Жаңа жылдан бастап мұғалімдердің жалақысы 30 пайызға өсті. Мәдениет пен спорт саласындағы бюджеттік мекеме қызметкерлері де бұл жақсылықтан шет қалған жоқ. Осы саланың аймақтардағы қызметкерлерінің жалақысы 35 пайызға, ал республикалық деңгейдегі мекемелердің жалақысы 50 пайызға дейін көтерілді. Әрине, білім мен мәдениеттің мерейі үстем болып, осы саланың отымен кіріп, күлімен шығып жүрген жандардың ризық-несібесі артқаны баршаны қуантқаны анық.
Дегенмен де осы тұста бір мамандық иелері ұмыт қалды. Ол – мектеп кітапханашылары. Олардың жұмыс істейтін жері – мектеп, яғни, білім беру саласының қызметкері саналады, ал мамандығы жағынан мәдениет саласына жақындау. Бірақ мектеп кітапханашыларының жалақысы өзгеріссіз қалды. Сөйтіп айлықтары өсіп, ақпан айынан бастап екі сала жұмысшыларының дауыстары жарқын-жарқын шығып жатқанда мектеп кітапханашылары екі жақтың да жақсылығынан құр қалып, кімге шағынарын білмей, аңқайып қалған жайлары бар. Шынында не істеу керек? Жалақысы өскен жандармен бір салада, бір мекемеде қызмет етіп жүрсе де барлығына жасалған шарапат неге оларды айналып өтті?
Жалпы, мектеп кітапханашысы деген кім? Олар мектепке қарай ма, жоқ, мәдениет саласының кітапханалар жүйесіне қарай ма? Айлықтарын мектептен алып жүрсе де жаңа жылдан бастап неге жалақысы өскендердің қатарынан табылмады? Сондықтан ең алдымен мектеп кітапханашысының мәртебесін анықтап алу керек сияқты. Негізі жоғары оқу орындарында кітапханашы мамандығы арнайы оқытылады. Бірақ мектеп кітапханашыларының қазіргі статусы техникалық қызметкерлермен бірдей. Ең алдымен мектептегі кітапхана меңгерушісі, балаларға кітап беруші, оқулықтарды түгендеуші және сонымен бірге директор бұйырса, еден жуушы, әйнек сүртуші, басқа да барып кел, шауып кел жұмыстарды атқарып кете береді. Мектеп кітапханашылары директордың айтқанынан шыға алмайтынын, тек соның бұйрығымен ғана жүріп-тұратынын осы мақаланы дайындау барысында анық байқадық.
«Мектеп кітапханашыларының жалақысы неге өспеді?» деген мәселені зерттеу барысында дәл осы жайт бойынша әкімге хат жазған біраз кітапханашылардың аты-жөндерін, телефон нөмірлерін таптық. Әрине, ойымыз осы мәселені биліктің назарына жеткізіп, кітапханашыларға көмектесу еді. Бірақ әкімге «жалақымызды көтеріңіз» деп хат жазған кітапханашыларға хабарласқанымызда бәрі күмілжіп ештеңе айта алмады. Айтпақ түгілі «Менің телефон нөмірімді сізге кім берді?», «Газетке менің аты-жөнімді жазбақшысыз ба?» деп өзімізге дүрсе қоя берді. Үзіп-жұлып бірдеңе айтқандары кейіннен қайтадан телефон шалып «Алып жүрген жалақымыз 80-90 мың теңге ғана, оның өзіне де зар болып қаламыз ба? Ештеңе жазбай-ақ қойыңдаршы. Жазсаңдар да менің аты-жөнімді қоспаңдар. Тіпті, маған хабарластым деп те жазбаңдар. Тыныштық керек» деп, жыларман болды. Әрине, әкімге хат жазғандар мәселесін ақпарат құралдарына айту, айтпауы өз еркіндегі шаруа ғой. Байсалды түрде «Кешіріңіз, айта алмаймын» десе де ешкім зорлап аузына сөз салмас еді. Тіпті, жағдайды түсіндіріп беріп, «аты-жөнімді көрсетпей-ақ қойыңдаршы» десе де, оған дауымыз болмас еді. Дегенмен де кітапханашылардың даусындағы үрей бізді қатты ойландырды. Кітапханашылар кімнен қорқады?
Өткен аптада білім беру саласының қызметкерлерімен кездескен Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев мектеп директорлары өзін менеджер емес, сол мекеменің қожайыны сияқты сезінетінін ашық айтты. «Оқу орындарының кейбір басшылары «менің мектебім», «менің ұстаздарым», «менің шәкірттерім» деген сияқты тіркестерді қолданып, өздерін ұйымдастырушы емес, меншік иесі секілді сезінеді. Мектеп – мемлекеттікі, ал директор – ауысып отыратын басқарушы болуы тиіс» деді Б. Сапарбаев.
Шынында біздің кейбір мектептердің директорлары, әсіресе, ауылдағы білім ошақтарының басшылары өздерін «құдайдай» сезінеді. Кітапханашылар міне, сол директорлардан қорықса керек. Әрине, әкімдер «мектеп кітапханашыларының да жалақысын өсіреміз» деп уәде берген көрінеді. Бірақ сол кітапханашылар енді жалақы өсіру мәселесін соңына дейін жеткізіп, табандап тұра ала ма, жоқ, әлде директор бір ақырғаннан-ақ «Осыған да шүкіршілік» деп жер сипап кете бере ме?..