Сенатта Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшелері шетелдік жұмыс күшін тарту мәселелері бойынша уәкілетті органдар өкілдерімен кездесті. Бұл туралы Сенаттың баспасөз қызметі хабарлады.
Жүздесуге Сенат депутаттары, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, ішкі істер, сыртқы істер, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктердің өкілдері, сондай-ақ «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының қызметкерлері қатысты.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов өз сөзінде Еңбек кодексіне сәйкес тең жағдайда бірдей жұмысты атқаратын қызметкерлер арасында еңбекақы төлеуде сәйкессіздіктерге жол берілмейтінін атап өтті. Алайда, еңбек мигранттарын әкелетін компаниялардың тиісті талаптарды сақтамай отырғаны туралы деректер анықталып отыр. «Бас прокуратурамен бірлескен тексеру барысында еңбек және көші-қон заңнамасын бұзудың 1008-ден астам дерегі анықталды, оның ішінде 27 кәсіпорында 479 факті орын алған. Заң бұзушылықтардың ең көбі Ақтөбе, Шығыс Қазақстан және Атырау облыстарында анықталды», - деді министр.
Сенаторлар талқылау барысында өңірлерге сапарда болған кезде азаматтар отандық және шетелдік қызметкерлер арасындағы еңбекақының тең болмай отырғаны бірнеше рет көтерілгенін атап өтті.
Б.Нұрымбетов шетелдік және қазақстандық қызметкерлер арасындағы кемсітушілік фактілерін болдырмау мақсатында санитарлық-тұрмыстық бірдей жағдай жасауды көздейтін еңбек мәселелері жөніндегі заң жобасы Мәжіліс қарауында жатқанын жеткізді.
Сенат депутаттары өз мамандарымызды даярлау арқылы шетелдік қызметкерлерді ауыстыру мәселесін көтерді. Біржан Нұрымбетов жауап ретінде тиісті ережелер енгізе отырып, жұмыс күшін жоспарлаудағы шектеулер туралы айтты. «Біз қазақстандық жұмысшыларды ауыстыру жөніндегі ережені қайта енгізгіміз келеді. Ол біздің мамандардың біліктілігін арттыруға мүмкіндік береді. Қазір осы ереженің бәрі мемлекеттік органдардың келісімінде жатыр», - деді министр.
Сенаторлар өз кезегінде ішкі еңбек нарығын қосымша қорғауға және жергілікті атқарушы органдарға қазақстандық азаматтарды жұмысқа орналастыруға мүмкіндік беретін шараларға қолдау білдірді.
Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев жұмыс орындарына шетелдіктерді заңсыз тартуды аса өткір мәселелердің бірі ретінде атады. Министрдің бірінші орынбасарының айтуынша, бұл көбінесе әлеуметтік шиеленістің өсуін туындатады және кәсіпорындарда ашық қақтығыстарға айналуы да көбірек.
Комитет төрағасы Мұрат Бақтиярұлы талқылауды аяқтай келіп, шетелдік жұмыс күшін тартуды реттеу мәселесі мемлекет үшін де, жалпы қоғам үшін де маңызды екенін атап өтті.