• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 24 Ақпан, 2020

Әдеп – ардың ісі

550 рет
көрсетілді

2015 жылдың 29 желтоқсанында Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан Республикасы мемлекеттік қыметшілерінің әдептілік нормаларын және мінез-құлық қағидаларын одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы жарияланып, 2016 жылдың 1 қаңтарынан қолданысқа енгізілгені мәлім. Соған сәйкес мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі мен Әдеп жөніндегі уәкіл туралы ереже бекітілген болатын. Одан бері де 4-5 жылдың айналасы болыпты.

Бес тармақтан тұра­тын Әдеп кодексі мемлекеттік қыз­метшілердің мінез-құлық стандарттары қандай болуы керектігін тайға таңба басқандай айқындап берген.  Онда әділдік пен ашықтық, қыз­меттік міндеттерді тиімді орындау, кәсіби біліктілікті үнемі жетілдіріп отыру, жеке мәселелерді реттеу үшін  қызметтік лауазымын пайдалануға тыйым салу, іскерлік әдеп пен ресми іс-қимыл ережелерін сақтау секілді жайттар толық қамтылған. Жалпы мемлекеттік қызметкердің әдеп қағидасы деген не? Алдымен осыған тоқталып өтейік. Қоғамға қызмет ету ең әуелі ардың ісі. Мұны бізден бұрын өткен ұлт зиялылары әлдеқашан айтып кеткен. Мемлекеттің қызметшісі осы міндетінен жаңылмаса ауытқымайтын, таймайтын тура жолдың берік тұтқасынан ұстаған болады. Қолына ел тағдырына әсер ететін игілік тапсырылғаннан кейін мемлекеттік қызметкерге артылатын жауапкершіліктің салмағы да еселене түсетіні сондықтан. Оның қоғамдағы бейнесіне қарап басқа азаматтар бой түзеп, үлгі алуы шарт. Ал олай болмаған жағдайда азаматтың жеке басына ғана емес, тұтас қоғам алдында жүрген тұлғаларға  сөз тиеді.

Әдеп – ең әуелі адалдық пен әділдік. Бұл қасиетті бойына қондырған азамат қандай сын сағаттарда да өз жеке басының мүддесін мемлекет мүддесінен жоғары қоймайды. Яғни әділеттің ақ туын желбіретіп, өзіне жүктелген міндеттерді жауапкершілікпен атқарады. Мемлекет мүлкіне, өзгенің құқығына қол сұқпайды. Бұл парасаттылық пен адамдықтың бастау бұлағы. Бұдан өзге мемлекеттік қызметкердің киім-кию үлгісі, көпшілік алдында өзін ұстау мәнері, сөз саптауы, қоғаммен араласудағы парасат-пайымы, тіпті жұмыстан тыс уақыттардағы жүріс-тұрысы әдеп нормаларымен қабысып  жатуы тиіс. Айталық, мемлекеттік қызметкер көпшілік алдында сөз сөйлегенде құр­ғақ деректерді тізбелей бермей, байып­ты сарап­тамалар жасап, пайымды ой айтқаны абзал.  

Талап пен еңбек қоғамға пайдамды тигізем, сол арқылы өз өмірімді де ізгілендірем деген адамның басты қаруы. Ал білім мен жоғары мәдениет азаматтың бойында бұл қасиеттерден де ілгері тұрғаны жөн.  Өйткені ел алдында жүрген тұлға қанша жерден іскер болғанымен, жұртпен тіл табыса алмаса, мәдениеті төмен болса еткен еңбегі зая. Себебі сөйлеген сөзің тұшымды, ойлы, мәнді болса құлақ асқан адамға ой салады. Әрі маманның интелектуалдық деңгейінен хабар береді. Өресін биіктетіп, ісін алға бастырады. Кез-келген қарапайым азамат оның алдына барғанда басына түскен қиындықты жеңілдетсем, құқықтық кеңес алсам, дұрыс бағыт сілтесе деген ниетпен келеді.  Ал сол барған мекеменің жауапты маманы өз міндетін жетік білмейтін, бәсекеге қабілетсіз жан болса басқалардан не сұрауға болады, оның қоғамдағы бейнесі қалыптасты деп қалай айта аламыз? Міне, сол себепті мемлекеттік қызметтің айналасында жүрген әрбір азамат осыны тереңнен зерделеп, өзіне артылатын жауапкершіліктің үдесіне сай болса ғана қоғамға пайдасы тиеді.

Мемлекетке қызмет ету жоғарыда айтқанымыздай, отанға,  ұлтқа қызмет ету. Ал бұл игіліктің қадір-қасиетін тереңнен түйсіну осынау жауапты саланың шетінде жүрген кез келген маман үшін азаматтық міндет деп есептеймін. Сондықтан әдеп нормаларын сақтау мемлекеттік қызметшінің басты құзіреті болуы шарт.  Әдеп пен тәртіп бір-бірімен өзара ұршықтасып, қабысып жататын құндылықтар.

Қорыта айтқанда, Әдеп кодексі түрлі дең­гейдегі мемлекеттік қызметшілер үшін бағыт сілтейтін айқын бағдаршам. Сондықтан оның орын­далуы мен сақталуы қашанда назарда ұсталғаны жөн. Бұл өркениет көшіне бет түзеудің даңғыл жолы. Ендеше әрбір маман әдептік кодекспен сыйыспайтын теріс әрекеттен аулақ болғаны дұрыс.

                                            

                                       

                                                           Ғалым ЖУСАНБАЕВ,

                      Алматы облысы, Райымбек ауданы әкімінің орынбасары,

                       Әдеп жөніндегі уәкіл