Парламент Мәжілісінде өткен кезекті Үкімет сағаты бұқаралық спортты дамыту мәселелеріне арналды.
Дене шынықтыруға ден қойғандар соңғы бес жылда 5% ғана өсті
Алқалы жиында Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаева сөз тізгінін ұстады. Ол алдымен спорт алаңдарының халық үшін қаншалықты қолжетімді екеніне тоқталды.
– Бүгінде республикада 39 мыңнан астам спорт ғимараты жұмыс істеп тұр. Бұл көп пе, әлде аз ба? Ұлттық экономика министрлігінің 2014 жылғы бұйрығымен бекітілген сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтерге сәйкес елімізде әрбір 1000 адамға 80 шаршы метр спорт алаңы болуы тиіс. Бірақ қазіргі таңда елімізде әрбір 1000 адамға 47 шаршы метр спорт алаңынан тура келеді. Бұл мемлекеттік нормативте белгіленген деңгейден екі еседей төмен. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылғы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында дене шынықтыру мен спортты дамыту, спорт инфрақұрылымының халыққа қолжетімді болуы мәселелеріне ерекше көңіл бөліп, кем дегенде 100 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салуды, сондай-ақ қолданыстағы спорт ғимараттарын тиімді пайдалануды тапсырды. Өткен жылы аталған Жолдау шеңберінде Үкімет 13 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салды. Биылғы және келесі жылы тағы 87 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу жоспарланып отыр, – деді вице-спикер.
Сонымен қатар Гүлмира Исимбаева Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында көрсетілген бұқаралық спортты дамытуға қатысты бағытты атап өтті. Оның айтуынша, өткен жылдың қорытындысы бойынша елімізде дене шынықтырумен жүйелі түрде айналысып жүргендер саны жалпы халықтың 30,6%-ын құрап, 2014 жылмен салыстырғанда бар-жоғы 5%-ға өсті. Бұл салада оң динамика болғанымен, халқының 60%-ға жуығы спортпен айналысатын АҚШ, Жапония, Аустралия, Канада сияқты елдермен және Еуропа елдерімен салыстырсақ, біздің көрсеткішіміз – төмен деңгейде. Мектеп жасындағы балалардың бар болғаны 59%-ға жуығы (1,8 млн) дене шынықтырумен айналысса, жоғары оқу орындарында оқитын студенттердің 31%-ы (172,4 мыңы) ғана спортпен шұғылданады екен.
– Келесі мәселе – елімізде, әсіресе ауылдық жерлерде спорт инфрақұрылымының әлсіз дамуы және спорт құралдарымен, спорт жабдығымен жарақтандырудың жеткіліксіз болуы. Бюджет қаражатын бөлу кезінде де бұқаралық спорттың дамуына мардымсыз қаражаттың бөлінуі алаңдатады. Жаттықтырушы кадрлардың жетіспеушілігі жыл сайын орташа алғанда мың адамды құрайды. Жалпы саланы дамыту үшін қордаланған проблемаларды жүйелі түрде шешу қажет, – деді Гүлмира Исимбаева.
Спорт инфрақұрылымдары қолжетімді ме?
Одан әрі депутаттар алдында Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова тақырыпты кеңінен тарқатты. Ол былтыр спорт саласының нормативтік-құқықтық базасын әрі қарай жетілдіру бойынша айтарлықтай жұмыстар жүргізілгенін айтты. Сонымен қатар ол Президенттің Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспары шеңберінде Бұқаралық спортты дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарының жобалары әзірленгенін атап өтті. Онда балалар мен жасөспірімдердің дене шынықтыру клубтары және дәрігерлік-дене шынықтыру диспансерлерінің желісін кеңейту, дене шынықтыру және спорт бойынша сыныптан тыс сабақтарды жүргізгені үшін мұғалімдерге қосымша ақы енгізу, білім берудің барлық деңгейлерінде дене тәрбиесі сабақтарында ұлттық спорт түрлері бойынша міндетті компонентті енгізу, халықпен жұмыс істеу үшін спорт нұсқаушыларын штаттық бірліктермен қамтамасыз ету сияқты мәселелер қарастырылған.
– Өңірлер ұсынған статистикаға сәйкес мектеп оқушыларының ішінде 1 млн 865 мың бала дене шынықтырумен шұғылданады. Білім және ғылым министрлігінің деректері бойынша 2019 жылы 5428 мектеп спорт залдарымен қамтамасыз етілген. Бұл ретте Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында, Атырау, Қызылорда, Маңғыстау облыстарында мектептерді спорт залдарымен қамтудың ең жоғары деңгейі байқалады. Іс жүзінде мектептердің 37%-ы спорт құрал-жабдықтарына деген қажеттілікті сезінеді, 1970 мектепте спорт залдары жоқ, ал ауылдағы спорттық-сауықтыру кешендерінің желісі ауыл тұрғындарының тек 30%-ын ғана қанағаттандырады, – деді Ақтоты Райымқұлова.
Министрдің айтуынша, бүгінде елімізде 477 Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі бар. Бұл спорт мектептерінде 357 мыңнан аса бала тегін спортпен айналысады. Бұған қоса жергілікті жерлерде 579 балалар-жасөспірімдер клубы және 107 дене тәрбиесі клубтары жұмыс істейді. Аталған спорт клубтарында 180,7 мың бала спортпен қамтылған.
Сондай-ақ студенттік спортты дамытуға көп көңіл бөлінуде. Білім және ғылым министрлігімен бірлескен жұмыстың нәтижесінде 131 жоғары оқу орнында 113 спорт клубы мен 2 мыңға жуық спорт секциялары ашылды. Онда 172,4 мың студент спортпен шұғылданады. Жергілікті атқарушы органдардың мәліметі бойынша өткен жылы 462,3 мың балаға тегін спорттық абонемент берілген, оның 185,3 мыңы – тұрмысы төмен отбасылардың балалары, 237,5 мыңы – көп балалы отбасылардан шыққан балалар, 30 мыңға жуығы – ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар және 10 мыңнан астамы – ерекше қажеттіліктері бар балалар.
– Елбасының тапсырмасымен елді мекендерде 100 дене-шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды. 2019 жылы жергілікті бюджет қаражаты есебінен, сондай-ақ демеушілік қаражат тарту арқылы жоспарланған 13 спорт кешенінің құрылысы толық аяқталды. Биыл 32 ДШСК құрылысын салу жоспарлануда, оның ішінде 10 ДШСК құрылысы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының шеңберінде жүзеге асырылады. 2021 жылдың соңына дейін 100 кешеннің құрылысын аяқтауды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар 2019 жылы бекітілген тізбеден бөлек еліміздің өңірлерінде жергілікті бюджет есебінен, сондай-ақ мемлекет-жекеменшік әріптестік шеңберінде 21 спорт кешені салынды, – деді ведомство басшысы.
Күн тәртібіндегі тақырыпты талқылау барысында депутаттар халықтың бұқаралық спортпен қамтылу деңгейін арттыру, спорт инфрақұрылымының қолжетімді болуын қамтамасыз ету, әсіресе ауылдық жерлерде қазіргі заманғы спорт құралдарымен жарақтандыру мәселелеріне назар аударды. Осы ретте «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін салуға қосымша қаржы бөлу, спортпен айналысуға қолайлы жағдай жасау, балалардың спорт секцияларында айналысу уақытын көбейту, сондай-ақ құрылыс нормаларын қайта қарап, оған құрылыс салушылардың көп пәтерлі үйлердің аулаларында спорт-ойын алаңдарын салу міндетін енгізу, қала және ауыл тұрғындарының спорт нысандарын тең қолдануға мүмкіндік жасау сияқты мәселелер саланың басты басымдығы ретінде белгіленді.