Кеше Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов Словакия Республикасының Президенті Иван Гашпаровичпен кездесті, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.
Кездесуде Мәжіліс Төрағасы Қазақстан мен Словакияның ынтымақтастық байланыста ортақ пікірді ұстанатынын мәлім етті. “Екі елдің экономикалық қарым-қатынасы жақсы қарқын алып келеді. Сауда айналымы Шығыс Еуропадағы елдермен салыстырғанда, жоғары көрсеткішке ие. Қазір Қазақстанда 17 бірлескен кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Саяси, мәдени байланыстар арта түсуде. Бұл екі Мемлекет басшыларының қол жеткізген келісімдерінің нәтижесі”, – деді О. Мұхамеджанов.
Мәртебелі мейман Қазақстан тек Словакияның ғана емес, Еуропалық Одаққа енетін мемлекеттердің сенімді әріптесі болып отырғанын мәлімдеді. Словакия Республикасының Президенті Иван Гашпарович Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескенін, Астананы аралап, бой көтерген жаңа заманның ғимараттарын көргенін айтты.
Мәжіліс Төрағасы мәртебелі мейманға еліміздің атына айтқан жылы лебіздері үшін ризашылығын жеткізді.