Парламент Сенатының Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитеті мен Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшелері Ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі 2019-2021 жылдарға арналған жол картасын іске асыру мәселелері бойынша Үкімет сағатын өткізді.
Жиынға Сенат депутаттары мен Ішкі істер министрлігінің басшылығы, министрлікке қарасты құқық қорғау мекемелерінің өкілдері қатысты.
Алдымен сөз бастаған Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Владимир Волков Ішкі істер министрлігі сыбайлас жемқорлық ісі жиі қозғалатын 5 мемлекеттік органның қатарында екенін атап өтті. Оның айтуынша, соңғы 3 жыл ішінде ішкі істер органдары қызметкерлерінің қатысуымен 1846 қылмыс жасалған. Оның ішінде 1051-і сыбайлас жемқорлыққа қатысты болған. Нәтижесінде 1066 қызметкер қылмыстық жауапқа тартылған.
Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Құл-Мұхаммед Ішкі істер жүйесіндегі құрылымдық өзгерістердің бәрі биыл шешімін табуы керек деп санайтынын жеткізді.
– Ішкі істер органдары – бүгінде Қазақстандағы ең күрделі, ең көпсалалы министрліктің бірі. Оның құрамында тек полицейлер емес, Ұлттық ұлан құрылымы бар. Бұған қоса көптеген мемлекетте жеке министрлік болып отырған Төтенше жағдайлар дейтін үлкен ведомство бар. Егер Қазақстанның жер көлемі әлемдегі тоғызыншы мемлекет дейтін болсақ, онда мұндай үлкен мемлекетте Төтенше жағдайлар жөніндегі комитеттің жеке-дара министрлік болуға толық құқы бар. Әзірге бұл сала – Ішкі істер министрлігінің құрамында. Өкінішке қарай, елімізде Үкімет құрамында болатын жиі-жиі өзгерістердің нәтижесінде осы министрлік жұмысы кейінгі кезде баяулай түскен. 2002 жылы Ішкі істер құрылымының құрамынан қылмыстық атқару жүйесі алынып, ол Әділет министрлігінің құрамына берілді. Бірақ бұл дұрыс нәтиже берген жоқ. Сөйтіп оны қайтадан Ішкі істер министрлігі құрамына қайтаруға тура келді. Сондай-ақ түрлі құжаттарды тіркеу, халықпен жұмыс істеу сияқты қызмет атқаратын комитет болды. Оны да 2005 жылы Әділет министрлігі құрамына бердік. Бұл да оң нәтиже бермей, өзіне қайтарып бердік, – деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.
Өз кезегінде Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев сенаторларды құқық қорғау органдарын реформалау жұмыстарының барысымен таныстырды.
– Ішкі істер органдарын реформалау – уақыт талабы. Елбасының тапсырмасына сәйкес әзірленген 2019-2021 жылдарға арналған бағдарлама нәтижесін беріп жатыр. Алғашқы кезеңде полицейлердің саны 11%-ға қысқартылды. Қылмыстың алдын алу шараларын күшейту үшін қызметкерлер мектеп, көше, қоғамдық орындарға жіберілді. Ішкі істер министрлігі және оның мекемелерінің қызметтік міндеттеріне талдау жасалды. Олардың қорытындысы бойынша артық 106 басқару буындары және 1 483 басшылық лауазымдар таратылды. Қысқартылған ІІМ қызметкерлері саны – 10 592, – деді Е.Тұрғымбаев.
Жалпы, Ішкі істер органдарын жаңғыртуға арналған Жол картасында 9 бағыт көзделген екен. Оның бірі қызметкерлерге еңбекақы төлеу және әлеуметтік қорғау жүйесін жақсартуға бағытталған. Штатты оңтайландыру нәтижесінде үнемделген 16 млрд теңге мен Үкімет бөлген 20 млрд теңгені ескере отырып, 2019 жылдың 1 шілдесінен бастап қызметкерлердің жалақысын саралап арттыру қолға алынды. Осы орайда патрульдік полицияның – 65%-ы, жедел-тергеу бөліністерінің – 55%-ы, учаскелік полиция инспекторы мен кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторларының – 25%-ы, сондай-ақ полиция және ҚАЖ қызметінің қалған қызметкерлерінің 20%-ының еңбекақысы өсті.
Сонымен қатар кейбір функцияларды алып тастау бойынша жұмыстар атқарылып, мемлекеттік органдардың және заңды тұлғалардың 72 күзет объектілері бәсекелестік ортаға берілді. Осындай тағы 115 объектінің мәселесі пысықталып жатыр.
Бұған қоса, министр халықпен жұмыс істеудің жаңа форматтарына тоқталып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қолға алынған іс-шараларды атап көрсетті. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде былтырғы қорытынды бойынша қылмыс 29%-ға, оның ішінде сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс 34%-ға кеміген. Қылмыстық жауапкершілікке тартылған қызметкерлер саны 26%-ға, сотталғандар 49%-ға төмендеген.
Сенат депутаттары ішкі істер органдарының жұмысын жаңғырту мақсатына бағытталған 11 нақты ұсыныс әзірледі. Айталық, Төтенше жағдайлар комитетін министрліктен бөлек орган ретінде құру, Ішкі істер министрлігінің аумақтық бөлімшелерін қайта жасақтауды жалғастыру, полиция учаскелерін материалдық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету және сотталушыларға көрсетілетін медициналық қызмет түрін Денсаулық сақтау министрлігінің құзырына беру мәселесін қарастыру сияқты ұсыныстар бар.
Сондай-ақ сенаторлар қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмысын оңтайландыру мақсатында ІІМ жанынан ақпараттық-талдау орталығын құруды қарастыру, халықтың құқық қорғау органдарына деген сенімін арттыруға бағытталған шараларды жүзеге асыру үшін ІІМ сайты арқылы азаматтардың орган жұмысына онлайн түрде баға беру мүмкіндігін ұйымдастыру, кадр даярлаудың тиімділігін оңтайландыру бастамаларын көтерді.
Бұған қоса, ішкі істер органдарындағы бос қызметке байқау кезінде бақылаушылардың ой-пікірін ескеру керек екені, сол сияқты Бас прокуратура мен Құқықтық статистика жөніндегі комитетпен бірлесіп қылмыс жиі орын алатын елді мекендерде патруль шығару кестесін әзірлеу жайы сөз болды.
В.Волков отырысты қорытындылай келіп, әзірленген ұсыныстар ішкі істер органдарының қызметін жетілдіруге бағытталғанын айтты.