Қалалық әкімдік бөлімдерінің басшылары түрмеге барып, темір тордың ар жағында отырғандардың хал-жағдайымен танысты. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі агенттік өкілдері мемлекеттік қызметкерлерге жемқорлықтың салдарын көрнекі түрде көрсету мақсатында осы экскурсияны ұйымдастырып отыр екен. Олардың пікірінше, қылмыстың алдын алу үшін бас бостандығынан айыру орындарына барып, жағдайды өз көзімен көргені жөн.
- Біздің мақсатымыз - мемлекеттік қызметкерлерге сыбайлас жемқорлық қылмыстарының салдарын көрсету, оларды қамаудағылардың тұрмысымен таныстыру, – дейді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ШҚО бойынша департамент басқармасының басшысы Ренат Набиев, - алдағы уақытта олар қылмыстық істерге бармауы біз үшін аса маңызды.
Мемлекеттік қызметкерлер экскурсия шеңберінде асхана бөлмесіне, спорт залына, кітапханаға және басқа да орындарға барды. Сондай-ақ мерзімін өтеп жатқан адамдармен де кездесті.
- Жас мемлекеттік қызметкерлерге этика мен заңды ұстану қажеттігін, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу керектігін айтқым келеді. Мен адвокат едім, пара алғаным үшін сотталдым. Сегіз жылға кеттім. Үшінші жылын өтеп келемін. Әрине, өте ауыр, бостандықта жақсы ғой. Кеш болса да, өкінемін. Сондықтан мемлекеттік қызметкерлерді заңға қайшы ештеңе жасамауға шақырғым келеді, - деді қамалғандардың бірі сөз алып.
Осындай іс-шаралардың бірқатарын алдағы уақытта да сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және жолын кесу ретінде жүргізу жоспарланып отыр.
СЕМЕЙ