Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) соңғы тур ойынын сырт айдында өткізген елорданың «Барыс» клубы жеңіске жете алмады.
Турнирді жеңіліспен бастаған «Барыс» соғы турда да жанкүйерлерін қуанта алмады. Хабаровскіге қонаққа барған жерлестеріміз жергілікті «Амур» клубымен кездесіп, 5:0 есебімен айдын иелеріне жол берді. Дегенмен ойнының нәтижесі «Барыстың» турнир кестесіндегі орнына керсі әсерін тигізген жоқ. Жалпы, биылғы тұрақты біріншілікте екі команданың жолы 4 рет түйісті. Үш кездесуде жерлестеріміз жеңіске жетсе, соңғы ойында «Амурдың» бәсі биік болды.
ҚХЛ қорытындысы бойынша, Андрей Скабелка шәкірттері тұрақты біріншіліктің Шығыс конференциясы бойынша турнир кестесінде 84 ұпаймен екінші орынды иеленді. Көш басындағы «Ак Барс» (Казань) клубынан 9 ұпай қалып қойды. Сондай-ақ Чернышев дивизионында екінші жыл қатарынан бірінші орын иеленгенін айта кетейік. Ал жалпы ҚХЛ қорытындысы бойынша жерлестеріміз төртінші орыннан көрінді.
Енді «Барыс» ойыншылары Гагарин кубогының плей-офф кезеңінде Шығыс конференциясында 7-орын иеленген Магнитогорскінің «Металлург» командасымен кездеседі. Алғашқы екі ойын 1 және 3 наурыз күні Нұр-Сұлтанда, қарымта матч 5 және 7 наурызда Магнитогорскіде өтеді. Плей-офф ережесіне сәйкес, келесі кезеңге 4 рет жеңіске жекен команда ғана шығады. Егер 4 ойында жеңіске жеткен команда анықталмаса, тағы қосымша үш матч ойналады. 9 наурыз Нұр-Сұлтанда, 11 наурыз Магнитогорскіде және 13 наурыз Нұр-Сұлтанда өтеді.