Елімізде 1 миллионнан астам адам коронавирус бойынша тексерілді. Бұл көрсеткіш 2020 жылдың 6 қаңтарынан басталады.
«2020 жылдың 6 қаңтарынан бастап Денсаулық сақтау министрлігі мемлекеттік шекараны өткізу пункттерінде санитарлық бақылауды күшейтіп, миллионнан астам адамды тексеріп қарады. Бүгінгі күні бақылауға 30 мыңнан астам адам алынды. Инкубациялық кезеңнің аяқталуына байланысты бақылаудан азаматтардың негізгі бөлігі шығарылды. 6 474 адам әлі де бақылауда», - деді Денсаулық сақтау министрі.
Үкімет отырысында, Елжан Біртановтың айтуынша, 6 қаңтардан бастап қазіргі уақытқа дейін дене қызуы көтеріліп, жедел респираторлық-вирустық инфекциямен ауырған 186 адам ауруханаға жатқызылып, олардың 166-ы жазылып шыққан. Қалған 20 адам стационарда ем алуда. Олардан коронавирус инфекциясы табылмады.
«Сырқаттардан алынған сынамалар Ресей, Қытай және отандық өндірістің тест-жүйелерімен зерттелді. Барлық тесттер Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен валидацияланды. Осылайша, қазіргі таңда барлығы 967 адам зертханалық тексеруден өтті. Оның ішінде 544 адам Қытай Халық Республикасы мен Жапониядан келген. 423 адам коронавирус күдігімен ауруханаға жатқызылған немесе науқастармен байланыста болған», - дейді Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.
Қазіргі уақытта Үкімет резервінен қаражат бөлініп, коронавирус анықталған жағдай мен вирус таралған елдерден келген адамдарды карантинге орналастыру мақсатында медициналық ұйымдардың дайындығы қамтамасыз етіліп отыр.