Әйгілі әнші-композитор Естай Беркімбайұлының ескі суреті табылды. Жәдігер Ресейдің орталық мемлекеттік қазіргі заман тарихы мұражайының қорында сақталған екен.
Суретке «Халық композиторы Естай Беркімбайұлының Павлодардағы Абай атындағы орта мектептің оқушыларымен және ұстаздарымен кездесуі» деп анықтама берілген. Сурет 1940 жылы Павлодар қаласында түсіріліпті.
Бір топ адамның ортасында отырған өткір көзді, тымақ пен шапан киген әнші Естай. Әншінің осы киіммен түскен басқа да фотолары бар. Мәселен, өлкетанушы, журналист Айтжан Бәделхан құрастырған «Естай» атты жинақта әнші-сазгердің дәл осы тымақ пен шапанды киіп түскен суреті ұсынылған. Оған «қырқыншы жылдары Павлодар қаласында түсірілген» деп анықтама беріліпті. Біздіңше, Ресей мұражайынан табылған және «Естай» жинағында ұсынылған екі фото да бір уақытта, бір жерде түсірілген болуы әбден мүмкін.
Жалпы, қолымызда Естай Беркімбайұлының бес-алты ғана фотосы бар. Сондықтан Ресей мұражайынан табылған бұл сурет біз үшін құнды жәдігер екені даусыз.
Айтпақшы, «қазақ тарихына қатысты суреттерді тауып алуға болады» деп Ресейдің орталық мемлекеттік қазіргі заман тарихы мұражайының электронды мекенжайын ұсынған журналист Серікбол Хасан екенін атап өткен жөн. Мұражайдың электронды қорында (goskatalog.ru) біздің ел мен жердің тарихына қатысты көп дерек бар.
Фархат ӘМІРЕНОВ,
журналист