Тағдыры Тобыл топырағында тоғысқан жүзден астам ұлт өкілі қатысқан мерекелік жиын барысында көпшілік қазақ халқының кеңдігі мен кішіпейілдігін суреттейтін театрландырған қойылымды тамашалады. Аймақ басшысы Архимед Мұхамбетов облыстық Ассамблеясының ширек ғасырлық жұмыс нәтижелері мен жетістіктеріне тоқталып, өңірдегі халықтар достығының мызғымастығы турасында сөз қозғады.
–Биыл бесінші рет Алғыс айту күнін атап өтіп отырмыз. Бұл мереке бүгінде жалпыхалықтық сипатқа ие болды. Алғыс айту күні – ұлттық кодымыздың айқын дәлелі. Қысылтаяң шақта Қазақ жерін паналап келген түрлі ұлт өкілдерін жергілікті халық өзектен теппеді. Керісінше, бауырына тартып, бар ауыртпалығын бірге көтерісті. 30 жылға жуық уақыт аралығында Елбасының жетекшілігімен зайырлы мемлекет құру жолында талай шаруа атқарылды. Аталмыш мереке қазақтың жомарт жеріне, дархан халқына деген ерекше ықылас пен құрметтің көрінісіне айналды.
Мемлекет басшысының сындарлы саясатының арқасында ел ішінде өзара түсіністік пен баянды ынтымақ қалыптасты. Бұған өзге ұлт өкілдері де айтарлықтай үлес қосып келеді, - деді өңір басшысы.
Қостанай