(Қазақстан халқына Жолдауынан).
Кеше Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға Мемлекеттік сапармен келген Словакия Республикасының Президенті Иван Гашпаровичпен кездесті.Қазақстан мен Словакия арасындағы қарым-қатынас сенімді саяси үнқатысулар түрінде дамып келеді. Қазақстанға жоғары деңгейдегі алғашқы сапарды Словакия Президенті Р.Шустер бастаған болатын. Ол біздің елімізге 2001 жылдың қараша айында келген еді. Ал Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Словакия Республикасына Мемлекеттік сапармен 2007 жылы барған болатын. Сапар барысында екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға негіз қаланып, құқықтық базаны құрайтын Қазақстан Республикасы мен Словакия Республикасы арасындағы өзара қарым-қатынастың негіздері туралы декларацияға, үкіметаралық және ведомствоаралық келісімдерге қол қойылған еді. Қазақстан мен Словакия арасындағы парламентаралық және аймақаралық байланыстар да жақсы даму үстінде. Словакия Парламентінде құрамына 50 депутат енетін Қазақстанмен достық тобы құрылған. Сондай топ Қазақстан Парламентінде де бар. Былтырғы жылы Қарағанды мен Курчатов қалаларында Словакияның құрметті консулдығы ашылды. Ақордадағы ресми қарсы алу рәсімдері аяқталған соң Мемлекеттер басшылары екіжақты келіссөз жүргізді. Бір атап көрсететін жәйт – әлемдік қаржы дағдарысына қарамай, екі елдің арасындағы тауар айналымы 2009 жылы 10 пайызға артып, 1 млрд. АҚШ долларын құраған. Жалпы алғанда, 2003 және 2009 жылдар аралығында екі елдің арасындағы сауда көлемі 10 есеге жуық артқан. Екеуара кездесу аяқталып, президенттер кеңейтілген құрамда келіссөздер үстеліне отырды. Жиынды ашқан сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: “Шағын құрамдағы кездесуде біз өзара ынтымақтастықтың әлеуеті әлі де жоғары екендігімен келістік. Қазақстан Словакияны Еуроодақтағы өте маңызды және перспективалы әріптесі деп таниды. 2007 жылғы менің Братиславаға сапарым барысында қол қойылған құжаттардың талаптарын екі жақ та тиімділікпен іске асырып келеді. Бүгінгі кездесу біздің қатынастарымызға жақсы серпін беретініне сенімдімін”, деді. Бүгінгі күні екі елдің арасындағы экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Қазақстанда 17 бірлескен кәсіпорын құрылған. Олар құрылыс, фармацевтикалық препараттар, көтерме сауда және қызмет көрсету салаларында жұмыс істейді. Қазақстан Словакияның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге сүбелі үлесін қоса түсуде. Соңғы екі жылда осы елге жеткізілген қазақстандық көмірсутегі шикізатының көлемі үш есе артып, былтыр ол 3 млн. тоннадан асты. Сондай-ақ, Қазақстан экспортының құрамында түсті және қара металдар, мақта, химикаттар бар. Ал Словакиялық импорттың тауарларын мәшинелер мен техникалар, жабдықтар, құрылыс материалдары, гербицидтер, дәрі-дәрмек, тамақ өнімдері, полиграфия өнімдері және басқалар құрайды. Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің сөзінде өсімі 10 пайызға жетіп, 1 млрд. 200 млн. АҚШ долларына жеткен сауда айналымының бұл жетістігі әлі ең жоғары шек емес екенін, бүгінгі кездесу оның дами түсуіне жаңа серпін беретінін атап өтті. Өз кезегінде Словакия лидері Қазақстанға шақырғаны үшін Қазақстан басшысына алғысын білдіре келіп, екі елдің арасында ешқандай келіспеушіліктің жоқ екенін айтты. Қазақстан біз үшін ғана емес, бүкіл Еуроодақ елдері үшін Орталық Азиядағы ең сенімді әріптес, деді ол. Кеңейтілген құрамдағы келіссөз барысында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын іске асырып жатқанын, оған 20 млрд. АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылып, жаңадан 176 нысанның тұрғызылатынын айтты және словакиялық іскер топтарды осы іске қатысуға шақырды. Өз кезегінде Иван Гашпарович Қазақстанның экономикалық дамуына және Астанадағы құрылыс қарқынына өзінің таңданысын жасырмады. Қазақстан бүгінгі күні осы аймақтағы шикізат пен қуат ресурстарын шығарумен айналысатын ел ретінде ғана маңызды емес, сонымен бірге аймақтық саясатқа ықпал ете алатын белсенді ел ретінде де маңызды болып отыр, деді ол. Оның дәлелі Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағалығына сайлануы дер едім. Мен Қазақстан төрағалық еткен тұста Ұйымның жұмысында жаңа серпін болатынына сенімдімін. Сондай-ақ Қазақстанның бастамасымен Астана қаласында болмақшы ЕҚЫҰ-ға мүше елдер лидерлерінің саммиті де табысты өтеді деген үміттемін. Айта кетерлігі, келіссөз барысында Словакияның автомобиль жасау, жеңіл және тамақ өнеркәсібі, құрылыс және тағы басқа салалардағы кластерлер құру тәжірибесі Қазақстанда бірлескен жобаларды іске асыру барысында қолданылуы мүмкін екендігі аталып өтті. Сондай-ақ, ынтымақтастықтың перспективалы бағыттары қатарында өңдеу өнеркәсіптері, жеңіл және тамақ өнеркәсібі өнімдерін өндіру, туризм және білім беру, шағын және орта бизнес салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктері сөз болды. Қазақстан, Беларусь және Ресей арасындағы Кеден одағының да словакиялық инвесторлардың Қазақстандағы әрекеттеріне жаңа перспективалар ашу мүмкіндігі айтылды. Әлемдік өзекті проблемалар бойынша тараптардың ұстанымы өте жақын екендігі белгілі болды. Соның ішінде халықаралық қауіпсіздік, ядролық қарусыздану және таратпау бағытындағы позициялар өзінің бірегейлігімен танылады. Келіссөздер аяқталған соң президенттер журналистермен баспасөз мәслихатын өткізді. Оны ашқан Нұрсұлтан Назарбаев екі елдің арасындағы өзара байланыстар мен экономикалық ынтымақтастыққа Қазақстанның зор мән беріп отырғанын жеткізді. Өйткені, әлемдік дағдарысқа қарамай, екі елдің арасындағы сауда-экономикалық қатынастар дамып келе жатыр және оны арттыра түсу әлеуеті үлкен, деді Елбасы. Оның үстіне Словакия әлемдік саясатта Қазақстан бастамаларын қолдайтынын, соның ішінде ЕҚЫҰ көшбасшыларының саммитін Астанада өткізу жөніндегі идеяны да қолдайтынын мәлімдеді. Словакия телевизиясы журналисінің сұрағына берген жауабында Нұрсұлтан Әбішұлы словакиялық компаниялардың Қазақстанда құрылыс индустриясын дамытуға, жиһаз жасау, жеңіл және жалпы мәшине жасау салаларына қатысу мүмкіндіктері зор екенін атап өтті. Ал “Хабар” агенттігінің сұрағына берген жауабында Иван Гашпарович Словакияның жерасты газ қоймаларын жасау әдістерімен бөлісуге әзір екендігін, сонымен бірге, төртінші буындағы атом реакторын жасауда Қазақстан және Жапониямен ынтымақтаса іс-қимыл жасауға әзірлігін жеткізді. Жақсыбай САМРАТ, Суретті түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.
•
31 Наурыз, 2010
ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ ЕҢ СЕНІМДІ СЕРІКТЕС
524 рет
көрсетілді