаны тиген жерлердегі байырғы бабаларымыздың барлық мұралары қамтылған. Деректердің дені – тұпнұсқа сызбалар көшірмесі, ежелгі түркілердің – тарихы, палеоэтнографиясы, салт-дәстүрі, дүниетанымын қамтып, толық сипатталған, ғылыми сарапталған дүниелер көрінеді.
Жиналған қауым алдында бұл туындылар жайлы баяндама жасаған Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің шығыстану кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы Тұрсынхан Зәкенұлы, аталмыш еңбек этимологиялық, дүниетанымдық, этнографиялық, тілдік тұрғыдан ұлттық көзқарас негізінде сұрыпталған, сонымен қатар бұған дейінгі зерттеулерде жіберілген 300-ге тарта қате-кемшіліктерді қалпына келтірген, толық түрде соңғы рет кәсіби ұқыптылықпен құрастырылған аса құнды еңбек екенін жеткізді.