• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 25 Ақпан, 2020

Ауыл тұрғыны қар құрсауында қалған жүк көлігін шығаруға көмектесті

204 рет
көрсетілді

Ат құлағы көрінбейтін ақпанның ақ борандары өткен аптаның аяғында ғана толастады. Солтүстік Қазақстан облысының ПД патрульдік полициясы ТЖД,  «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы және Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармаларымен бірлесе отырып, республикалық маңызы бар жолдарды 12 рет жабуға мәжбүр болды. Ақпанның 17-сі мен 23 аралығында барлығы 147 автотехника қар құрсауынан  шығарылды. Оның 14-і жүк көлігі. Барлығы 300 адам эвакуацияланды, оның 4-і бала.

Демалыс күндері ауа райы жайылып, жылымық болғаны жолдардың көктайғақ болуына ұласты. Жексенбі күні полицейлердің көмегі қостанайлық Мәди Кәрімовке тиді. «Қостанай-Мамлют» автожолының 135 шақырымында ол жүргізіп келе жатқан «МАЗ» автокөлігі жолдан тайып кетіп, жиекке шөгіп қалған. Әйтеуір жүргізуші еш жарақат алмаған, ал автокөлік өздігінен шыға алмай, қалың қарды кеулеп, бата берген. Осы көлікті Мамлют қаласына бет алған учаскелік полиция инспекторлары Хасан Шәукеров пен Дәурен Аманжолов көріп, патрульдік полиция батальонының (ППБ) қызметкерлеріне хабарлайды. Өз кезегінде патрульдік полиция батальоны экипажындағы полиция капитаны Әміржан Тоққожин мен полиция кіші лейтенанты Қанат Кеңесбаев жақын маңдағы Екатериновка селосында тұратын К-700 тракторының жүргізушісі Вячеслав Генаевтың көмегіне жүгінеді.

46 жасар ауыл тұрғыны қиын жағдайда қалған адамға бірден көмек қолын созып, «МАЗ-ды» қар құрсауынан шығарып берді.

«Жолда қиын жағдайға тап болған адамдарға көмектесу – кезекшілікке түскен әрбір экипажға берілетін тапсырма ғана емес, бұл көптеген солтүстікқазақстандықтардың өмірлік қағидасы болуы тиіс», - дейді ПД ППБ командирінің орынбасары полиция капитаны Уәлихан Оразалин. — «Бір-біріне көмекке келу, әсіресе ауа райы құбылмалы солтүстік өңірде аса маңызды. Қыста жол жүрген кезде аса сақ болған жөн. Өткен аптада батальон қызметкерлері өз күштерімен жолда қиын жағдайға тап болған жүргізушілерге 10 рет көмек қолын созған».

 

Солтүстік Қазақстан облысы