• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 28 Ақпан, 2020

Ұлттық университетте омыртқалы жануарлар топтамасының каталогы таныстырылды

358 рет
көрсетілді

«Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Биологиялық мұражайының омыртқалы жануарлар топтамасының каталогы» кітабының тұсаукесері өтті. Үш тілде шыққан еңбектің авторы ҚазҰУ биология музейінің директоры Қылышбай Мұсабеков. Басылым мұражайдың бірегей коллекциялық қорын жүйелендіру бойынша көпжылдық жұмыстың нәтижесін қамтиды деп хабарлайды университеттің баспасөз қызметі.

Биология және биотехнология факультетінің деканы Болат Заядан кітап авторын осындай айтулы оқиғамен құттықтап, басылымның жоғары ғылыми және мәдени құндылығына тоқталып, көп жылдық ұжымдық еңбектің нәтижесі деп атап өтті.

«Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Биологиялық мұражайының омыртқалы жануарлар топтамасының каталогы» - бүгінгі таңда мұражайдың коллекциялық қорының жағдайы туралы жинақталған толық анықтама құралы. Басылым биологиялық мұражайдың тарихы мен оның қызметкерлеріне арналған бөлімдерден, демонстрациялық залдың, сыртқы сөрелердің және бауырымен жорғалаушылар, сүтқоректілер, орнитологиялық, оологиялық, остеологиялық тікелей коллекция қорының сипаттамасынан тұрады.

ҚазҰУ-дың Биологиялық мұражайы 80 жылдан астам уақыт бұрын ашылған. Республиканың жоғары оқу орындарының ішіндегі жануарлар саны 7888 данадан тұратын ең бай зоологиялық коллекциясымен мақтана алады. Оның ішінде 70 отряд, 217 тұқымдас және 866 жануар түрлері бар. Қордың ғылыми, мәдени-ағартушылық, оқу-тәрбиелік және эстетикалық құндылығы зор. Онда сирек кездесетін, жойылып бара жатқан және эндемиялық жануарлардың түрлері, соның ішінде 70 жылдан астам бұрын мекендеген жерлерінен жоғалып кеткен тұрандық жолбарыстың экспонаттары да бар.

Қылышбай Сәтімбекұлының өз кезегінде оқушылар мен студенттерді, ЖОО-ның магистранттары мен докторанттарын, шетелдіктердің қызығушылығын арттырып отырған музей күрделі жөндеуден кейін қазіргі заманғы технологиялар, аудио және бейне визуализациямен жарақтандырылып, ендігі кезекте көрікті жерлердің бірі ретінде Алматы картасына енсе деген пікірімен бөлісті.