• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Үкімет 28 Ақпан, 2020

Мүмкіндігі шектеулілер әрдайым қолдау көреді

254 рет
көрсетілді

Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов ұлттық құраманың Жапонияда өтетін Паралимпия ойындарына дайындығы аясында Нұр-Сұлтан қаласындағы Паралимпиадалық жаттығу орталығы қызметімен танысты, деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.

Паралимпиадалық жаттығу орталы­ғында Қазақстан құрама командасының оқу-жаттығу жиындары, шетелдік командалармен бірлескен жиындар сонымен қатар, түрлі спорттық бәсекелер өтеді.

Қазақстан Республикасының Паралим­пиа­далық құрама командасының құрамына барлығы спорттың 13 түрінен 523 спортшы кіреді. Естеріңізге салайық, 2019 жылдың мамы­рында орталықты аралау барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Токиода өтетін Паралимпиада ойындарында та­быс­ты өнер көрсетуі үшін Қазақстан құра­ма­сына барлық ұйымдастыру және қар­жы­лық қолдау көрсетілетінін айтқан бола­тын.

Паралимпиадалық жаттығу орталығы 2018 жылдың 4 шілдесінде Тұңғыш Прези­дент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен ашылды.

Қазақстанда әзірге баламасы жоқ орталық жазғы және қысқы паралимпиадалық спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командалар мен спорттық резервтің сапалы әрі кәсіби жаттығуына арналып салынған. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған мұндай орталық АҚШ, Ұлыбритания, Жапония және Оңтүстік Кореяда ғана бар.

Орталық барлық қажетті құрал-жаб­дықтармен жарақталған.

Е.Тоғжановқа орталықты таныстырған Ұлттық Паралимпиадалық комитеттің төр­­ағасы Қайрат Боранбаев еліміздегі пар­алим­пиалық қозғалыс қызметі мен мүмкін­дігі шектеулі жандар арасындағы бұқа­ра­лық спорттың дамуы туралы әңгіме­леп берді. Оның айтуынша, орталық құрылысы мен жабдықтау барысында мүмкіндігі шек­теулі жандардың барлық қажеттіліктері ескерілген.

Паралимпиадалық жаттығу орталы­ғында мүгедек спортшылар спорттың 14 түрі бойынша жаттыға алады. Ай сайын мұн­да шамамен мүмкіндігі шектеулі 6 мыңға жуық спортшы жаттығады.

Орталықта бейімделген әмбебап цифр­лы тренажерлар мен топтық жаттығу­ларға ыңғайлы аймақтан тұратын жатты­ғу, ойын және күреске арналған үш спорт­тық зал жұмыс істеп тұр. Бір атап өтер­лігі, орталықты жабдықтауға паралим­пиа­дашылардың өздері де атсалысқан. Мәселен, арбада отырып билеу бойынша ел құрамасының мүшесі Ардақ Отарбаев осындағы мүгедектер арбасын жуатын орын­ның авторы.

Е.Тоғжанов Паралимпиадалық жат­тығу орталығының қазіргі заманға сай инфрақұрылымы мен материалдық-тех­ни­калық жабдықталуына жоғары баға берді.

Сапар барысында Премьер-Министрдің орынбасары отандық паралимпиада спортының тарихында көру қабілеті төмен спортшылар арасында тұңғыш рет ұйымдастырылған голболдан Қазақстан Кубогының ашылу салтанатына қатысты.

Е.Тоғжанов спортшыларға арнаған сөзінде елімізде паралимпиадалық спортты дамытудың маңызын атап өтті. «Мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік қорғау әрдайым ел басшылығының ба­қылауында. Мемлекет қазір мүмкіндігі шектеулі жандардың өзін дамытуға және толыққанды өмір сүруі үшін барлық қажетті жағдайды жасап отыр. Паралимпиадалық жаттығу орталығының ашылуы осыған дәлел. Сіздердің әрқайсыңызда жеңіске деген ынта-жігер жеткілікті. Бірақ жеңіс тұғырының жоғары биігін бағындыру үшін бүгіннен бастап тер төгу қажет. Сіздерге ел үшін жауапты сындарда жоғары жетістіктер тілеймін!», деді Е.Тоғжанов.

Екі күнге созылатын байрақты бәсекеге еліміздің 5 өңірінен 40-тан аса голболшы қатысып жатыр. Голбол Паралимпиада ойындарының бағдарламасына енгізілген. Спорттың бұл түрі Қазақстанға 2017 жы­лы келген. Содан бері 3 чемпионат ұйым­дас­тырылды.

Биылғы бәсеке командаға халықаралық аренаға шығуға жол ашады.