• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Таным 02 Наурыз, 2020

Мәні – зор, тағылымы – мол

1104 рет
көрсетілді

Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың «Амал –ауызбіршілік мерекесі» атты мақаласы өте мазмұнды екен. Парасатпен парықтай білгенге мәселе көп. Жаңа ғасыр­да жаңа тұрпатты ұлтқа айналу деген оңай нәрсе емес. Қалыптасқан көзқарастарға бүгінгі биіктен қайта қарау да қажет тәрізді.

Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында мән-маңызы қай кезде де құнын жоғалтпайтын мынадай сөздер бар: «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай... Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаң­ғырудың маңызды алғы­шарт­тарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды».

Ұлттық код деген не? Менің­ше, бұл – халықтың жады. Жақ­сы мен жаманды таразы басына тартатын, ұлт үшін еңбек ет­­кен­дерді ескеретін, ел үшін ер­­лік­ке барғандарды өмірбақи ес­кір­­мейтін ЗЕРДЕ кітабына жа­­зып қоятын да сол жады. Осы тұр­­­ғы­дан алсақ, ұлттық сана ая­­­сында «сүрлеп қоюға» болмай­тын дүниелер баршылық. Қазақ­тың ұлттық дүниетанымы төл таби­ғатпен етене байланысты.

Қазақша-арабша ай атау­лары мынандай: Наурыз – Хамал; Көкек – Сәуір; Мамыр – Зауза; Маусым – Саратан; Шілде – Әсет; Тамыз – Сүмбіле; Қыркүйек – Мизам; Қазан – Ақырап; Қараша – Қауыс; Желтоқсан – Жәди; Қаңтар –Дәлу; Ақпан – Құт.

Қазіргі қолданыстағы ай аттарын замандастарымыз шатастырмайтыны анық. Алайда көнекөз қарияларымыз осы он екі айды ескіше жіліктеп отыратын еді. Енді соның бәрі ұмыт болып барады.

Өзгеріс үшін өзгеру де керек. Заман ағымына икемделу – көптің ісі. Жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіру өздігінен бола салмайды. Бұрын Ұлыстың ұлы күні қыстан аман шыққан көшпелі елдің ат шаптырып, аударыспақ ойнап, жамбы атып, балуан күрестіріп, ұлан-асыр той жасап қарсы алатын тойы еді. Ел тәуелсіздігімен бірге Наурызды тойлаудың да өзіндік дәстүрі қалыптасты.

Жаңару, ынтымақтастық пен жылулықтың мерекесі атан­ған Наурызды еліміздің батыс аймағы Амал – Көрісу күні ретінде атап өтеді. Көктем­мен бірге көңілдің сызын кетіру деген де бір ғажап құбы­лыс. Рен­жіскен ағайын табы­сып, ба­рлық жамандық атаулы ұмы­­­тыла­тын, ел-жұрт болып жақ­сылыққа қарай мерей­лене бет бұратын бұл күн­нің шапағаты мол. Пайғам­бары­мыздың (с.ғ.с.) хадистерінде бір-біріне сәлем берген екі адамға да сауап жазы­латыны, соның ішінде, бі­рін­ші сәлем берген адамға көбір­ек сауап тиетіні айтылады. Инабат пен ізгілікке толы Көрі­су күні ағайын арасындағы ескі өкпе-реніш кешіріліп, татуласып-табысады, араздық ұмы­тылады. Ағайын-туыс, құда-жекжат, дос-құрбы сыйлы адамдарына шапан мен шек­пен, көйлек-көншек, сырға, сақи­на дегендерді сыйға тартады. Жастар ақсақалдардың ақ батасын алуға асығады.

Бата дегеннен шығады: батада – береке бар. Кезінде Шәкір Әбенов ақсақал Елбасына бата бер­ген болатын. Ел аралаған са­парында әр өңірдің батагөй ақ­­сақалы Мемлекет басшы­сына оң болсын айтып, ақ тілеуге то­лы бата беретін. Осы­ны мем­ле­­кет­­тік деңгейдегі үрдіске ай­­нал­­дыр­ған абзал. Осы арқы­лы «біз елдің үлкені, елдің игі жақ­­­­сы­сы» деген кәделі жолды сақ­­т­ап қаламыз, жастар ел аға­лары­­ның айтқанына құлақ асатын болады.

Амал күні ешкім ешкімге ренжімей, жайдары жүреді. Көріскен ағайын бір-бірінің отбасына, ағайын-туыстарына амандық-саулық, құт-береке тілейді. Қарызы бар кісі осы күнге дейін борышынан құ­ты­луға асығады.

Қазақстанның батыс облыс­тарын­дағы жұрт бұл мере­кені «Көрісу» немесе «Амал» мерекесі деп атайды. Маңғыс­таулықтар Амал мерекесін Отпан тауында тойлайды. Не­гізгі шара «Отпан тау» тари­хи-мәдени кешенінде өтеді. Маңғыстаудың биік шоқысы Балтық теңізі деңгейінен 532 метр биіктікте орналасқан. Тау­дың басында Адай батырға ар­налған 37 метрлік ескерт­кіш орнатылғанын білеміз. Көкке мойнын созған екі стеллада Адай атаның екі ұлы Құдайбеке мен Келімберді бейнелері бедерленген. Көк бөріні кие сана­ған елдің ежелгі аңызы бойынша, қасқыр – бүкіл түркі халқы үшін күш пен рух еркіндігінің символдық бейнесі. Бір кезде Отпан тауы жау шапқанда елге белгі беретін бекініс болған, яғни оның басында жанған от елге төнген қатер жайын ескер­тетін. Бүгінгі бейбіт заманда Отпан таудың басында Амал мерекесін тойлау кезінде ғана от тұтатылады...

Таң атысымен «Көрісу» мерекесін асыға күткен әрбір отбасы дастарқанын қазақтың құрт, бауырсақ, ақ ірімшік, қызыл ірімшік, сары май, уыз сынды дәстүрлі тағамдарымен толтырып, наурыз көжесін да­йындап, табалдырықтан ат­та­ған әр кісіні жылы жүз­­бен қар­сы алады. Көрісуге келген жандарға ерекше ілтипат көрсетіп, төрге шығарады, ақа­дал ас ұсынады.

Дәл осы күні әр адам өзі­нен жасы үлкен кісілердің ша­ңы­­рағына кіріп, амандасып, кө­ріседі. Барған үйіне «Бір жа­сы­ңызбен!» деп еніп, жаңа жыл­ға аман-есен аяқ басқан жора-жолдас, туған-туысқан­дарын құттықтайды. Бір-біріне деген өкпе-реніштері болса, кешіріседі, амандық-саулық ті­леседі. Сондай-ақ әр отбасы өз көршілерімен көрі­седі. Бұл күні әр адам міндетті түрде үш үйдің есігін ашуы керек, яғни түске дейін үш үйге кіріп, көрісіп үлгеруі тиіс. Бір ерекшелігі – «Көрісу» бір күн­мен шек­телетін мереке емес, ол нау­рыз­дың 14-інен басталып, айдың соңына дейін жалғаса береді.

Айдың он төрті неге таңдал­ды екен? Біз «жыл» деп Жердің Күнді айналуын, «ай» деп Айдың Жерді айналуын, тәулік деп Жердің өз осін айналуын айтамыз. Жердің Күнді айналуы – 365 тәулік 5 сағат 54 минут болса, Айдың Жерді ай­налуы – 29 тәулік 11 сағат 49 минут, ал Жердің өз осін ай­налуы – 23 сағат 56 минут 4 секунд. Бұл цифрлардың астарын­да біз ойлағандай жылдың дәл 365 күн, айдың дәл 30 күн, тәуліктің дәл 24 сағаттан тұр­май­тындығын ұғынуға болады.

«Наурыз» неге «Амал» ме­ре­кесі деп аталған? Бұрын­ғы қа­риялар 22 наурызды «қызыл­бастың наурызы» дей­ді екен (Қызылбас – Иран, бұрынғы Парсы елінің қазіргі атауы). Қазақ халқы наурыз демей – амал деген. Қазіргі күні 14 наурызда еліміздің батыс өңірі ғана ұлыс күнін кеңінен атап өте­ді. Еліміздің өзге өңірінде бұл дәстүр ұмытылған. Әйтпесе, күллі қазақ күні кешеге дейін амал мерекесінде көрісу салтын жасап келген деген дерек бар.

Шығыс елдерінің шәмси күнтізбесі бойынша, наурыздың басталуы хамал – амал айы­ның 1 жұлдызы болып есеп­теледі. «Хамал» – Тоқты шоқжұл­дызының ескі парсыша атауы. Күн мен түн теңеліп, амал кірген сәтте Тоқты шоқжұлдызы туады. Сондықтан біздің қазақ бұл күнді «наурыз» демей «амал» деген.

Бұл қазіргі күнтізбе бойынша 14 наурызға сәйкес келе­ді. «Көрісудің» екінші атауы «Амал» болуының сыры осында жатса керек. Ал «Көрісу» деп аталып кетуі осы «Амал» мерекесінде жасалатын басты салт – көптен көрмеген бір-біріне жақын адамдардың кез­десіп, көрісуі, өкпе-ренішке бай­ла­нысты бет көріспей жүр­ген кісілердің кешірісіп, жүз­десуінен туған салт.

Маңғыстау, Атырау облыс­тарында тегіс, Батыс Қазақ­стан, Ақтөбе облыстарының кей бөлігінде аталып өтілетін бұл мерекені көршілес Ресейдің Астрахань, Саратов, Орынбор өл­кесіндегі қазақтар да, Қара­қал­пақстанның қазақтар көп қоныстанған өңірлері де тойлайды. Бұл күнді оңтүстік өңірлерде «Самарқанның көк тасы еріген күн» дейді. Шығыста және Орта­лық Қазақстанда мұны Ота­малы дейді, Жетісуда Көкек дейді. Жалпы, қалың қазаққа ең көп тараған атауы – Отамалы.

Ай мен Үркердiң қиылысып өтуiн көшпелi қазақ жұрты ежелден бері «тоғыс» деп атаған. Қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Мағауиннің шығар­масында: «Шу бойындағы төpт халықтың тоғысында жеңiсiне жол ашқан» деген сөздер бар. Халық сенімінде тоғыс – наурыз айының 14-і мен 15-і күндерi келеді. Қазақтың ырымы бо­йынша, тоғыстың алдындағы қыста қойдың құмалағы қалың қарға батса, жақсылыққа жорып, ырысты жыл болады деп жорамалдайды екен.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы еңбегінде қазақта «сегіз күндік Наурызнама өтетіні» жазылған (ескіше 1-8 наурыз, қазіргі күн­тіз­беде 14-21 наурыз аралығы).

Наурыз айындағы «Көрісу» рәсімі туралы тарихшы, этнолог Жамбыл Артықбаев былай дейді: «Көрісу» – қазақтың Наурыз мейрамының негізгі салтының бірі. Совет заманында әбден ұмытылып барып, жаңа жанданып жатыр. Қазаққа қыс мезгілі қашанда ауыр бол­­ған, тіпті ертеде түгелге жуық Сырдың бойынан бас­тап Жиделі Байсынға дейінгі аймақта қыстап отырғанда да қиналса керек. Себебі қыс қытымыр болып жатса мал ашығады, кейде көктемге қарай жаңбыр ерте жауып, не қар еріп барып қайта қатып жұт басталып кетеді... Осындай қиын­дықтардан шыққаннан кейін Наурызды қазақ қуанып қарсы алмағанда кім қарсы алады? Наурызға қазақ қуанбағанда кім қуанады? Көрісу де осыған байланысты шыққан. Қыс бойы бір-бірінің өлі-тірісін біле алмай сағынған елдің жасайтын жоралғысы. Бір-бірін құшақтап, кейде өлгендерін жоқтап, кейде тірі қалғанына шүкірлік айтып көріседі. Қазақтың әңгімелері Наурызды Нұқ пайғамбардың заманымен байланыстырады. Жер бетін топан су басқан оқиға оқырманның бәріне де бел­гілі. Нұқтың жанында Құдай­ға сенген сексен адам бар, үш ұл, үш келіні бар алты ай он күн су бетінде қалқып жүріп, өл­­дік-талдық дегенде Қазы­ғұрт тауының ұшар басына то­қ­­тапты дейді. Біреуі ата-ана­сы­нан, біреуі баласынан айырыл­ған, уайым-қайғы басқан ел осы жерде жан шақырыпты. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы Нұқтың әңгімесін баяндай келе «Кеменің Қазығұрттың басына тоқтаған күні қасиетті Мұхарам айының оны екен, жұл­дыз есебімен санағанда күн­нің Хамалдың бірінші уәжі­­біне кірген күні» дейді. Араб­­тың календары ай есебіне негіз­­дел­геннен кейін ылғи да өзгеріп отырады, дегенмен Мұха­рам айы оларда қасиетті ай, жыл­дың басы деп құрметке ие, ал жұл­дыз есебімен санасақ Хамал қазіргі уақытта Тоқты атала­ды және мартқа сәйкеседі. Осы се­бепті қазақ жерінің батыс ай­мақ­тарында Наурызды «Амал мерекесі» деп те атайды, «Амал» дегені «Хамалдан» шығады».

Қазақ халқының өзіне тән салт-дәстүрлері жеткілікті. Бі­рақ біз сол салт-дәстүрді қан­ша­­­лық­ты сақтап жүрміз? Мы­салы, «Сәукеле кигізу» деген салт бар еді. Кенесары хан­ның аға­сы Саржан төре Кіші жүз­дегі Бай­сақал байдың қызы­ның сәу­кел­есін бес жүз байтал­ға баға­лағ­ан. Ұлт жанашыры Өзбекәлі Жәнібеков өз қолымен сәукеле тіккен.

«Ат тергеу» деген жақсы дәстүр бар еді. Ұлттық болмыс бойынша әйелдер атасына, қайнағасына, қайнысы­на, қайын сіңлісіне атын атамау үшін қосымша ат қояды. Жең­гелеріміз атымызды атамай, өзіне ұнайтын ат қоятын. Адамды сыйлаудың бір үлгісі. Қазір осы жоғалды. Бадырайтып атын атау үрдіске енді.

«Араша түсу» – дауласқан, жанжалдасқан адамдарға басу айтып ажырату, сабасына түсіру. Бұрындары мұндай жанжалда ауылдың, елдің абыройлы абызы «Араша! Араша!» деп айқайлап, от шыққалы тұрған ортаға барып, ағайынға араша түскен. Қазір ағайынға араша түсер адамды таппайсыз...

Қалың мал, Құйрық бауыр асату, Киіт кигізу деген салт-дәстүр ғана сақталып, көбісі ұмытылды. Күйеуге қатысты ұрын келу, есік ашар, ентікпе, бал­дыз көрімдік, күйеу табақ, сүт­ақы, жігіт түйе, атбайлар, бо­саға аттар, сәукеле, байғазы, жең­гетай, шымылдық байлар, отау жабар, кереге көтерер, уық шан­шар, түндік жабар, үзік жабар, туыр­лық жабар, мойын тас­тау, ілу, қыз қашар, шашу, қыз көтерер, арқа жатар, қалыңдық ойнау, қол ұстатар, шаш сипа­тар, көрпе қимылдатар, ит ы­рыл­­датар, «кемпір өлді», ба­қан салар, күйеу аттандырар де­ген салт-дәстүр тек кітапта қалды.

«Құдалық белгісі – киіт, қоныс белгісі – бейіт», «Қалың­сыз қыз болса да, кәдесіз қыз болмайды» деген сөздер арагі­дік айтылатын болды. Тіпті есік-төр көрсету деген дәстүр мүл­дем бұзылды. Қазір қыз берген жақ құда шақырылмай-ақ құдаларын төрге шығаратын бол­ды... Құдалық кафеде өтетін бол­ды... Құдасының үйін көр­мегендер де жүр...

«Салт-дәстүрін ел бұзбас, уәде – сертін ер бұзбас», «Алты жыл аш болсаң да, атаңның салтын ұмытпа», «Ант бұзған оңбайды, салт бұзған сорлайды», «Саналы ел салтын сақтар» депті қазақ. Ал біз бәрін бұзып жатырмыз...

Салт-дәстүр – ұлт үшін өмір сүру заңы. Қазақ болу­дың бір жолы. Халық оны бұлжыт­пай орындайтын болған. Қазақ­тың салты мен дәстүрін құрмет­темеген, сақтамаған адамдарға айыппұл салып, жазалап та отырған.

Салт-дәстүр – мәдениет. Ұлт байлығы. Қазір біз тәуел­сіз ел болдық. Бүкіл Қазақ­стан халқы қазақ мәде­ниеті шең­берінде өмір сүруі қажет. Сол үшін де өз құндылық­тары­мызды қадірлей білгеніміз жөн.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келсек, Самарқанның көк тасы еритін, Ұлыстың ұлы күні – Күн мен Түннің теңелетін наурыз айындағы бүкіл түркі жұртының ортақ мейрамы – Жыл басы, Жаңа жылымыз, ұлттық мерекеміз – Амал немесе Көрісу мерекесін жалпыұлттық және жалпықазақтық мейрам ретінде жаппай атап өтудің уақыты жеткендей!

 

Нұртөре ЖҮСІП,

сенатор