Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) соңғы тур ойынын сырт айдында өткізген елорданың «Барыс» клубы жеңіске жете алмады.
Турнирді жеңіліспен бастаған «Барыс» соңғы турда да жанкүйерлерін қуантпады. Хабаровскіге қонаққа барған жерлестеріміз жергілікті «Амур» клубымен кездесіп, 5:0 есебімен айдын иелеріне жол берді. Дегенмен ойын нәтижесі «Барыстың» турнир кестесіндегі орнына кері әсерін тигізген жоқ.
ҚХЛ қорытындысы бойынша, Андрей Скабелка шәкірттері тұрақты біріншіліктің Шығыс конференциясындағы турнир кестесінде 84 ұпаймен екінші орынды иеленді. Көш басындағы «Ак Барс» (Қазан) клубынан 9 ұпай қалып қойды. Сондай-ақ Чернышев дивизионында екінші жыл қатарынан бірінші орын иеленгенін айта кетейік. Ал жалпы ҚХЛ қорытындысында жерлестеріміз төртінші орыннан көрінді. Енді «Барыс» ойыншылары Гагарин кубогының плей-офф кезеңінде Шығыс конференциясында 7-орын иеленген Магнитогорскінің «Металлург» командасымен кездеседі.
Алғашқы екі ойын 1 және 3 наурыз күндері Нұр-Сұлтанда, қарымта матч 5 және 7 наурызда Магнитогорскіде өтеді. Плей-офф ережесіне сәйкес, келесі кезеңге 4 рет жеңіске жеткен команда шығады.